• ҰЛАН
  • 06 Мамыр, 2024

Достық даңғылындағы 15-үйде тұрған қыз...

Алматы көшелерін бойлай жүре берсеңіз көне, көздің жауын алатын, тарихқа толы ғимараттарды көзіңіз шалады. Бұл үй қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жанында орналасқан. Қасында автобус аялдамасы бар. Бірнеше рет жанынан өткенімде ғимарат маған әуелгіде кәдімгі қара-пайым үй болып көрінді. Бірақ сырын ақтара келе құнды дерек тапқандай  болдым. Жә, бұл туралы кейінірек...

Газеттің кезекті санына материал жазуға дерек іздей бергенімде мынандай қызық жәйтқа тап болдым. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың бірлесе жасаған 2024 жылғы білім беру саласындағы атаулы даталар күнтізбесінде 20 сәуір – Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл деп көрсетілген екен. Осыны басшылыққа ала отырып, қазақтың мерген қызы, Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Әлия Нұрмұхамбетқызының жақындарын іздей бастадым. Мақсатым – балаларға Әлиядай қайсар апаларының батыр бейнесін естеліктер арқылы суреттеу, батыр қыздың болмы-сын ашу. Осылайша туған жері Ақтөбе қаласындағы өз есімімен аталатын облыстық мемориалды музейге қоңырау шалдым. Музей қызметкерлері бірден Алматы қаласында тұратын қаһарман қыздың нағашы сіңлісі Бағила Әбубәкірқызының нөмірін тауып берді. Хабарласқанымда бірінші білгенім, Әлия Молдағұлованың туған күні 20 сәуір емес екен. Демек атаулы даталар күнтізбе-сіндегі бұл күн қате. Кей ақпарат көздерінде 15 мау-сым деп те берілген. Осындай батыр қыздың жеке деректеріне қатысты сұрақтарды Бағила Әбубәкірқызының өзіне сауал ретінде қойып көрдік. Үш  сағатқа созылған сұқбатымызды жүйелеп, Әлия апамыздың өмірі мен балалық шағына қатысты дерек түздік. Бала Әлия қандай еді? Оның бойындағы қайсар мінез кімнен дарыды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын бірге іздейік.

Кейіпкеріміздің жағымды, баяу сөйлеу мәнері Әлияның балалық шағына бойлап әкетті. Таныстыра өтейін. Кейіпкеріміз Бағила Әбубәкірқызы – Әлияның нағашы ағасы Әбубәкір Молда-ғұловтың кіші қызы. Осы тұста неге екеуінің тегі бірдей деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі батыр қыздың туған әкесінің тегі Сарқұлов болса, оның да фамилиясы Сарқұлова болуға тиіс еді. Әлия жетімдіктің ащы дәмін бала кезінен татты. Оның тағдыры 5 жасынан басқа арнаға ауысып, інісі Бағдат екеуі жетім қалады. Анасынан айырылады. 2002 жылдың 15 наурызындағы «Ақтөбе» газетіндегі «Сән әжейдің естелігінде» анасы туралы: «Әлияның анасы Маржан аққұба, орта бойлы, Әбубәкірге тартқан» деп баяндалған. Осы тұста анасының өліміне қатысты кей деректерде: «Маржан балаларына тамақ тауып беру үшін көрші әйелдермен картоп теруге барады. Алайда сонда күзетшінің қорқытпақ болып атқан оғынан дүние салады» делінген. Дегенмен де Бағила Әбубәкірқызы бұл деректі теріске шығарды. Айтуынша, Әлияның анасының өлімі әлі күнге дейін белгісіз. Және мүрдесінің қай жерде екені беймәлім.

Осыған қатысты кейіпкеріміз: «Әкеме өз әпкесінің өлімін естірткен кезде дереу пойызға отырып Ақтөбеге жүріп кетті. Қазіргідей тез жетіп бару деген жоқ. Бірнеше күннен кейін бір-ақ барған. Мамамның айтуынша, бұл дерек өтірік. Шын мәнісінде ненің қалай болғаны белгісіз. «Қос шынар – Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес те айтқан болатын», – дейді. Әлиядай батыр қызды тоғыз ай құрсағында көтерген батырананың әлі күнге дейін зиратының белгісіз екені көңіл құлазытады. Бұл туралы 2010 жылы Азаттық радиосы да жазған еді.

Әлия анасынан айырылып 1930 жылы туған жері Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылынан Алматыға Әбубәкірдің қолына келеді. Ал өз әкесі қайда жүрді? «Оны НВКД тергеуге шақырады. Ол түрмеге отырмас үшін бас сауғалап қашуға мәж-бүр болған», – дейді sputnik.kz. Тағдыр соқпағы осылайша Әлияны нағашы ағасының қолына табыстайды. Бағила Әбубәкірқызының айтуынша, анасы өмірінің соңында ағасына қызын аманаттап кеткен. Ол туралы кейіпкеріміз: «Әлияны Маржан тірі кезінде інісіне «Әбжан (Әбубәкірді солай атаған), мен алда-жалда бірдеңе болып кетсем, мына Ілияны тәрбиеңе алып, бауырыңа басарсың. Осы қызды оқыт» деп табыстаған. Әлия анасынан аумайтын. Ақылды, пысық болған. Анам солай дейтін еді», – деп еске алды. Ілия деп отырғанымыз – Әлия. Оның азан шақырып қойған шын есімі – Ілия (кейде Ылия). Ал елінен жырақта қатарластары оны Лия, Аня деп те атаған.  Ленинградта оның есімін журнал, табельдер мен атаулы тізімде Аня деп көрсеткен. Ал «Артектегі» тас белгіде Лия деп жазылған. Тіпті тегі де дұрыс жазылмай, Молдағұловадан Магдагуловаға ауысқан. Осылайша Әбубәкір жалғыз әпкесінің өтінішін орындап, Әлия Сарқұлова Әлия Молдағұлова атанады. Оның Әлияға қамқорлығы орасан болды.

Осы тұста батыр қыздың туған күніне байланысты әлі күнге дейін шешімі табылмай жүрген мәселеге Бағила апай өз тұжырымын айтты. «Көбі шатасып оның туған күнін 15 маусым деп жатады. Оның туған күні – 25 қазан. Қайтыс болған кезде он сегіз жас, үш ай болған. Он тоғызға да толмаған еді», – дейді кейіпкеріміз. Осыған дейінгі 20 сәуір, 15 маусым деген деректердің қате екенін жеткізді. 

Бағила Әбубәкірқызының әкесі кезінде Москва, Ленинград қалаларында жоғары әскери білім алған сауатты жастардың қатарынан еді. Жұбайы Сән екеуі Ермек, Роза (Күләш), Макс, Сапар, Бағила есімді ұл-қыз тәрбиеледі. Бағила апа Алматыға келген Әлияның есею жылдарын былайша суреттеді: «Мама-папам Ақтөбеде тұрды. Кейін Әулиеатаға (қазіргі Тараз) көшті. Онда бас комендант болып істеді. Сосын отызыншы жылы Алматыға жіберді. Достық (кезіндегі Ленин) көшесінің бойындағы он бесінші үйдің екі бөлмелі пәтерінде тұрды...».

Осы естелік біздің бағыты-мызды аталған ғимаратқа бұрды. Жақыннан тану үшін Әлия тұрған үйге жолға шықтық. Материал басында жазып өткеніміздей батыр қыздың үш жылдай тұрған үйі 28 гвар-дияшыл-панфиловшылар саябағының маңындағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қасында орналасқан. Қазір бұл ғимарат С.Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы. Кейіпкеріміз Әлияның Ленин көшесінің бойындағы арықтарда ойнайтынын айтты. Әрі қарай: «Алматыға көшкен жылы Әлияны алып келді. Әкем бір жыл бойы оған орыс тілін үйретті. Әбубәкір барлығын біліп отырған. Орысшаға үйрете отырып, болашағын әріден ойлаған. 1933 жылы Әулиеатаға көшеді. Анам Әлия мен Сапураға бірдей етіп ақ кофта, қара юбка тігіп берді. Әулиеатада тек 3-4 ай ғана тұрып, 1934 жылы әкем Мәскеудегі әскери-транспорт академиясына оқуға түседі. Анамның айтуынша, осында Әлия екінші сыныпқа барады, ал мектеп табалдырығын алғаш Таразда аттаған. Сабағын беске оқиды. Мектеп кезінен өте алғыр оқушы болған екен. Барлығына қатысып, тіпті сыныптың көшбасшысы болған. Әкем кейін академияның ауысуына байланысты тағы да қоныс аударып, енді Ленинградқа табан тірейді. Бұл 1939 жыл болатын. Осында Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке барады. Ол ең алғаш осы лагерьге барған тұңғыш қазақ қызы. Лагерьге баратыны туралы анама айтқанда қатты қуаныпты. Ол лагерьге  оқудағы озат және үлгілі тәртібі үшін жіберілді. Айпақшы, кесте тігуді жақсы көрген. Анам «Жеңеше, кесте тігуді үйрендім» деп қуанып келетінін айтатын. Оны анамнан үйренді. Осы уақытта менің бауырларым Роза, Макс дүниеге келеді. Кейін 1941 жылы Сапар дүние есігін ашады. Сонда ойлаңызшы, бір отбасында осынша бала тұрды. Сапура мен Әлияның арасы бір жас. Тете, құрдас болатын. Анамның айтуынша, Әлия кішкентай кезінен өте пысық болатын. Не керек соған қол жеткізетін. Барлығын алдын ала жоспарлап қоятын», – деп сөзін жалғады. Бағила апайдың Сапура деп отырғаны әкесінің қарындасы. Ол туралы: «Әлия анамды жеңеше деп жақсы көретін. Әкемнің қолында 1924 жылғы Сапура деген қарындасы тұрды. Әкемнің әкесі, яғни атам Молдағұл 1913 жылы қайтыс болды. Сол жылы папам он жаста еді. Ал анасы, яғни апам әкемнің бес жасында қайтыс болған», – деп баяндайды.

Сапура мен Әлияның алдында үлкен таңдау тұрады. Әбубәкір қыздардың бірін үйінің жанындағы мектеп-интернатқа беру туралы шешім қабылдайды. Сонда Әлия интер-натқа оқуға түседі. «1941 жылы әкем академияны бітіріп, Ташкентке шақырту алып, сол жаққа кетеді. Олар ол кезде соғыстың басталатынын білмейді. Анамның Сапарға аяғы ауыр. Қырық бірінші жылдың 22 маусымында сыртта кісілер жиналып тұр екен. Олар жер үйдің бірінші қабатында тұрған. Әлия сонда жүгіріп келіп «Жеңеше, соғыс басталды» депті. Сонда анам жылап, не істерін білмейді. Бұл анамның тірі кезінде айтып кеткен естеліктері. Әкем Ташкентке кетіп қалған. Содан кейін қоңырау шалып, келе алмайтынын хабарлайды. «Не де болса өзің келерсің» деп пойыздың бірінші эшелонымен жолға шығуға тапсырма береді. Соғыс басталысымен Әлия: «Жеңеше, академияға барып елге қайтуға арыз берейік» деп анамды ертіп алыпты. Өзі барлық жермен сөйлесіп, елге кетуге дайындалған. Әбубәкір жолдасы Саша Алексеевке телеграмма жіберіп, отбасының эвакуация жасауына көмек беруін сұрайды. Ол кезде адамдарға арналған пойыз жоқ. Ленинград пен Мәскеу, Мәскеуден Ташкент арасында бір ай жүріп келген. Соғыс уақыты өте ауыр еді. Мамамның сүті тартылып қалады. Сонда орыстың әйелдері пішінәсін беріп, мәрліге орап баланың аузына тосқан екен», – деп Бағила Әбубәкірқызы соғыстың алғашқы жылдарын еске алды.

Дәл осы кезде интернатта оқып жүрген Әлия Ленинградта қалып қояды. Ол кезді кейіпкеріміз былай еске алады: «Әлия басында барамын деп уәде беріп жүрген. Бірақ пойыз жүретін кезде: «Жеңеше, мен Ленинградта қаламын, оқуымды бітіремін. Қажет болса Ленинградты жаудан қорғаймын. Әбубәкір ағама түсіндіріп айт, ренжімесін. Елде амандықпен кездесейік» деп қалып қойған. «Ағаң маған «неге тастап кеттің» деп ұрсады ғой. Бізбен жүр» дегенді тыңдамаған. Анам жылап, пойыз жүріп кетеді. Әкем Әлияның екі рет іздеп барды. Алдымен әскери адам болғандықтан оны табу бойынша сұраныс жібереді. Бірнеше айдан кейін телеграмма келеді. Соны алып Әлияға барады».

Әлия бірнеше рет оқу орнын ауыстырды. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі. Осы жылдың 18 желтоқсанында аудандық әскери комисса-риаттың жолдамасымен Мәскеудегі мерген қыздарды даярлайтын орталық мектепке қабылданады. Әбубәкір 1943 жылы сонда Әлияны іздеп барады. Бұл нағашы ағасы мен жиенінің соңғы кездесуі еді. Әлия мен Әбубәкір кездескенде батыр қыз: «Нағашы, мен сіздерді сағындым» деп құшақтап жылап тұрған екен. Сонда Бағила апайдың әкесі: «Мен сені алып кету үшін келдім. Бастықтармен барлығын сөйлесіп қойдым. Сені жібереді. Алатын заттарың болса жина, кетеміз. Сені қалдырмаймын» дегенде, Әлия: «Жоқ, жақында соғыс бітеді. Мен кейін қайта-мын» деді. Алайда қанша көндіргенімен Әлия өз Отанын жау-дан қорқау үшін қала берген екен...

Ефрейтор Әлия Молдағұлова 1943 жылы снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін сәтті аяқтап, тамыз айында майданға аттанды. 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болды. Ұрыста бірнеше рет қанды майданның ішінде ерекше көзге түсті. Қайсар да батыр мінезінің арқасында қазақтың ұлы қыздарының қатарына кірді. Небәрі он сегіз жасар қыздың бойындағы рух кімнен дарыды? Оның еліне деген сүйіспеншілігі қайдан пайда болды? Бұл сауалды Бағила Әбубәкірқызына қойып көрдік. «Әкем Әлияның бойынан бір күшті көрді. Әбубәкір мен Әлияның болмысы бір-біріне сай келген. Ардақты әкем болмаса Әлия біздің қазіргі батыр қызымыз болмас па еді... Ауылдан қалаға келгенде бір ауыз орысша білмеген. Сонда ағасының арқасында бір жылда орыс тілін үйреніп шығады. Бұл оның мінезді болғанын көрсетеді. Көп қыз  мұндай қайсарлықты көрсете алмас еді. Әлия осындай қашықтықта өзі жалғыз жүрді. Әкеміз өз елін сүйді. Бұл адалдық нағасышысынан дарыды. Әкем шынайы, тік мінезді болған. Оның бойындағы бұл қасиеттері Әлияға ұқсады. Қолына өзінің бойынан ұзын снайперді ұстап, жауға қарсы оқ ату кез келген қыздың қолынан келе бермейді. Осындай батылдық Отанға деген сүйіспеншілікпен келді. Снаперші болу үшін сақтық пен үлкен тәжірибе керек. Отан алдындағы ішкі борыш оның атын тарихта қалдырды. Былай қарасаңыз, сол кезде Әлия тыныш қана үйге қайтып келуіне болар еді. Бірақ ол жерін қорғады. Бұл – патриоттық сезімнің шыңы». Расымен де, өз еліне деген сүйіспеншілік оның бойынан табылды. «Әлия тірі болғанда өте әділ болатын еді» деп көзіне жас алды Бағила Әбубәкірқызы.

«Шығыстың қос жұлдызы-ның» бірі Әлия Молдағұлова-ның туғанына биыл ғасыр толмақ. Оның батырлығы мен қайсарлығы халқының жадында. «Сапураға Әлиядан хат келіп тұрды. Маған оқып беретін. Әлияның соғыста қайтыс болғанын Алтықарасуда естідім. Әлия тіл алғыш, мінезі салмақты, оқуға ынталы болды, өз айт-қанын істейтін қайсар еді... Тірі болғанымда менімен өкшелес әже болып, биыл 77 жасқа толатын Әлиям менің көз алдымда, халықтың жадында тұлымшағы желбіреген жас күйінде мәңгілікке қалды», – деп Сән әже өзінің 90 жас мерейтойында еске алған екен. Осы сөздердегі оның тұлымшағы желбіреген жас күйіндегі келбеті талай жанның ішіндегі батылдықты оятады. «Батыр қызымыздың «Алтын жұлдызы» мен Ленин орденін елге қайтару мәсе-лесін көтеру керек» дейді Бағила Әбубәкірқызы. Себебі қазақ еліне тиесілі дерек пен бұйым біздің тарихта жазылып, бізде сақталғаны дұрыс.

Беттерді дайындаған 
Олжас ПАВЛИК 
Суреттер Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық  мемориалды музейі мен

Бағила Әбубәкірқызының жеке қорынан

«Ұлан» газеті, №19
07 мамыр 2024 жыл

1367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор