- Сенің замандасың
- 27 Ақпан, 2024
Ұялшақ баладан мектеп президентіне дейінгі жол
Мен Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы әрі президен-тімін. Бұрынғы өмірім мен қазіргі өмірімнің арасы жер мен көктей. Үш жыл бұрын мен көпшілік ортада өзін емін-еркін ұстай алмайтын, ұялшақ, сөзін өткізе алмайтын оқушы болдым. Бір күні әлеуметтік желіде отырғанда «Еріктілер лигасына қосыл» деген жарнаманы көріп, қызықтым. Жарнамада мен секілді жастардың өз ортасын тауып, қоғам игілігі үшін еріктілікпен айналасып жүргені көрсетілді. Әлбетте ойланбастан қосылуға өтінім қалдырдым. Маған бір ерікті жазып, еріктілер лигасы туралы ақпарат берді. Еріктілік ұғымымен жақынырақ танысып барып, ерікті атандым. Алғашқы еріктілік еткен жобам – сенбілік. Алматы қаласындағы ең лас ықшам аудандардың бірі «Алмагүлге» бардым. Өте ұялшақ Әбдірахман алғаш рет өзі танымайтын адамдармен бірге сенбілікке қатыспақшы. Барған кезде еріктілерді бірден таптым.
Сенбілік басталып, топ-топқа бөліне бастады. Мен аң-таң болып, әйтеуір бір топқа барып қосылдым. Бірінші күннің өзінде қанша адаммен таныстым. Экологияға өз пайдамды тигізіп қана қоймай, жаңа достар таптым. Жүрегім қуаныштан өрекпіп тұр. Сол сенбіліктен соң еріктілікпен жаз бойы тоқтамай айналыстым. Түрлі жобаға барып, жаңа достарымның саны көбейе түсті. Уақыт өте келе мен белсенді еріктілердің қатарына қосылдым. Жеке өзімнің ұйымдастыруыммен бірнеше сенбілік өтті. Еріктілер лигасында өз жобасын ұйымдастыратын және соған жауапты болатын тұлғаны «координатор» деп атайды. Алғаш рет «координатор» болғанымда сасқалақтағаным рас. Бірақ барлық қабілет тәжірибеде қалыптасады. Мен жолымнан таймай, жобаларымды ұйымдас-тыра бердім. Сол уақытта өзімнің бойымда көшбасшылық қабілеттің қалай жақсы қалыптасып, дамып келе жатқанын байқамай қалыппын. Еріктілікпен айналысып жүргенде экологияға деген қызығушылығым артты. Мектебім-дегі өзін-өзі басқару ұйымында Экология министрі болдым. Бұл 2022-2023 оқу жылы еді. Сол жылы мектебімізде «Qamqor» еріктілер клубын құрдым. Командамен жұмыс істей аламын, жас көшбасшымын. Алғашында «клубқа мүше болғым келеді» деп 50-ден астам оқушы келді. Барлығын тыңдап, іріктедім. Командамды жинадым. Иә, дәл сол сәтте мен бұрынғы өзімді есіме алып, қаншалықты өзгергенімді байқадым.
Ойлаңызшы, екі жыл бұрынғы ұялшақ Әбдірахман жоқ. Ол өз клубын құрып, жас көшбасшы атанды. 2022–2023 оқу жылында өзімді жақсы көрсете алдым. Көптеген игі іс-шара ұйымдастырып, белсенді болдым. Оқушылар арасында да танылып, жаңа достар таптым. Қысқаша айтқанда, жаңа өзімді қалыптастыра алдым. Ал қазір мен мектеп президенті атандым. Жауапкершілігі мол, көп уақытты қажет ететін қызмет. Маған жиі қойылатын сұрақтар: «Не үшін президент болғың келді?», «Қиын емес пе?». Айтарым, жоқ, қиын емес. Мектеп президенті болу, әрине, оңай да емес... Бірақ ынтасы бар, жауапкершілігі мол адам кез келген қиындыққа төтеп беріп, қызметін жақсы атқарып шығады деп ойлаймын. Еріктілер клубын жүргізіп жүргенде мектеп президенті болуға қызықтым, мақсат қойдым. Себебі мен ауқымды іс-шаралар ұйымдасты-рып, өзімнің жаңашыл идеяларым-ды жүзеге асырғым келді.
Мектеп президенті болуға дайындала бастадым, портфолио жинап, кандидатурамды ұсындым. Сайлау күні өзіме сенімді болдым. Көптеген оқушы қолдау көрсетіп, сәттілік тіледі. Үйде тілеуімді тілеп отырған ата-анам мен туысқандарым бар. Сөйтіп, сәтін салып мектеп президенті атандым. Сол сәтте мойныма артылған ауыр жүк – жауапкершілікті сезіндім. Бірақ мойымадым. Керісінше, қуандым. Мектеп президенті болу – өте керемет тәжірибе. Мектеп парламентін басқарғанда, бойыңдағы көшбасшылық қасиеттерің шындала түседі. Мектептегі ӨӨБҰ-ның пайдасын болашақта көресің. Мен парламент жұмысын ұйымдастыруды А.С.Макаренконың үш перспективасына бөліп қарастырамын: жақын, орта, қашық.
Жақын және орта перспектива-лар – еріктілік, мектептегі ӨӨБҰ, байқаулар және т.б. Ал қашық перспектива осы екі перспективаның негізінде құралады. Яғни, болашақта осы мектепте атқарған іс-шаралардың арқасында қалыптасқан қабілеттерің керек болады. Менің президент атанғаныма жарты жыл болды. Сол уақыттың ішінде көптеген іс-шара ұйымдастырып, мектеп оқушы-ларымен тығыз байланыс орната алдым. Әлі алда көптеген жоба ұйымдастыратыныма сенімдімін.
Құрметті дос! Егер сен де мектеп президенті атанғың келсе, саған айтар бірнеше кеңесім бар:
1. Өз ортаңды зертте. Егер ол ортаң саған еш пайдасын тигізбесе, оны ауыстыр. Мысалы, еріктілікпен айналыс. Еріктілік саған жаңа әрі дұрыс орта сыйлап қана қоймай, қоғамға басқаша көзқараспен қарауға үйретеді. Яғни, экологиялық мәдениетің қалыптасады, қамқор, жанашыр боласың.
2. Өз мектебіңдегі өзін-өзі басқару ұйымына қосылып ал. Бұл сенің мектеп президенті атануыңа деген жасаған алғашқы қадамың.
3. Өз ойыңды емін-еркін айта біл.
4. Қоғамда тұлға екеніңді сезініп, сөзіңді өтімді ет.
5. Біліміңді де шыңдауды ұмытпа. Кітап, газет-журналдар оқы.
Болашақта керемет тұлға болып қалыптасуыңа тілекшімін. Бірге дамиық, замандас!
Әбдірахман ҚАЙРАТ,
№174 мектеп-гимназияның президенті
Алматы қаласы
«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2024 жыл
5601 рет
көрсетілді0
пікір