• Сенің замандасың
  • 26 Қараша, 2023

Тоғыз жасар жазушы

Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы «Binom» мектебінің 4-сынып оқушысы Жәмила Медер алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Кітабы «Менің қызықты саяхаттарым» деп аталады. Кішкентай жазушының кітабынан үзінді оқып, шынымен де қызықтым әрі авторымен сұқбаттасқым келді.

– Оқығанды жақсы көремін. Содан бір күні адамдар кітапты қалай жазады екен деп ойлай бастадым. Сол сұрақтың жауабын анаммен бірге іздедім. Менің де кітап жазуға құлшынысым ашылғандықтан, анам маған күнделік ретінде болған оқиғаларды жазып отыруға кеңес берді. Шамамен төрт айға жуық уақыт кітабымды жаздым. Маған жаз мезгілінде толық бір күнді тек кітап жазуға арнау қиынға соқты. Өйткені жазғы демалыста басқа балалар секілді демалғым келді. Достарыммен ойнап, уақытымды көңілді өткізгім келді. Ал анам сондай кезде маған мотивация мен шабыт беретін. Күн сайын кітап жазуға құлшынысым бола бермейтін. Сондай кезде анам көмекке келетін. Анама айтып отырамын, ол жазып отыратын.

Кітап жазар алдында белгілі бір жоспар мен мақсат болған жоқ. Өзімнің бастан кешкен оқиғаларымды баяндап жаздым. Кітабым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде саяхаттарымнан алған әсерлерім баяндалса, екінші бөлімі жаратылыстану бағытында. Бірінші бөлімінде театрға алғаш барған кездегі әсерімді жазғанмын. Менің көзіммен басқа болды. Ал анамның көзқарасымен басқаша болды. Бала көзқараспен сол қойылым қалай болғанын жаздым. Мен үлкендер байқай бермейтін әрекеттерге ерекше мән бердім...

Ал екінші бөлімі – ойларыма саяхат. Ол бөлімді жазғанда кей ақпараттарды энциклопедияларға сүйеніп, өз түсінігіммен жаздым. «Пияз аршығанда неге көз ашиды?», «Жаңбыр қалай жуады?» деген тақырыптар қамтылған. Оған қоса, «Домалақ пен найзағай» туралы жазғанмын. Бірақ олар өз қатарластарыма түсініксіздеу болады деп, редактор алып тастады. Айтпақшы, «Математика неге керек?» деген тақырыпта ізденіп, кітабыма енгіздім. Маған математика ұнамайтын. Сөйтсем, барлық салаға математика қажет екен.

Болашақта өзімді белгілі бір мамандық иесі ретінде көрмеймін. Әркез ойым өзгеріп отырады. Жазу қабілетімді әрмен қарай дамыту мақсатында кітабымның жалғасын жазып жатырмын. Болашақта үлкен кітап қылып шығарғым келеді. Оны жазудағы мақсатым – өзгелер секілді кітапты сатудан пайда табу емес. Өзімнің балалық шағымдағы тәтті естелігімнің бірі ретінде қалғанын қаладым әрі осы бастамамды анам қолдады. Оған қоса, басқа балаларға үлгі болу үшін жаздым. Біздің миымызда бір шектеулер бар ғой... Менімен жасты балалардың қолынан кітап жазу келетінін көрсеткім келді.

Сыныптастарым кітабымның алғашқы оқырманы болды. Оларға кітабым қатты ұнаған көрінеді. Алдағы уақытта кітабымды үлкен аудиторияға ұсыну ойымда бар. Балаларға арналған қызықты әңгімелер жинағын шығарғым келеді. Мұндай форматтағы кітапты ағылшын, орыс тілінде таба аламыз. Ал қазақша жоқ. Менің оқығым келетіні – сондай кітаптар. Енді осыны өзім қолға алып, дамытамын деп шештім.

Менің кітап оқуыма екі ағамның үлесі көп. Үйімізде кітап сөрелерінде әртүрлі жанрдағы кітаптар толып тұратын. Ағаларымның үнемі оқып отыратынын көргендіктен, «кітапта соншама не қызық бар?» деп, мен де оқи бастадым. Кітабымның жалғасы ауылдағы саяхатым туралы болмақ. Қалада өскен балаға ауылдағы тіршілік қызық деп ойлаймын. Өзіме құрт жасап, көрпе тіккенді көру өте қызық болды. Сол жөнінде жаздым. Балалар арасындағы достық туралы да сөз қозғаймын. Бірде өте жақын досыммен ренжісіп қалдым. Бір-бірімізбен амандаспай жүрдік. Ол туралы анама айттым. Анам маған: «Араларыңдағы мәселені өздерің шешіңдер. Қазір мен мектепке барсам, оның да анасын шақыртып, дауға айналып кетеді. Өзің достасқаның жақсы», – деп тәтті беріп, «достас» деді. Солай келесі күні барып, досыма анамның берген тәттісін беріп, достастым. Балаларға осылай да болады дегенді жеткізгім келеді, – дейді Жәмила.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ұланның» жас тілшісі,

ЕҰУ-дың 1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №48
28 қараша 2023 жыл

3510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор