• ҰЛАН
  • 23 Сәуір, 2024

Биыл қандай жаңа мамандық қосылды?

Әпкемнің қызы 10-сыныпты бітіреді. Әкесі де, шешесі де мұғалім. «Орыс тілін таңдаймын» деп олимпиадаға барып, жеңімпаз боп жүретін. «Әпке, мен педагогика емес, криптология бөлімін таңдайтын болдым. Бұл жаңа мамандық, жұмыс көп» деп ақыл сұрады. Әлеуметтік желіден жаңа мамандық туралы ақпарат іздедім. Оқушылар «Жанымнұр Сәкенқызынан кеңес ал» деп бір-біріне пікір қалдырыпты. Кәсіби профориентолог Жанымнұрмен сйлесіп, парақшасын (zhanymnur_sakenqyzy) оқыған едім. ҰБТ-ға, мамандық таңдауға қатысты көп ақпарат берді.

«Ата-аналар мен оқушылардың ең жиі қайталайтын қателігі бар. Ең алдымен мамандық емес, бейіндік пәнді таңдайды. Бұл дұрыс емес. Бірінші мамандық таңдау керек. ҰБТ-ға дайындықты бейіндік пәндерді таңдаудан емес, мамандық таңдаудан бастаған жөн. Содан кейін «осы мамандыққа түсу үшін қандай бейіндік пән таңдау керек?» деген сұраққа жауап бересіз. Егер бейіндік пәндерді таңдап қойса, санаулы мамандыққа тапсыру мүмкіндігі болады. Оның ішінде оқушыға ұнайтын мамандық болмауы мүмкін.

Жоғары оқу орнын таңдағанда ескеретін 4 ереже бар:

1. Таңдаған мамандығыңыз бойынша кәсіби, сапалы білім беруі.

2. ЖОО қанша балдан бастап қабылдайтынын зерттеу.

3. Жатақханасы бар ма? Жақын орналасқан ба? Жылына қанша теңге төлейді?

4. Ер балаларға әскери кафедрасы бар ма?

2024–2025 оқу жылына жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы – 78 219 грант. Оның ішінде: Педагогика ғылымдары – 13 735 грант;

– Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар –10 903;

– Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 19 344.

– Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 8288;

– Ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2673;

– Өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1765;

– Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1185;

– Бизнес, басқару және құқық – 1323.

Сондай-ақ, үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастарын оқытуға мемлекеттік тапсырыс бөлінді:

– Педагогика ғылымдары – 2513;

– Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 384;

– Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 934;

– Ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 72;

– Шетелдік азаматтарды халықаралық келісімдер бойынша оқытуға – 365.

– Медицинаға бөлінген жалпы грант саны – 1457.

  • АМУ – 389 грант.
  • Асфендияров атындағы ҚазҰМУ – 180 грант.
  • Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – 40 грант.

Сондай-ақ мына университеттерге ортақ 848 грант бөлінген:

– М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті;

– Қарағанды медицина университеті;

– Семей медицина университеті;

– Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы;

– Қазақстан-Ресей медицина университеті.

ШЕКТІ БАЛЛ – 100

Биыл бірнеше жаңа мамандық қосылған. Алғаш рет алғашқы әскери дайындық мамандығына 86 грант беріледі. Құқық және экономика негіздері мұғалімдерін даярлау деген жаңа мамандыққа 100 грант бөлінеді. Бұл мамандық бойынша колледж, университетте, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге болады. Әрі қарай магистратура оқыса, дипломатия, саясаттану, менеджмент саласын меңгерсе, мүмкіндік көп. Информатика-математика пәнін таңдаған оқушыларға жақсы жаңалық. Криптология деген жаңа мамандық қосылды. Ақпараттық қауіпсіздік мамандығына ұқсайды. Құпия кодтар мен сандарды оқып, жазады (шифровальщик).

Оқу орындары грантқа түсу үшін шекті балды көтерді. Мысалы, Narxoz университетінде былтыр Әлеуметтану, Психология, Туризм, Әлеуметтік жұмыс, Мейрамхана ісі және мейрамхана бизнесі мамандықтарына шекті балл – 60 болса, биыл – 100 балл. Аудит және салық салу, Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі, Маркетиң және жарнама, Математика және статистика мамандығына түсу үшін 100 балл жинау керек. Ақпараттық технологиялар бөліміне – 105 балл. Мақсұт Нәрікбаев университетіне грант конкурсына қатысу үшін шекті балл – 120, тек аударма ісі мамандығына – 125. Бұл грантқа түсу емес, грант конкурсына қатысу балы.

МАТЕМАТИКАЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ТАПСЫРМАЙДЫ

Бұл шығармашылық емтихан тапсыратын түлектерге қатысты. Пәндері бұрынғыдай қалады. Оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәндерінен ғана емтихан тапсырады. Математикалық сауаттылық болмайды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сараланған грант туралы айтқан болатын. «Біз сараланған гранттар моделіне көшеміз. Бұл 30 пайыздан 100 пайызға дейін. Неліктен маңызды? Біріншіден, біз толыққанды немесе осал топтардан, ауылдық жерлерден шыққан балалардың бәрін оқу грантымен қамтамасыз ете алмаймыз. Екіншіден, ҰБТ-дан 120 балл алған, 75 балл иеленген, тіпті 50 балл алған оқушылардың гранты біркелкі бір грант болады. Сол себепті қазір жұмыс тобы құрылып, сараланған грант моделін пысықтап жатырмыз. Мәселен, АҚШ немесе Еуропа елдерінде дарынды бала грантты сөзсіз 100 пайыз иеленеді. Алайда әр отбасының әлеуметтік жағдайына зер салып, үздік жоғары оқу орындары жеңілдік жасайды. Яғни, гранттарды саралап, бөлшектеп, 30–40 пайызға бөліп береді. Міне, осы модельді мұқият қарастырып жатырмыз. Оның негізгі мақсаты демографиялық толқынды алдын ала ескеріп, жоғары білімге қолжетімді тетіктерді пысықтау», – деген еді. Сараланған грант тиімді ме? Жауапты оқушыларға қалдырайық.

ПЕДКВОТАДА ҮМІТ КӨП

Педагогикалық квота барлық мұғалім мамандығына бөлінеді. Бірақ Астана мен Алматыдағы оқу орындарына берілмейді. Аймақтық университеттерге бөлінген гранттарды педагогикалық квота деп айтамыз. Педквотаның басқа квота мен гранттардан айырмашылығы қандай? Бұл ең бірінші тек мұғалім мамандығына бөлінеді. Астана мен Алматыға педквотамен оқуға түсе алмайды. Университетті ауыстыра алмайды. Мысалы, жалпы грант конкурспен университеттегі грантты сақтап ауысуға болады. Ал педквотамен түскен болсаңыз, онда грантты сақтап ауысу мүмкін емес. Шәкіртақыны жалпы конкурспен бірдей алады. Ең үлкен айырмашылығы – жалпы конкурсқа қарағанда педквотаның грантқа түсу балы төмен. Сондықтан, егер төмен балл жинасаңыз және педагогикалық мамандық таңдап отырсаңыз, онда грант үшін педквотамен тапсыруды ұсынамын. Грант конкурсы кезінде кім бірінші құжат тапсырса, сол бірінші болады деген пікір бар.

Грант конкурсы 13–20 шілде аралығында өтеді. Осы бір аптада Қазақстанның барлық өңірінен грантқа тапсыратын оқушылардың құжаттары жиналады. Грант конкурсы аяқталғаннан кейін ҰБТ-да жинаған балына, квотасына қарай грант үйлестіреді. Баланың қай уақытта құжат тапсырғаны конкурсқа мүлдем әсер етпейді.

Дайындаған Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2024 жыл

1076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор