• ҰЛАН
  • 26 Сәуір, 2024

Енді аудиторияда газет, кітапша шығаруға болады

Естеріңде болса, наурыз айында Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен «Тастүлек» байқауының жеңімпаздарын анықтаған едік. Бір айдан соң, 24 наурыз күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын зерттеу мен талдауға және баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Қазақстандағы баспа ісі және Зейнолла Сәніктің баспагерлік, редакторлық қыры» атты республикалық конференция өтті. Конференция туралы айтпас бұрын жазушы шығармашылығына тоқталайын.

Зейнолла Мүбәракұлы – көрнекті жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы. Саналы ғұмырын ұлт руханиятына, баспагерлік пен шығармашылыққа арнаған қадірлі қаламгердің «Тау жұлдызы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қаракерей Қабанбай» сынды кітаптары бар. Конференция басталмас бұрын Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік – редакторлық орталық ашылды. Кабинет қазақы нақышта, заманауи стильде, жаңа жиһаздармен жабдықталған. Баспа ісі мамандығында білім алатын студенттер үшін арнайы принтер орнатылған. Тіпті бұрын бұл кабинет қандай болып еді деп қаласың...

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Зейнолла Сәніктің отбасы, әріптестері, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушыпрофессорлары, белгілі баспагерлер, дизайнерлер, студенттер қатысты. Олардың арасында ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, күйші Секен Тұрысбек, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Думан Анаш бар. Ақын, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Әкірамұлы ісшара туралы былай дейді:

«Жазушы, баспагер Зейнолла Сәнік 40 жыл бойы саналы ғұмырын баспа саласына арнаған. Журналистика факультетінде баспа ісі бойынша білім алып жатқан шәкірттерге орталықтың көп көмегі тиеді деп сенеміз. Баспа ісімен айналысамын, тәжірибе жинаймын деген студенттерге барлық құрал-жабдық қойылған. Аудиторияның ішінде бірден газет, кітапшалар шығару мүмкіндігі пайда болды. Қор 2018 жылы құрылғаннан бері ұлт руханиятына, қазақ әдебиетінің өнеріне, мәдениетіне қолдау көрсетіп келе жатыр. Зейнолла Сәнікті насихаттап жүрген шәкірттерге, ғылыми жұмыс жазған студенттерге шәкіртақы тағайындалады. Талантты жас ақын-жазушыларды да қолдап келеміз».

Қонақтар, жазушының көзін көрген қоғам қайраткерлері естеліктер айтып, Зейнолла атамыздың қазақ әдебиетіне, фольклорына қосқан үлесі туралы баяндады. Жаңа аудиторияның ашылуына сыйлықтар да келіп жатты. «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы 218-аудиторияға 100 кітап сыйлауға уәде етті. Бұл жаңалыққа кітапқұмар студент ретінде мен де қуандым. Іс-шара соңында «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындысы шықты. Қор мүшелері барлық қатысушының өнерін бағалап, әрқайсына ақшалай сыйлық берді. Бұл жас ғалымдар мен дизайнерлерге ерекше қуаныш пен ынта сыйлағаны анық. Ал біз оқушылар мен студенттердің шығармашылығын бағалайтын байқаулар арта берсін деп тілейміз.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

Суретті түсірген Марат ЖҮНІСБЕКОВ

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2024 жыл

1139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор