• ҰЛАН
  • 06 Мамыр, 2024

Бақыттың кілті хүггеде ме?

Өткен санда әріптесім Нұрлыхан Жұмахан жазғандай, әр ай сайын кеміне бір кітап оқимыз деп келіскен едік. Мен сәуір айында Steppe&World баспасы шығарған Майк Вайкиңнің «Хүгге. Дат халқының бақытты болуының сыры» кітабын оқыдым. Кітапты бір көрген адам бұны қалай сонша ұзақ оқуға болады деп ойлауы мүмкін. Сұрақтың жауабын беру үшін кітап туралы баяндайын.

Сіз «бақыт деген не?» деп ойланып көрдіңіз бе? Бақыт қашан, қалай сезілетінін білесіз бе? Бақыттысыз ба? Бұл сұрақтар мені бұрыннан алаңдататын. Бір кездері өмірдің мәні осы бақытта шығар деп ойладым. Мүмкін солай да болар. Бақытты зерттей келе, ол сәт қана екенін түсіндім. Оны дәл сол кезде байқамауымыз мүмкін. Бірақ кейін бақыт үшін көп дүниенің керегі жоқ екенін түсінеміз. Қазір Дания әлемдегі ең бақытты елдердің қатарында екен. Себебі оларда хүгге бар. Бұл сөз өзге тілдерге аударылмайды. Десе де оны жүрек тыныштығы, дәл осы сәттен ләззат алу деп түсіндірер едім. Мен үшін нағыз хүгге жаздыгүні кешкі салқынмен балмұздақ жеу немесе ұзақ көріспеген туыстарыммен дастарқан басында отыру. Біз байқай бермейтін бақыт. Сондай-ақ, хүггенің дәмін көруге, оның иісін сезуге, естуге, ұстауға және көруге болады. Хүгге қазіргі сәттің бар жақсысын көруге, сондай-ақ бақытты сәттер тауып, оны есте сақтауға мүмкіндік береді. Кітапты оқи отыра, хүгге «ере-желерін» түртіп алдым. Сендер де бұл дүниелерге зер салып, хүггенің мәнін түсініп көріңдерші.

Қазіргі сәтпен өмір сүру

Әр кезді бағалау. Дәл осы сәттен ләззат ала білу. Хүггенің ең басты қағидасы – осы. Менің байқағаным, қазір адамдар тым қатты асығады. Болашақты ойлап, өткенді еске түсіріп, кейде өкініп не алаңдап жатады. Бірақ дәл қазір болып жатқан оқиғаларды неге бағаламаймыз? Мектеп бітіргеніме екі жыл болды. Қыста, жазда демалысқа барған сайын сыныптастарыммен, құрбыларыммен кездесемін. Жазда бұл сәт тым ерекше. Өзіміздің жиналатын жеріміз бар. Сол жерге келіп, шер тарқатамыз, жаңалықтарымызды айтамыз. Күлеміз, мұңаямыз, еркіндікті сеземіз. Кейін ол жерден шығып, күн батып бара жатқанда жәй ғана далада жүреміз. Осы кезде сыныптастарымның ортасында барынша шынайы екенімді түсі-немін. Сағыншымды да басамын. Бұл мен үшін ең бақытты хүгге-сәттің бірі. Шынында мұндай сәттер жиі болып тұрады. Тек соны байқай білейік. Ойлап отырсам, балалық шағым да хүггеге толы болыпты...

Табиғатқа жақын болу

Табиғат – Құдай жаратқан тылсым күштің бірі. Осы сөздерді жазып отырып, далада нөсерлеп жатқан жаңбырға тамсанып отырмын. Ал кеше Ұлттық кітапхана алдындағы әдемі қызғалдақтарды суретке түсіріп әлек болдым. Алматы көктемі ерекше ғой. Дала жап-жасыл түске боялады. Мұның бәрі – хүгге. Табиғатта тыныштық, жанға рақат сыйлайтын әсемдік бар. Телефонды тастап, қоршаған ортаға оралайықшы. Әр жерден сұлулық көруге болады. Ол Швейцарияның жасыл желегі, не Алматының ботаникалық бағы болсын, бәрібір. Жақында екі еселенген хүггені сезіндім. Фотожурналистика пәнінен сабақ беретін Асылхан Әбдірайым ағайымызбен тауға шықтық. Табиғатқа тамсану, суретке түсіру, достарыммен ән айту, соңында жаңа энергияға толып қайту. Бұл күн есімде ұзаққа дейін қалды. Бақыт үшін көп дүние керек емес екен ғой деген ойға келдік.

Еркіндік

Хүггенің бәрі еркіндік. Кіммен жүрсең де, қайда барсаң да, өзіңді шынайы ұстау. Себебі жаныңдағы адамдардан қысылу өзіңе жайсыздық алып келеді. Миың да, жүрегің де тыныш болмайды. Әр нәрсені қиындатып, ол туралы ойлана берудің қажеті жоқ. Бірақ шекті де ұмытпайық. Эмоцияға, миға, ойларға, сезімге де еркіндік керек. Дауысың шыққанша айқайла, тоқтамай күл, қажет болса жыла. Кейде адамдар «жыламаймын, мен мықтымын» деген қағиданы ұстанады. Жаның жай таппай тұрса, оның маңызы бар ма? Эмоцияны жасыру – өзіңді алдау. Далада күліп-ойнау мені бақытты етсе, неге өзіме шектеу қоямын?

Сүйікті ісіңмен айналысу

Бұл қағиданы маңызды деп санадым. Жұмыс істеу – күнделікті өміріміздің бөлігі. Сол жұмысты істеу арқылы күн көреміз, жаңа нәрселер үйренеміз. Таңертең ерте тұрып, өзі ұнатпайтын жұмысқа бару кімге ұнайды? Жұмыс дұрыс болмаса, қажып кетеміз. Моральдық, физикалық тұрғыдан шаршаймыз. Осы себептен де газет оқырмандарына мамандықты дұрыс таңдау туралы жиі айтамыз. Сүйікті іс жоқ жерде шабыт та, өмірге қызығушылық та, жаңа жетістік те болмайды. Өз ісіммен айналысып жүрмін бе деген сұрақты қойып тұруды ұмытпайықшы, достар! 2023 жылдың тамыз айында бұрынғы жұмысымнан кетуге бел будым. Себебі жұмысқа қызығушылық азайды. Иә, ондай да болады екен. Қызығушылықтың жоқтығы жемістің болмауына әкеліп соқты. Ал бұл мәселе көп адамның басында бар. Бәріміз болашақты ойлап, кейде шешім қабылдауға жүрексініп жатамыз. Сондықтан сендерге де болашақ үшін қазірден дұрыс мамандық таңдау туралы ойланыңдар дер едім.

Күн сайын бақытты болуға тырысу

Жоғарыда жазған қағидаларды осылай қортындылағым келеді. Бәрі өз қолымызда. Күнде сүйікті жұмысымызға барамыз ба, кешке достарымызбен жиналамыз ба, әлде үйдегі тыныштықты қалаймыз ба – таңдау тек бізде. Тіпті дәл осы кітапты оқу маған хүгге сезімін сыйлады. Суреттердің әдемілігі, автордың жазу стилі мені өзіне баурап алғандай болды. Сондықтан болар, қоштасқым келмеді. Кітапта көрсетілген хүгге манифесін сендер де біліп жүріңдер:
Атмосфера
Дәл осы сәт
Рахаттану
Теңдік
Алғыс 
Үйлесім
Комфорт
Келісім
Жақындық
Баспана
Биыл БҰҰ зерттеуі бойынша ең бақытты елдер тізімі шыққан. Дания 2-орында тұрса, Қазақстан 49-орынға тұрақтаған. Даттар аталған қағидаларды негізге алып өмір сүреді екен. Кітап авторлары көрсеткендей, Данияда өзге елдермен салыстырғанда қоғамдағы сенім, әл-ауқат пен еркіндік деңгейі жоғары. Онда жүйелі басқару мен дұрыс жұмыс істейтін азаматтық қоғам бар. Бірақ Норвегия, Швеция, Финляндия, Исландия сияқты елдерде де жағдай осындай, Солтүстік Еуропа елдері де бақытты қоғам рейтиңінде алғашқы ондыққа кіреді. Десе де Данияны бұл елдерден ерекшелеп тұратын басты дүние – хүгге. Кішкентай заттан бақыт көре алатын даттардың бақытты қоғам рейтиңінде көш бастап тұруының себебі де осы. Меніңше, Қазақстанда да бақыт көрсеткішін жоғарылатуға болады. Мен өзін тыңдайтын жастарға, сүйікті ісімен айналысып жүрген қатарластарыма сенемін. Бақытты болу өз қолымызда, соны ұмытпайық.  

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №19
07 мамыр 2024 жыл

1343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор