- ҰЛАН
- 08 Мамыр, 2024
TED аудармашысының саяхаты: сөзден дүниетанымға

Жаһандық коммуникацияның үнемі дамып келе жатқан ландшафтында TED Talks сансыз салалардағы өзгерістер мен инновацияларды шабыттандыратын білім шамы ретінде пайда болды. TED-тің қуатты идеяларын әлемге жеткізетін сансыз дауыстың арасында тілдер мен мәдениеттер арасындағы алшақтықты байқатпайтын тамаша аудармашы бар. Оның аты-жөні – Әбдіманап Кеңес.
TED – технология, көңіл көтеру және дизайн тақырыбын қамтитын әлемдегі ең үлкен идеялар талқыланатын алаң. Кейіпкеріміз Әдбдіманап биыл ткен TED-ке аудармашы ретінде қатысып келді.
«TED аудармашы болу – ерікті жұмыс. Біз ерікті ретінде тіркеліп, видеоларды аударамыз. Әрине, бұл жерде өзіндік қиындықтар болады, бірақ ешқандай сленгтер айтылмайды. Іріктеуде тренерлердің дайындығынан өткен спикерлер ғана сөйлейді. Мұнда әртүрлі саладағы спикерлер сөйлейтін болғандықтан және бәрі ағылшынша болған соң жаңа сөздер, жаңа тіркестердің кездесуі заңдылық», – дейді Әбдіманап.
Әбдіманап видеолардың қазақ тіліндегі транскрипциясын жасайды. Биылдан бастап аударма саласына жасанды интеллекті қосып, жаңа жоба жасап жатыр екен. Сахнада сөйлеп жатқан спикердің сөзін өзге тілге аударғанда еріндерін сол тілде сөйлеп жатқандай үйлестіріп көрсететін жоба. Бұл енді іске қосылады. Әзірге ағылшын, араб, француз тілінде сынама ретінде шыққан.
Әбдіманап Кеңес SDU-дың журналистика кафедрасын 2018 жылы бітірген. Басқа мамандықта оқып жүріп, аударма саласын қалай үйренгені туралы былай дейді: 2017 жылы тіл үйренуді бастағанда аудармаға ден қойдым. Ұстазым Асхат Еркімбай маған осындай жобаның бар екенін айтты. Сол кісінің айтуымен TED видеоларды аударуды бастадым. Бастапқыда қысқа видеоларды аударып көрдім. Кейіннен тілді үйренген соң күрделі видеоларды аудардым. Канаданың Ванкувер қаласында болғанымда бір апталық конференцияда да сөйлесу, тіл білу маңызды болды. Тіл білу көзқарасымды өзгертіп, көкжиегімді кеңейтті. «Әрине, аударуға келмейтін сөздер болады, бірақ мағынасын білген соң өз ана тілімізде нақты ғылыми идеядан ауытқымай жеткіземіз. Аударылмайтын сөздер кездескенде, аудармашылармен бірігіп отырып аударамыз. Мына сөзді, тіркесті қалай аудардыңыз деп басқа ауармашылардан сұраймыз. Жеке басым түрік, орыс тілдерінен қараймын. Бұл тілдегі аудармашылар қалай аударды екен деген қызығушылық болады. Кәсіби аудармашы емеспін. Бірақ мен мына нәрсеге сенемін: әр адамның тіл үйрену тәсілі әртүрлі болады. «Үш айда, алты айда ағылшынша сөйлеп кет» дейтіндерге сенбеймін. Алғаш тіл үйрене бастағанда мұғалімнің сауатына, тыңғылықты үйрететініне көңіл бөлдім. Ал белгілі бір дәрежеде білім алған соң өз тәсілімді тауып, басқа бағдарламамен үйренемін. Тілді тез үйренудің жолы – коммуникация құру. Ағылшынды үйренгенде тіл ережесінен тыс, көп сөйлесуге тырыстым. Мысалы, түрік тілін үйренгенде достарыммен қате болса да сөйлесе бердім», – дейді.
TED конференциясында түрлі саладағы зерттеулер мен иеялар айтылады. Кейіпкерімізден өзіне ұнаған спикерді сұрағынымызда ол ерекше әрі ұзақ зерттеу туралы айтып біраз ойландырып қойды...
«Харвард университетіндегі ересектерді зерттеу орталығының директоры жасаған спич маған қатты әсер етті. «Бақытты өмірдің сыры неде?» деген тақырыпта сөйледі. Бұл әлемдегі сексен жылға жуық үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ең ұзақ зерттеу. «Адамды бақытты ететін мына өмірде не нәрсе?» деген сұраққа жауап іздейді. Осыдан қаншама жыл бұрын университетте оқыған адамдардың өмірінен бастап зерттейді. Қазір олардың көбі дүниеден озып кеткен, бірақ олардан тараған 2 мыңнан аса баланың өмірін зерттеп келе жатыр. Олармен үздіксіз хабарласып, үйіне барып, сұқбаттасады. Ал олардың шығарған тұжырымы: «Адамды бұл өмірде бақыт-ты ететін нәрсе – жақсы қарым-қатынас» екен. Бірақ бұл да нақты емес. Зерттеу әлі жалғасып жатыр. Ешнәрсені кесіп айта алмаймын», – дейді Әбдіманап.

3259 рет
көрсетілді0
пікір