• Сенің замандасың
  • 11 Наурыз, 2024

Әлімхан Ермековті үлгі тұтқан Әли

Әли Мұхтарұлы ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, шешендік өнерімізді қолынан келгенінше дәріптеп жүрген тіл жанашыры. Аягөз қаласында ашылған Республикалық «Ділмар» шешендікті дамыту үйірмесінің жетекшісі.  Әли Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 2021–2023 жылдардағы үздік оқушысы, Qazbilim ұлттық лицейінің грант иегері, 2023 жылғы Абай РММИ-де өткен «Жыл шешені» байқауының 1-орын, облыстық «Ақберен» байқауының бас жүлде, облыстық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының екінші орын иегері. Бұл Әлидің осы уақытқа дейін жеткен жетістігінің бір бөлігі ғана. Замандасым Әлимен әңгімелесудің орайы келген еді.

– Мен Аягөз қаласының тумасымын, 16 жастамын. Осы уақытқа дейін 4 мектепте оқыдым және төрт мектептен түрлі тәжірибе жинақтадым. Қазір Аягөз қаласындағы №10 гимназияда оқып жүрмін. Ал оның алдында Алматы қаласында Абай атындағы РММИ-де білім алған болатын-мын. Сол мектепте оқып жүріп көп пайдалы дүние үйрендім. Мысалы, «Ділмар» үйірмесіне қатысып, шешендік өнерді меңгердім. Бастапқыда бір жыл үйірменің техникалық-редакторы болдым.  Әлеуметтік желілердегі парақшаларды белсенді жүргізіп, видео өңдеп жүрдім. Менің жұмысымды көрген ағайым Жарқын Сәленұлы белгілі бір сомада жалақы тағайындап, өзіме беріп отырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. 8-сыныптың аяғында «Жыл шешені» деген байқау болатын болды. Жарқын ағайым осы байқауға қатысып, бағымды сынап көруімді айтты. Қуана келістім. Суырыпсалма шешендігімді көрсетіп, 1-орынға ие болдым. Міне, осылай «Ділмар» үйірмесінің мүшесі болып кеткен жайым бар», – дейді Әли. Әлбетте замандасымыздың сөзінен соң, «шешен болу үшін не істеу қажет?» деп ойланып қалған боларсыңдар. Оған да жауап тапқандай болдық.

«Көре-көре көсем болар-сың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, адам көп шоғырланған жерде өз ойыңды айтып, кітапты көп оқып, сахнаға шығып жүрсең, сөзге шешен болып шыға келесің. Сөзге шешен болудың нақты бір формуласы жоқ. Сондықтан, кітаптағы қанатты, мән-мағыналы сөздер мен мақал-мәтелдерді, ата-бабамыз қалдырып кеткен шешендік сөздерді жаттап алатын болсақ, бұл да көмегін тигізеді», – дейді.

Әли өлең де шығарады. «Ұланнан» оның жазған өлең-дерін оқыған да боларсыңдар... Шығармашылығының бұл қыры туралы былай дейді: «Меніңше, ақынға немесе ақындыққа жақын адамға өлең шығару қиындық тудырмайды. Өлеңді біреудің айтуымен, белгілі бір күнге дейін шығару керек болған жағдайда ғана қиындық тудыруы мүмкін. Жалпы, шабыт деген дүниенің бар екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, көп жағдайда шабыт болмаса, өлең шығару қиынға соғады.

Жазған өлеңдерімді ешқашан санаған емеспін. Бірақ, қандай да бір жарысқа қатысу үшін 20 өлең дайындап қой десе, болса, сапалы 20 өлеңім үнемі дайын тұрады. Демек, жазғаным біршама деген сөз. Алдағы уақытта кітап қылып шығару жоспарда бар». Әлидің мақсаты туралы да сұрадық. «Арман-мақсатым аспан-дағы жұлдыздан да көп. Мектепті бітіруіме өте аз қалғандықтан, өзім қалаған жоғары оқу орнына грантқа түсуді қалаймын. Сондай-ақ, Аягөзді кітап оқитын қалаға айналдырғым келеді. Білесің бе, Аягөзде «Ділмар» үйірмесінен бөлек «Кітап ал» деген клуб ашылған. «Кітап ал» клубының мақсаты – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру. Аягөзге қайта оралғанымда-ақ қаланы дамытуды мақсат тұттым. Оған жететініме сенемін».

Замандасымыздың үлгі тұта-тын тұлғасы Әлімхан Ермеков екен. Оған мына әңгімесінен соң көзіміз жетті: «Тіл мен әдебиетке жақын болғандықтан, көбі журналист болуымды қалайды. Журналист ағаларым да солай деген болатын. Бірақ, кішкентайымнан математика пәнін сүйіп оқимын және алдағы уақытта математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарғым келеді. Жаратылыстану бағыты мен шешендік өнерді қатар алып жүру мүмкін емес деген пікірді көп естимін. Бұл пікірмен өз басым ешқашан келіспеймін. Өйткені, Алашорда үкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермеков атамыз жаратылыстану бағыты мен шешендік өнерді қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп қойған. Әлімхан Ермеков 1920 жылы Мәскеуде өткен Халық Комиссарлары кеңесінде уыстан шығып бара жатқан Каспий аумағын қайтару мәселесін көтеріп, Ленинмен 8 сағат келіссөз жүргізіп, жерімізді қайтарып алған. Ойлашы, 8 сағат Ленинмен келіссөз жүргізу өте қиын дүние ғой. Оған шешендік, тапқырлық, шыдамдылық керек емес пе?  Математика – есептердің ғана емес, сөздердің де шайқасы. Шешендік өнер өмірдің кез келген жағдайында қажет болары хақ».

Әлидің кітапқұмар екенін де білеміз. Сондықтан замандастары оқуға тиіс үш кітапты сұрап алдық. «Үш кітапты ғана таңдап, бөле-жара айту мен үшін қиынға соғары анық. Әдетте, кітаптарды екіге бөліп қарастырамын. Ол дәрумен және дәрі кітаптар. Дәрумен кітапқа «Лайфхактар», «Екінші болма» сияқты кітап-тарды, ал дәрі кітапқа «Кемел адам», «Адамзаттың асыл тәжі» сияқты кітаптарды жатқызамын. Үш үздік кітапты таңдай алмай-мын. Десе де, соңғы оқыған үш кітап өзіме жақсы әсер қалдырды. Олар: «Кемел адам», «Финляндия ақ лала гүлдер мекені», «Тастамашы ана». Сонымен қатар, Нысанбек Төреқұлдың «Даланың дара ділмарлары» деген керемет кітабы бар, осы кітап барлығынан  үздігі болар». Әли қазір «Ділмар» үйірмесі мен «Кітап ал» клубының жұмысын Аягөзде жүргізіп қана қоймай, ҰБТ-ға тынымсыз дайындалып жүр. Бос уақытында спорт-пен де шұғылданады. Осындай жан-жақты замандасымыздың болғанына ризамын. Алдағы уақыттағы жоспарларына сәттілік тілейміз.

Диана АҒЗАМОВА,
«Ұланның» жас тілшісі

Семей қаласы

«Ұлан» газеті, №11
12 наурыз 2024 жыл

 

1571 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор