• ІТ және инновация
  • 27 Қаңтар, 2024

Калифорния құртын өсіреді

Қалқаман Еркінді ауылдың бәрі таниды. Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Арнасай мектебінде 8-сыныпта оқиды. Атасы екеуі Калифорния шылаушынын өсіріп, биошірінді (биогумус) алады.

«Шылаушын өсіру өте қызық. Егіннің бітік шығуына көмектеседі. Баптау түк қиын емес. Сәбіз, қызанақ сынды көкөніс қалдығын беремін. Олар қомағай. Өңделген және еленген биошіріндіні атыздарға жаямыз. Мысалы, биыл шылаушынның көмегімен 48 қап картоп алдық. Шылаушынды ұзақ уақыт бақыладым. Олардың өмірі – адамға көмек беру. Он күн жемсіз өмір сүре алады. Жеміс қалдығын уақытында салсаң тез көбейеді. Көршілер екі арба биошірінді алып, алғыс айтты. Атам қыста бөшкеге салып, үстіне жеміс қабықтарын қояды. Жазда біреуін бөлек ыдысқа салсаң, тез көбейеді. Атам балық аулайды. Сыныптастарыммен балыққа барғанда бәрі «құрт алып шықшы» деп өтінеді. Сосын тауықтың балапанына берсе, бойы өседі. Жерді биошірінді арқылы құнарландыру өте тиімді. Біздің бақшаның жері құнарсыз болатын. Жемістің мол түсуіне көмектесті. Бүкіл ауыл қолданса, көк мол болар еді. Бұл – таза табиғи тыңайтқыш. Малдың тезегінің қышқылын азайту үшін шылаушынға береміз. Тыңайтқыш одан сайын құнарлы болады. Өңделмеген тезек егістікті күйдіріп жібереді екен», – дейді Қалқаман.

Ол шылаушын бағуды математика пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Әбдина апайынан үйреніпті. Апай тыңайтқыш алуды 2015 жылдан бері зерттепті. Топырақ құнарын арттыру үшін калифорниялық құрттар сатып алып, мектеп ауласын бақшаға айналдырыпты. Бұрыш, қырыққабат өсіру үшін тоғыз қап биошірінді дайындапты. Мектеп асханасына керекті көкөністерді оқушылардың өздері өсіреді екен.

– Ұзақ жылдық тәжірибесі бар математика пәнінің мұғалімімін. Сабақта шығаратын есептің мағыналы болғанына мән беремін. Мақсат қойып, оны орындағанды ұнатамын. Әсіресе экологиялық, экономикалық сипатта. Біздің мектеп экологиялық-экономикалық бағытта жұмыс істейді. Малдың тезегін шығару кезінде аулада балалар көп сұрақтар қоятын. Жобаға балалардың сұрағы себеп болды. Бұл мәселені «Менің экоүйім» электив курсында шеше бастадық.

Оқушыларымның сұрағына жауап беру үшін интернетті ақтаруға тура келді. Жауап табылды. Калифорния шылаушыны көмектеседі. Балаларды қызықтырғаны соншалық, 2015 жылы ресейлік ауылшаруашылық кәсіпкерінен бірнеше шылаушын сатып алдық. Санын сақтап, көбейте алдық. Шағын контейнерлерде сақталды. Күн жылынғасын мектеп жанындағы бақтың кішкене бөлігінде жасалған «құрт питомнигіне» көшірілді. Тезекте тамыр жая ала ма, аязға шыдай ма деген ой болды.

Тамақ, картоп қабығының қалдығымен тіршілігін жалғастырды. Көп адам бұл идеяға күмәнмен қарады. Оқушылар дәлелдеуге тырысты. Мысалы, Еламан Әбдин сыныптастарымен (ол кезде 9-сынып оқушысы) тыңайтқыш алу үшін шылаушынды қолданудың тиімді екенін бірнеше рет дәлелдеп берді. Мектепте үлкен көкөніс бақшасы бар. Міндетіміз жердің құнарын арттыру болды. Қызанақ, қырыққабат, гүлдерге арнап тыңайтқыш дайындадық. Химиялық тыңайтқышсыз топырақтың құнарын арттыруға болатынына бәрінің көзі жетті.

Мектеп жылыжайында тыңайтқыштың күшімен бұрыш, кәді және басқа да көкөністер өсе бастады. Мектептегі гүлдер де шылаушынның көмегімен өседі. Балалар Калифорния шылаушынының құстардың өсуіне жақсы стимулятор екенін, балық жақсы ауланатынын анықтады. Вермикультураны (Калифорния шылаушыны) пайдалану туралы республиканың басқа мектептеріне, ауылшаруашылық кәсіпкерлеріне, фермерлеріне айттық. 2017 жылы біздің жоба аудандық «Аршалы дарыны» байқауында аталды. 2020 жылы «Табиғатты аяла» облыстық экологиялық олимпиадасында «Қазақстан жерінің құнарлылығы үшін Вермикультура» жобасында 2-орын алды. Жыл сайын мектептің «азықтүлік алаңында» химиялық тыңайтқыш қосылмаған жемістер көбейді. Тыңайтқышты қолдана отырып, шамамен 500–700 келі қызанақ, 1-2 тонна картоп өсіріледі. 1000 келі қияр, сәбіз, қызылша, пияз және цуккини аламыз. Қазір Арнасай мектебінің 5–8-сынып оқушылары жобаны жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Балалар жыл бойы Калифорния құртына қамқорлық жасайды: тамақтандыру үшін бункерге (құрт питомнигіне) сәбіз, картоп, қызанақ, қияр қалдықтарын, картопты тазалап тастаймыз. Қыста беті күзгі жапырақтармен оқшауланады.

Калифорния құртын өсіру – тұтас өндіріс. Ал фермер бірнеше жыл ішінде миллионер бола алады. Егер біреу жобаға қызығып жатса, біз бақылап, білгенімізді айтуға дайынбыз. Сондай-ақ оқушым Дариға Серболова жазған «Жыл бойы жасыл» жобаларының жетекшісі болдым. «Биогаз – балама энергия көзі» деген тақырыпта Кирилл Подольск еңбектенді. Бұл жобаларды аудандық және облыстық байқауларда атап өтті. Болашақта экологиялықэкономикалық бағыт бойынша жұмысты жалғастырамыз. Оқушыларды әлеуметтік тәжірибелер мен жобаларға тарту – жас ұрпақтың белсенділігін арттырудың бір бағыты деп санаймыз, – дейді Зәмзәгүл апай.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
30 қаңтар 2024 жыл

2651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор