- ҰЛАН
- 13 Мамыр, 2024
Аукцион: өнер сегменті

Аукцион дегенге анықтама беріп жатудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, аукцион туралы да білуге тұрарлық қызықтар бар. Қазір аукциондарға онлайн қатысуға болады. Дегенмен, әлі де аукционда болған кейбір сауда-саттық әлем назарын аударатын ақпараттық материалдарға себеп болып жатады. Аукционда қандай да бір құнды затты сатып алуды жоғары деңгейдегі шоуға, қаржы және интеллектуалды жетістіктерге балайтындар да жоқ емес. Сонымен, бүгін біз нер индустриясындағы аукцион туралы, әлемге белгілі беделді аукцион үйлеріне тоқталдық.
Әлемде аукционның бірнеше түрі бар. Ең танымалы – сауда барысында баға көтерілетін ағылшын аукционы және бастапқы баға түсуі де, көтерілуі де мүмкін голланд аукционы. Өнер туындыларына қатысты барлық дерлік аукцион ағылшын типінде ұйымдастырылған. Өйткені мұнда құмарлық пен эмоция көрініс табады. Ал голландтық аукционда әдетте ұзақ сақталмайтын өнім сатылады екен. Мысалы, Нидерланд гүлдер биржасы мен Жапониядағы балық нарығында аукционның осы түрі ұйымдастырылады.
Аукционның тарихы ежелгі Римнен бастау алады деп жатады. Бірақ біз білетін, шамамен қиялымызда елестете алатын аукционның тарихын 1674 жылы құрылған Швециядағы ең үлкен Стокгольм аукцион үйімен байланыстырған жөн шығар. Осы кезеңде сәнсалтанат мәдениеті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. «Өнерсүйгіш» ақсүйектер зергерлік бұйымдарға, шараптар мен нәзік туындыларға ойланбастан көп ақша жұмсай бастады. Уақыт өте келе нумизматика, гравюра, кітаптар мен минералдардың коллекциясы сұранысқа ие болды. Сондықтан, сол уақытта пайда болған аукцион үйлері кітаптар мен гравюралар жинағын сатуға маманданған. Ал XVIII ғасырдың екінші жартысында аукцион нарығын кескіндеме коллекциясы жаулап алды.
1744 жылы Лондонда Сотбис, 1766 жылы Кристис аукцион үйлері ашылды. Ақсүйектер ортасында жақсы байланысы бар бұрынғы теңіз офицері Джеймс Кристи өзінің антикварлық бизнесін (көне бұйымдарды сату) сәтті бастады. Кристи ағылшын корольдік отбасы мүшелеріне қызмет көрсетті. Аукцион Ұлы француз революциясынан кейін жандана түсті. Британдық ақсүйектер өлім жазасына кесілген немесе қашып құтылған француз дворяндарының мүлкін асығыс-үсігіс сатып алды. Жағдайдың ретін ұтымды пайдаланған Томас Додд пен Бонхам 1793 жылы аукцион үйін ашты. 1796 жылы Кристисте жұмыс істеген Гарри Филлипс те өзінің жеке кәсіпорнын ашуға бел буды. Ол өлім жазасына кесілген патшайым Мари Антуанеттаға тиесілі болған кескіндемелерді сатумен танымал болды. Бонхам, Филипс, Кристис және Сотбис аукцион үйлері әлі күнге дейін үлкен айналымға ие жаһандық көшбасшылар. Аталған аукцион үйлерінің бас штаб пәтері Лондонда орналасқан. Осы тұста әлемдегі ең беделді аукцион үйлері туралы қысқаша біліп алайық...
Швецияда бірнеше ғасырлық үш аукцион үйі бар. Біріншісі – корольдік коллекцияларды сату арқылы әлемге танылған Bukowskis. Бұл аукцион үйі қазір Скандинавия елдерінде көшбасшы. Екіншісі – әлемдегі ең көне Стокгольм аукцион үйі. Ол тек Швецияда жұмыс істейді, бірақ әлемнің түкпір-түкпірінен келетін сатып алушылары бар. Үшіншісі – Uppsala аукцион үйі. Швейцария – өнер туындыларының әлемдік сауда орталықтарының бірі. Бұған әйгілі банк жүйесі, Еуропаның қақ ортасында орналасуы, мемлекеттің бейтарап саясаты, ыңғайлы құқықтық база ықпал етті. Мұндағы аукцион үйлері Цюрих пен Женевада шоғырланған. Жетекші аукцион үйлерінің бірі Коллер (Koller). Мәскеу, Шанхай, Пекин, Мюнхен, Дюссельдорфт сияқты қалаларда филиалы бар.
АҚШ – бейнелеу өнерінің, коллекциялық заттардың және антиквариаттың ең ірі тұтынушысы. Нью-Йорк, атап айтқанда Манхэттен – әлемдегі ең ірі аукцион орталығы. Мұнда барлық әлемдік бренд бар. Майами мен Лос-Анджелесте де ірі сауда-саттықтар өтеді. Азия құрлығындағы ірі аукцион орталығы Қытайда. Дәлірек айтсақ, Гонконг. Бұл Гонконгтің қаржы орталығы болуымен ғана емес, жылдар бойы Ұлыбританияның юрисдикциясы болуымен байланысты. Ағылшындарға аукцион брендтерінің кеңселерін ашуға қолайлы географиялық аймақ болды. Жалпы, Қытайдағы ең ірі үш аукцион үйі әлемдік ондыққа кіреді: Поли (Poly), Бейжің Коунсл (Beijing Council) және Чина Гвардиан (China Guardian).
Аукциондардағы сатылым үлкен аудиторияға қолжетімді. Біз атап өткен аукцион үйлерінде сауда-саттықты ақпараттық қолдау үшін барлық ресурстар бар. Аукциондық сауда-саттық барлығына ашық. Бүгінде олар мүмкіндігінше демократиялық сипатта. Үйден шықпай-ақ әлемнің кез келген жерінде отырып сатып ала аласыз. Мәселен, Artnet және Artsy халықаралық онлайн галереялары. Платформалар әлемнің түкпір-түкпіріндегі коллекционерлерге аукциондарға қатысуға, өнер туындыларын зерттеуге және географиялық жағдайына қарамастан нарық трендтерін бақылауға мүмкіндік береді.
Жақын арада аукционнан туынды сатып алмасаңыз да, аукционға қатысушыларға керек мына кеңестерді біле жүріңіз: Атмосфераға беріліп, ойланбастан қадам жасауға асықпау керек. Салқынқанды болу үшін лотты алдын ала зерттеңіз. Бәс тікпес бұрын тауардың жағдайын, мөлшерін, материалдарын зерттеп көріңіз. Суретші туралы, оның беделі, мансабы, өзге де туындыларын ізденіп көріңіз. Сонда сіз аукционда шамамен не сатылатынын біліп келесіз.
Аукционның ұйымдастырылуы туралы сұраңыз. Төлем және жеткізу процесі туралы алдын ала білген абзал. Мысалы, хаммердің бағасына (аукциондағы соңғы баға осылай аталады) әдетте комиссия немесе сатып алушының сыйақысы қосылады. Жалпы, өнер индустриясына қызығатын жан тек отандық емес, шетелдік тәжірибелерді бақылағанды жақсы көретіні анық. Сондықтан, бұл ақпарат оқырманға өнер сегментіндегі аукцион туралы негіз болды деп ойлаймыз.
«ТИТАНИКТЕГІ» ЕҢ БАЙ ЖОЛАУШЫНЫҢ САҒАТЫ САТЫЛДЫ
Жақында Henry Aldridge & Son аукцион үйінде «Титаник» кемесіндегі ең ауқатты жолаушыға тиесілі болған алтын қол сағат 1,46 млн долларға сатылды. Бұл тарихтағы аукциондарда жеке заттарға ұсынылған ең қымбат баға екен. Алтын қол сағат Джон Джейкоб Асторға тиесілі. Құтқарушылар оны кеме батып кеткеннен бірнеше күн өткен соң тапқан («Титаник» 1912 жылғы сәуірдің 14-нен 15-іне қараған түні батты).
Джон Астор табылғанда қолында аукционда сатылған сағат, гауһармен көмкерілген алтын жең қадауышы, қалтасында 225 фунт пен 2 440 АҚШ доллар көлемінде қағаз ақша болған. Сағатта JJA деп иесінің аты-жөні бас әріптермен жазылған. «Сағат Астордың отбасына қайтарылғаннан кейін толық реставрацияланды. Оны кейін ұлы таққан», – делінген аукцион үйі мәлімдемесінде. Henry Aldridge & Son аукцион үйі қираған кемеден табылған сағат 125–190 мың доллар шамасында бағаланады деп болжаған. Астордың Waltham брендті 14 карат алтын сағаты 75 000 доллардан бастап саудаланды. Соңында сағатты 1,46 млн долларға Америка азаматы сатып алды.
Астор «Титаниктегі» ең бай жолаушы. Сондай-ақ, сол уақыттағы әлемдегі бақуатты азаматтардың қатарында болған. Оның барлық дүние мүлкі ХХ ғасырдың басында 87 млн долларға бағаланған. Бұл қазіргі бағаммен бірнеше миллиардқа тең. Астор аяғы ауыр келіншегін соңғы құтқарушы қайыққа отырғызып жіберген. Әйелі апаттан аман қалды.
Жалпы, «Титаниктен» табылған артефактарды сату әуелден келе жатқан дәстүр. Мысалы, 2013 жылы кемеден табылған скрипка 1,4 млн долларға сатылған. Ал аспаптың қабы 450 мың долларға саудаланды. «Титаникте» табылған заттарды осынша қымбатқа сату «таңғаларлық жағдай» дейді аукционер Эндрью Алдридж. Оның айтуынша, аукциондағы бағалар атрефактардың маңызы мен жалпы «Титаник» оқиғасының адамзат баласына әрі құпия әрі қызық екенінің көрінісі.
Жазира БЕКБОЛАТОВА
«Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2024 жыл

2934 рет
көрсетілді0
пікір