• ІТ және инновация
  • 06 Ақпан, 2024

Ауыл баласы QazaqGPT деген жоба жасады

Өткен аптада жасанды интеллектіні қазақша сөйлеткен оқушымен таныстым. Жетістігі жайлы алғаш естігенде, «НЗМ оқушысы шығар» деп асығыс шешім қабылдағанымды жасырмаймын. Сөйтсек, Асылжан Абдуллаев – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек ауылының 11-сынып оқушысы екен. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана білген жас өнертапқыш. Өзі айтқандай, ойында «қарапайым мектеп, ауыл баласы» деген шектеу жоқ. 16 жасына дейін бірнеше IT жобаны жасап шыққан. Әңгімені Асылжанның сөзімен жалғасақ.

«Қызылорда Hub өңірлік технопаркінің басты резиденттер қатарындамын, Astana Hub резидентімін. Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі Enactus NIS Turkestan тобының капитанымын. Бала кезден өндіруші мен тұтынушының өзара әрекеттесуі қызықтыратын. Айти технологияларды өзім жасау арқылы тұтынушы позициясынан өндірушіге өтетінімді түсіндім. Мендегі қызығушылықтың артуына ағам, Темірлан және Жанарыс деген жетекшілерім ықпал етті.

Алғаш, яғни 14 жасымда «Тарихнама» медиажобасын қолданушылар игілігіне ұсындым. Бүгінге дейін 160 000 адам қолданды. Аты айтып тұрғандай жоба тарихи оқиғалармен аз уақытта таныстырады. IT өнімдерімнің қатарын шет тілдеріндегі фильмдерді қазақ тіліне аударатын 40 мың қолданушысы бар Orda Studio, сөйлеу қабілеті жоқ жандарға арналған QazTTS жобалары жалғайды.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған – QazaqGPT. Бірден айтқан жөн, бұл – ChatGPT емес. Жасанды интеллект – технологияларға адам миына еліктеуге мүмкіндік беретін әртүрлі әдістерді қамтитын жалпы термин. ChatGPT – мәтіндік, суреттік интерфейс арқылы пайдаланушымен сөйлесуге мамандандырылған жасанды интеллект жүйесі, һәм архитектура. Андроид телефондардың бәрі Samsung емес екені сияқты, GPT-дің бәрін ChatGPT деу қате. Қазақ тіліндегі GPT – қазақтілді контентмэйкерлерге, оқушыларға, студенттерге жаңа идеялар алуға керемет құрал. Бағдарламаға 300 000-нан аса қазақ тіліндегі сөз, шамамен 220 миллиард ақпарат енгіздім. Сондай-ақ толықтырылған тілдік мәтін, сурет салу, аудио жазу және тыңдау функциялары қосылған. Қазақша GPT болашағына сенбеуге себеп жоқ. Қазақстанда патриоттық жобаларға қолдау да көп. Соның арқасында болашақта толықтырулар көп болуы мүмкін. Әзірге жобаны Телеграмға интеграцияладық, 2000-нан астам адам қолданып үлгерді. Наурызға дейін жеке бағдарламасын аяқтап қаламыз».

Асылжанның тынбай еңбек ететінін сөзінен байқауға болады. Қысқа қайырады. «Ауыл балаларына әдетте мұндай жоба жасауға техникалық жағынан да, білім жағынан да мүмкіндік аз» деген пікірге «қазір цифрлы ғасыр, сондықтан ондай ой кедергі болмауы керек» деп жауап берді. QazaqGPT таныстырылымы АҚШ-тың Қазақстандағы стратегиялық эдвайзерінің алдында тест форматында өтіпті. Асылжанның жасанды зият жобасын сарапшылар жоғары бағалаған. Он балдық шкаламен баға беруді сұраған кейіпкеріміз «10/10» деген жауап алған. Көктемде мектеп бітіретін Асылжан еліміздің үш жоғары оқу орнынан шақырту алды. Қай оқу орнына баратыны әзірге белгісіз. Бәлкім шетелдік университетке оқуға түсер... Ал қазір Лас-Вегаста өтетін GMS халықаралық форумына жолдама алуға дайындалып жатыр. Жолдама алатынына сенімді. Ендеше, Асылжанға сәттілік тілейміз!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
6 ақпан 2024 жыл

1628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор