- Сенің замандасың
- 05 Қаңтар, 2024
Айшолпанның ендігі арманы
Бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызын көбіміз білетін шығармыз. Жақында өзімен сұқбат құрудың сәті түскен еді. Әңгімені өзін таныстырудан бастады.
– Моңғолияның Байөлке аумағынан боламын. Қарапайым ауылдың қызымын. Әкем, анам бар. Үйде төрт ағайындымыз. Қазір Сүлейман Демирел университетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 4-курс студентімін. Бүркітшілік – ата-бабамнан келе жатқан мұра. Атам, әкем, ағаларым бүркіт ұстайды. Кішкентайымнан бүркітпен бірге өстім. Сондықтан бүркітті баулыдым. 13 жасымда Израиль фотографының арқасында әлемге «Бүркітші қыз» деген атпен танылдым. Содан бері көптеген фильмге түстім. Осындай биік дәрежеге жетемін деген ой мүлде болған емес.
Мен туралы «Бүркітші қыз» (The eagle Hunters) деген деректі фильм түсірілді. Ол «Оскар» сыйлығына үміткер, үздік 15 фильмнің қатарына енді. Ал Австралия әншісі Сия Ферлер Angel by the Wings деген әніне клип түсірді. Мен туралы фильммен қатар, «Бүркітші қыз» деген кітабым жарыққа шықты. Былтыр Астана қаласында таныстыруы болды. Қазір моңғол, орыс, жапон тілдеріне аударылып жатыр.
– Бүркітшілік өнердің сізге тигізген пайдасы қандай?
– Фильмдер түсіріліп, әлемге таныл-дым. Бүркіттің арқасында әлемнің 31 мемлекетіне сапар шегіп, кереметке бөлен-дім. Көп мүмкіндікке жол ашылып, керемет гранттарға ие болдым.
– Алдағы уақытта бүркітшілікті дамыту ойыңызда бар ма?
– Бұйырса, алдағы уақытта бүркітшілікті дамытсам деген мақсатым бар. Мектеп ашқым келеді. Әлемге «Бүркітші қыз Айшолпан» ретінде танылсам, алдағы уақытта «Білімді қыз Айшолпан» ретінде танылуды мақсат тұтамын. Көбіне арман-мақсатымды көпшілікке жария етпейтін едім. Алайда осы армандарым өзгеге ой салар деп айтып отырмын.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Мектеп оқушыларына қандай кеңес айтар едіңіз?
– Өмірлік ұстанымым:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға».
Ал жастарға айтар кеңесім, өзіңді құрметте, өзгелерді құрметте және әрбір іс-әрекетіңе жауап бере біл. Өмірдің әр сәтінен сабақ ал. Әрқашан даму жолында болу қажет. Қазіргі заманда тіл білудің пайдасы өте зор. Сонымен қатар арман-мақсаттарыңа әрекет жасау керек. Алдымызға мақсат қойсақ, соңына дейін жете білейік. Ұлтымызды, дінімізді құрметтейік. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
– Айшолпан, әңгімеңізге рақмет! Арманыңыз орындалып, мақсатыңызға жетіңіз!
Ақбөпе МОЛДАШЕВА,
Е.Бекмаханов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
Ұзынбұлақ ауылы
«Ұлан» газеті, №1
9 қаңтар 2024 жыл
7686 рет
көрсетілді0
пікір