• ҰЛАН
  • 13 Мамыр, 2024

Есепті шемішкеше шаққан Жан

Сүйінші! Еліміздің жас математиктері жарады! Олар Болгарияның Варна қаласында өткен 41-ші Балқан олимпиадасында (BMO – 2024) ең мықты жас математиктердің үштігіне кірді.

Алты күнге созылған Балқан түбегіндегі білім додасына 22 елден 130-дан астам оқушы қатысты. Оны Болгария Республикасының білім және ғылым министрлігі мен Болгар математиктер одағы ұйымдастырды. Ұлттық құрама қоржынына бір алтын, үш күміс және екі қола медаль түсті. Біздің оқушылар жалпы командалық есепте үшінші орынды жеңіп алды. Олардың ішінде Қостанай қаласындағы Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Жан Даутов, Алматы қаласындағы РФММ-нің 10-сынып оқушылары Әмірлан Аманжолов, Тимур Мұрат, Әмір Сахипов, Тараз қаласындағы Біліминновация лицейінің 10-сынып оқушысы Марғұлан Шарел, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Мирон Юркевич бар.

Дарындылардың ішінен оза шауып, өзінің алғырлығы мен білімпаздығымен ерекшеленген Жан Даутов бірінші орынды қанжығасына байлады. Жанды әңгімеге тартып, мықтылар додасының қалай өткені туралы сұраған едік. Әрі еліміздің математика ғылымы саласының қазіргі күйін білдік. Жан – Рудный қаласының тумасы. Жасы 17-де. Қазір Қостанай қаласындағы Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы. Бала кезінен есеп шығаруды ұнатқан.

– Расында, математикаға деген қызығушылық бала кезден басталды. Маған осы сала өте қатты ұнайды. Қызығушылығым олимпиадаларға қатысып, білім додаларында жеңімпаз болуыма себепкер болды. Олимпиадалық математика стандарттарға жегіп қоймайтынымен, арнайы шекараның болмауымен тарта түсті. Шексіз есеп мені баурап алды. Әлі күнге дейін сол шексіз математика әлемі мені жетістікке жетелеп келеді. Есеп дегенде жанымды саламын. Математикамен жүйелі түрде 13 жасымнан бастап айналысып келемін. Бұл кезең менің 7-сыныпта Білім-инновация лицейіне түсуіммен тұспа-тұс келді. Осы уақыттан бастап олимпиадаларға қатыса бастадым. Әртүрлі қызықты тақырыптарды түсіндіріп берген жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер қызығушылығымды арттыра түсті.

– Балқан олимпиадасы қалай өтті? Дайындық қашан басталды?

– Мықтылар жиналған білім додасы көңілімнен шықты. Себебі көп тәжірибе жинақтап келдім. Бұл байқау жылына бір-ақ рет болады. Мақсаты – қатысушы мүше елдердің дарынды оқушыларын ынталандыру, олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту, мүше елдердегі мектеп бағдарламалары мен тәжірибелері туралы ақпарат алмасу үшін мүмкіндіктер жасау, тәжірибе жинақтау және Ұлыбританияда өтетін математикадан халықаралық олимпиадаға (IMO) дайындау. Шынымды айтсам, Балқан олимпиадасына екі апта қалғанда ғана дайындалдым. Негізінен өзім белгілі бір олимпиадаға дайындалмаймын, жай ғана әртүрлі есептерді шығарып, математикадан білімімді жетілдіріп жүремін. Кейбір оқушылар олимпиадалар мен байқауларға қатысуды ақымақтың жұмысы деп, бағаламайды. Мен үшін бұл – жаңа көзқарас пен идея алаңы. Балқан олимпиадасы бір кезеңнен ғана тұрды. Төрт жарым сағаттың ішінде төрт есеп шығару керек. Әр тапсырмаға он ұпайдан берілді. BMO ресми тілі – ағылшын тілі. Мен барлық есепті шығара алдым. Нәтижесінде 40-тан 39-ұпай жинап, алтын медаль алдым. Бірінші есеп геометриядан болды. Оны шешімкеше шақтым. Екінші есеп стратегияны ойлап табуды қажет ететін комбинаторика тақырыбынан келді. Үшінші есеп сандар теориясы, бөлінгіштік бойынша болса, ал төртінші тапсырма...

– Халықаралық деңгей болған соң саған қиындық туғызған есептер болған шығар?

– Олимпиададағы алғашқы үш тапсырма, меніңше, жеңіл. Бірақ соңғысында, әрине, біраз ойлануыма тура келді. Шарты мен үшін ерекше болды. Әрі оның шешімі әртүрлі қадамдардан тұрды. Бұл – функционалдық теңдеу еді.

– Балқан олимпиадасынан қандай тәжірибе жинақтап келдің?

– Мен үшін беймәлім тапсырмаларды шешуден басқа, халықаралық олимпиадалардағы тәжірибе психологиялық тұрғыдан маңызды. Өйткені мұндай олимпиадаларға, атмосфераға үйренсеңіз, есепті шешу жыл өткен сайын оңайырақ бола түседі.

– Математиканы неге қиынсынады деп ойлайсың?

– Менің ойымша, көп оқушы оны түсінбегендіктен қиындата түседі. Шын мәнінде, бұл өте ұзақ процесс пен талпынысты қажет етеді. Математиканы тек формула арқылы түсіну қате. Бұл ғылым саласы тек формула деген рамкамен шектеліп қалмайды. Оны әріден ойлаған жөн. Формулаларды қалай және не үшін пайдалану керегін әрі оларды қалай шығару керегін логикалық тұрғыдан түсіну маңызды.

– Күніңнің қанша уақытын матемитикаға арнайсың? Олимпиадаға өзің дайындаласың ба?

– Дайындық уақыты жағдайға байланысты. Орташа есеппен төрт сағаттай арнаймын. Басым көпшілігінде өзім дайындаламын. Дегенмен де білімімді кеңейту үшін аптасына екі рет А.Головановпен онлайн форматта хабарласамын.

Бұл Жанның алғашқы халықаралық жеңісі емес. Осыған дейін де бірнеше рет білім додасында оза шапқан. Осы жылдың 11–13 наурызында Алматы қаласында республикалық физикаматематика мектебі базасында XXXVI Азия-Тынық мұхиты математикадан халықаралық олимпиадасы және XXІІІ математикадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы ткен болатын. Мақсаты – математика ғылымдары саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, қатысушы елдер арасындағы халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту үшін жағдай жасау. Олимпиадаларға жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық және қорытынды кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Олимпиада резервінің мүшесі атанған 155 оқушы қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік математиктер күрделі және қызықты мәселелерді шешіп қана қоймай, зара тәжірибе алмасу үшін жиналды. Қостанай облысының атынан 2024 жылғы облыстық олимпиаданың жүлдегерлері – дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицей-интернатының 4 оқушысы қатысты. Соның ішінде Қостанай қаласындағы Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Жан Даутов пен 9-сынып оқушысы Әлихан Саматов АзияТынық мұхиты математикадан халықаралық олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Әрі Жан «Жібек жолы» олимпиадасында алтын медальмен марапатталды. Одан блек Алматы қаласында ткен халықаралық Жәутіков олимпиадасында кейіпкеріміз математика пәнінен бірінші орынға ие болды.

– Жәутіков олимпиадасында математика, физика, информатика пәндері бойынша 16 елден шамамен 700-ге жуық қатысушы бағын сынаған болатын. Байқау жыл сайын шамамен қаңтарда өтеді және әртүрлі қиындықтағы 6 тапсырмадан тұрады. Мен берілген тапсырманың төртеуін орындап, 42 ұпайдың 31-ін жинадым.

– Бірнеше рет халықаралық олимпиадаға қатысып тәжірибе жинақтаған шығарсың. Оқушыларға математикадан қандай кеңестер мен лайфхактар айта аласың?

– Мен оқушылардың жиі жіберетін қатесін айтайын. Ол – уақытты дұрыс пайдаланбау. Олимпиадада қатарластарының көбі бір есепті шығарамын деп босқа уақытын құртып алады. Бұл – орасан қате. Біріншіден, адамды шаршатады. Миға тынығу қажет. Екіншіден, сен фокустың бәрін сол есепке қойып, басқа тапсырмаларға көңіл бөлмей, уақытыңды құртасың. Осылайша қажет ұпайдан айырыласың. Ал олимпиадада әр балл маңызды.

– Балалардың көбі өмірде алгебра мен геометрия сабақтары не үшін қажет деп ренжіп, ұстаздарына сұрақ қойып жатады. Жас математик ретінде сенің ойыңша бұл сабақтар қаншалықты қажет әрі білу маңызды ма?

– Әлбетте, негізгі арифметиканы білу ересек өмірде қажет. Неғұрлым күрделі тақырыптар туралы айтар болсақ, логика мен ойлауды дамытады. Сонымен қатар, көптеген мамандықта пайдалы болады: инженерия, бизнес, бағдарламалау және т.б.

– Елімізде математика ғылымы қалай дамып жатыр? Жас математик ретінде қандай жаңалық енгізер едің?

– Меніңше, біз математика бойынша әзірге жетекші елдердің қатарында емеспіз. Әлі де жұмыс істеу керек. Бірақ Қазақстанда олимпиада қозғалысы жақсы жүріп жатыр. Әр жаңа ұрпақ әртүрлі олимпиадаларда өзін көбірек көрсете бастады. Тіпті өздерінен үлкен жоғары сынып оқушыларымен бәсекелеседі. Егер мен жаңалық ашатын болсам, онда сандар теориясында өз ізімді қалдырар едім. Себебі зерттеуге көп уақыт пен күш жұмсайтын математикадағы ең сүйікті тақырыптарымның бірі.

Жанның еліміздің математика ғылымын дамытатынына сенімдіміз. Осындай дарынды әрі болашақта ғылым мен білім саласында еңбек ететін қатарластарымыздың болғаны қуантады. Кейіпкерімізден арманын сұрағанда, «Елімнің математика саласын кркейткім келеді» деген жауап естідік. Ол алдағы уақытта математика пәнін таңдап, толықтай ғылыммен айналыспақ. Әрі басқа да мамандықтарды игеру ойда барын айтты. Жан Кореядағы ғылым және технологияның озық институтынан (KAIST) грант ұтып алған. Сондай-ақ, Сингапурдағы Наньян технологиялық университеті, Гонконг университеті мен еліміздегі Қазақстан-Британ техникалық университетінен шақырту алған. Қандай оқу орнына түсемін десе де Жанға жол ашық. Осы орайда Жан мен оның жүлделі болған қатарластарын 41-ші Балқан олимпиадасына дайындаған жетекшілері PhD докторы, профессор, KBTU-дың академиялық сұрақтар жніндегі проректоры Асылбек Исахов пен математикадан республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Қанат Сатылханов сынды азаматтардың еңбегін атап ткенді жн крдік. Жанды енді математикадан Ұлыбританияда тетін халықаралық олимпиада (IMO) күтіп тұр. Сәт-сапар!

Сұқбаттасқан Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2024 жыл

3130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор