• ІТ және инновация
  • 11 Наурыз, 2024

Google-ға таныс арқылы жұмысқа тұруға болады

Google-да жұмыс істеу кімге болсын үлкен жетістік. Интернетте әлемдегі ең үлкен инновациялық компаниялардың бірінде жұмысқа орналасу туралы кеңестердің арасында Google-да жұмыс істеу туралы қазақша ақпарат жоқтың қасы. Жақында Google-да жұмыс істейтін Аман Өтемұрат Алматыға келіп, Alatau creative HUB-та кездесу өткізді.  Бұл мақалада Аманның әңгімесі арқылы үміткерлерге Google есігін ашуға көмектесетін жоспар мен дайындық туралы баяндаймыз. Түйіндеме жазудан бастап, сұқбат кезінде өзін қалай көрсету керек екеніне  жан-жақты нұсқаулық болады деген ойдамын.

Аман төрт жылдан бері Швецарияның Цюрих қаласындағы Google компаниясының бөлімшесінде жұмыс істейді. Шымкент қаласындағы қарапайым №9 мектепте оқыған. Оқушы кезінде ешқандай математика, информатика пәндерінен олимпиадаға қатыспаған. Тіпті «Алтын белгіні» де алмаған. Мектеп кезінде 8 жылын спортқа арнаған Аман сабаққа қашып-пысып қатысқанын да жасырмады.  ҰБТ  тапсырып, Алматыдағы Халықаралық IT университетіне оқуға түскен. Екі жыл  магистратураны да оқыпты.

«Google-да жұмыс істеуге әр адам әртүрлі жолмен келеді. Мен тек өз жолымды, өзім көрген нәрсені ғана айтамын. Университетте оқып жүргенімде түрлі стартап жобалар жасап, хакатондарға қатыстым. Бұл адамды ширатады. Аз уақытта білмегеніңді сол сәтте игеріп алуға көмектесетін жақсы конкурстың түрі», – дейді.

Алғашқыда Аман қазақстандық банктердің біріне жұмысқа орналасады. Бірақ онда білімін көрсететіндей перспектива болмаған соң, шетелдік компа-нияларда жұмыс істеуді ойлап жүреді. Сөйтіп жүргенінде Аманды Booking компаниясы жұмысқа шақырады. Кейіпкері-міз осылайша бірінші рет шетелге аттанады. Бұл уақытта Қазақстанда айти технологиясы мықты дамыған, бәсекелестігі бар компания жоқтың қасы еді. Қазір біліміңді көрсету үшін міндетті түрде шетелге бару қажет емес. Себебі өзімізде де қолыңнан келетін істі дәлелдеуге болатын үлкен компаниялар жетерлік.

«Шетелдік компанияда жұмыс істеймін деген адамға  ағылшын тілі өте маңызды. Басыңыз бәріне жетіп тұрса да, тіл білмесеңіз, сізді ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан ағылшынды жақсылап үйреніп алу керек», –дейді Аман.

Аман шетелде ең алғаш бразилиялық досымен бірге пәтер жалдап тұрған. Бірінші күні үйге көшіп келгенде, досы бөлмеде аяқкиіммен, ал Аман жалаң-аяқ жүріпті. «Аяқкиіміңді шешіп жүрсейші десем, қарсыласады. Өмір бойы үйде осылай жүрмін деп қоймайды. Кейін екеуміз ортақ шешімге келіп, бөлмеде үй ішінде киетін тәпішке киіп жүретін болдық», – дейді Аман. Бұл әр ұлттың мәдени менталитетіне байланысты. Осылайша кейіпкеріміз алғаш рет мәдени шок алып, бірте-бірте өзге ұлттармен дұрыс коммуникация құруды да үйреніпті. Аман шетелдік адамдар ортасына үйренісу үшін «Ол қауымдастыққа ашық болып, оның да ұстанымдарына құрметпен қарау керек. Тіліне, дініне қарап алалап, бөлінуге болмайды. Тіпті өз ұстанымыңызды дұрыс деп ұғып, оны өзгеге насихаттау да қате. Миыңыздағы таптаурындарды бұзып, осылайша ортаға үйренісесіз», – дейді.

«Қай тілді таңдаймын?»

Booking комапаниясы ең қарапайым PEARL деген тілде жазылған. Бұл технологияда өте ескі тіл. Қазіргі бағдарлама-лау тілдерінің  статистикасына қарасақ, PEARL әлі де қолданылады екен. Аманға көп қойылатын сұрақтың бірі «Қай тілді таңдаймын?».

«Саяхаттағанда қонақүйлерді жалға алу бойынша жұмыс істейтін компания – Booking.  Бірінші орында тұрған алып компанияның өзі әліге дейін осы ескі тілде жазылады. Бұл сіздің қаншалықты тілді жетік мең-гергеніңізге байланысты. Егер сіз бағдарламашы болсаңыз, қай тілді таңдаймын деп басыңыз қатып жүрсе, сарт еткізіп біреуін таңдай салыңыз. Сол тілді бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген әлдеқайда дұрыс», – дейді Аман.

Қатемен жұмысты қалай істеу керек?

Leetcode.com деген сайт бар. Бұл сайтта әртүрлі код құрстырып, пост жазуға болады. Аман осы сайт арқылы өте қысқа етіп код жазуға тырысқан. Бірінші жазбасында 20–30 сөйлем қолданатын болса, 50-ші жазбасында екі-үш-ақ сөйлеммен жазған. Осының арқасында адамдардың өмірде сөйлеу мәнері де өзгереді екен.

«Осылай есептердің бір ғана жауабын емес, түрлі нұсқадағы шешімін де тауып үйренетін болдым. Қатемен жұмыс істеп болған соң дайындыққа көшеміз. Дайын болсаңыз, резюме жазып компанияларға тапсырыңыз. Өтпесеңіз, қайтадан қатемен жұмыс істеп дайындаласыз. Codeforces.com, acmp.ru, hackerrank.com, interviewbit.com, e-max.ru/algo, leetcode.com деген сайттар арқылы дайындалып көрсеңіздер болады», –дейді Аман.

Google-да жұмыс істеудің артықшылығы

Техникалық, практикалық білім жинайсыз, әрбір жазылған код терең зерттеледі. Аман алғаш Google-да жұмыс істеп жүргенде оған Java тілінде орындалатын тапсырманы берген. 90 қатардан тұратын код жазып шығады. Тапсырмасын тексеруге жібергенде қаншама пікір естіп, сынға қалады. Себебі код қысқа әрі көзге де әдемі көрінуі керек екен. Солай Аман 90 қатарлы кодын 20 қатарлы код етіп жасапты.

«Google-дың табалдырығынан аттап өткен соң әрі қарай бәрі тегін. Таңғы астан кешкі асқа дейін  дайын. Қызық статистика бар. Google-да алғашқы жұмыс істеп жүрген 6 айдың ішінде әр адам шамамен 7 кг салмақ қосады. Содан тола бастаған адамдар әрі қарай тағы да тегін жаттығу залына барып арықтай бастайды. Бұдан бөлек компания қызметкерлеріне түрлі техникалық конференцияларға баруды, онлайн курстар оқумен қатар, түрлі кітаптарды, ойын алаңдарын тегін ұсынады», – дейді кейіпкеріміз.

Аман Google-да жұмыс істеуге 5 жыл дайындалған. Ол бұны жүгірудегі спринт, марафон секілді екіге бөледі. «Өмір – 100 метрге жүгіре салатын спринт емес. Өмір – ұзақ, болашағыңды ойлайтын марафон  сияқты. Ал сіз марафонға дайындаласыз, жәймен жүгіріп өтесіз. Жұмысқа тұру да дәл солай. Бірінші әртүрлі сайттардағы есептерді шығарып үйреніңіз, жүйе дизайнын жасап көріңіз, біліміңізді жетілдіретін әртүрлі мақала оқыңыз.  Өзім сайттарды қопарып, ескі ақпараттарды да оқи беретінмін. Мұның пайдасы көп тиді. Сосын жұмысқа тұруға түйіндеме тапсырасыз. Жұмысқа орналасу екі бөліктен тұрады.  Бірінші түйіндемені дайындайсыз, сосын жұмыс істегіңіз келетін компаниядан таныс іздейсіз. Біздің менталитеттегі сияқты бұ жақта да бәрі «таныспен».  Көшеде кетіп бара жатқан біреуден гөрі, мен барып: «Мына жігітті жұмысқа алсаңыздар  болады, мен оны танимын» десем, компания сенімдірек болады. Егер менің ұсынысыммен жұмысқа алып жатса, компания сіз туралы менен көбірек ақпарат сұрайды. Сол сәтте қосымша ақпарат бере аламын. Таныс арқылы жұмысқа алу жақсы жұмыс күшінің болуына көмектеседі. Жұмысқа тұра алмай қалсаңыз сізге міндетті түрде кері байланыс береді. Ал кері байланыс бермесе, өз ішіңізден де сезіп тұрасыз. Сұқбатта қойған сұрақты есіңізге түсіріп, жазып алып, қатемен жұмыс істеңіз. Жұмысқа қабылданбай қалудан ешқашан қорықпаңыз. Мен Booking компаниясына екінші рет резюме жібергенде қабылданғанмын», – дейді. Аманның айтуынша, Booking оған берген тапсырмадағы шешімнің тағы өзге жолын таппай, бір ғана шешімді ұсыныпты. Сөйтсе компанияға мәселенің шешімі емес, сол тақырыпта әңгімелесу керек болыпты. «Компанияларға жәй ғана код жазып беретін адам керек емес. Оларға мәселені жан-жақты қарастырып, идея, түрлі шешімдер ұсынатын адам керек», – дейді Аман.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2024 жыл

1823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор