• ІТ және инновация
  • 08 Қыркүйек, 2023

Диярали мен Нұрдәулеттің болашақ айтишниктерге көмегі

Диярали Гайоналлаұлы мен Нұрдәулет Әукен республикалық физика-математика мектебінде 11-сыныпта оқиды. Болашақта ақпараттық технология саласының маманы болуды армандайды. Ал ол үшін біліммен қатар, машық пен тәжірибе керек. Диярали мен Нұрдәулет қазірден ІТ саласының қыр-сырымен танысу үшін осы бағытта жұмыс істейтін компанияларда тәжірибеден өту керек деп шешеді. Алайда, осы тұста қиындыққа тап болады. Тәжірибеден өтетін компанияны іздеп табу, одан кейін олардың келісімін алу оңай шаруа емес екен. Осы кезде екі дос ойға қалады да, бұл мәселені шешудің жолын іздестіреді. Studlnt деп аталатын жаңа жоба осылай дүниеге келеді. Бұл – оқушылардың тәжірибеден өтуіне жәрдем жасайтын, үміткер мен компанияның арасына көпір болатын инновациялық стартап.

Екі дос кәсіпкерлік қабілеттен басқа да қасиеттерге бай. Мектеп өміріне белсенді  араласады. Нұрдәулет мектептен программалау клубын ашып, код жазуға құштар балалардың басын қосып жүрсе, Диярали мектептегі қаржы-инвестиция клубының вице-президенті. Бұған қоса баскетбол командасының капитаны.

Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді, оған қоса қоғамға пайдалы іспен айналысып, үлгі болып жүрген жеткіншектерді әңгімеге тарттық.

Диярали:

ДАТА-АНАЛИТИКТЕРДІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР    

Әлбетте, ең алдымен мұндай стартап жасауға не түрткі болғанын сұрадық.

– Болашақта білім алатын университет іздеу барысында тәжірибеден өтетін компания табу керек болды. Сонда байқағаным, бұл оңай шаруа емес екен. Кейін достарыммен, сыныптастарыммен әңгіме барысында да Қазақстанда сапалы, тиімді тағылымдама табудың өте қиын екенін білдім. Осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Көптеген компания тәжірибеден өтуге келетін жас мамандарға зәру. Болашақ мамандар да үйрену үшін компанияға мұқтаж. Біз солардың арасындағы көпір болғымыз келді. Бізде мұндай жоба жоқ екен. Ең басты ерекшелігіне келсек, оқушы тәжірибеден өтіп, машықтанады. Ал компания тегін немесе арзан жұмыс күшін пайдаланады.

– Жобаны шамамен қанша адам пайдаланады деп ойлайсыңдар?

– Назарбаев зияткерлік мектебі, физика-математика мектебі сияқты үздік оқу орындарының оқушылары, басқа да замандастарымыз, университет студенттері үшін пайдалы болады деп ойлаймыз. Ең бастысы, насихатын жақсылап жасау керек. Бір ай шамасында платформаны іске қосамыз деп отырмыз. Алғашқы компаниялар қазірдің өзінде келісімін беріп отыр. Бірінші кезекте ІТ саласындағы компаниялар, стартап компаниялар болады. Мұндай компаниялар әртүрлі жұмысты атқаратын стажерларға зәру. Сондықтан бұл өзара тиімді байланыс болады деп санаймыз.

– Диярали, өзің сондай компаниялардан тәжірибеден өттің бе?

– Иә, қаржылық краудфандинг саласындағы GoCrowd деген компанияда екі ай тәжірибеден өттім. Бұл компанияға барғанға дейін нақты қаржылық технология саласындағы маман болғым келе ме, әлде қалауым басқа ма, айыра алмай жүрген болатынмын. Компанияның негізін қалаған азаматтың қоластында тәжірибеден өткеннен кейін нақты таңдау жасадым.

– Осы салаға келу туралы шешімді қай кезде қабылдадың?

– 10-сыныпта экономика пәні басталды, сол кезде осы саланы таңдаймын деген шешім қабылдадым. Экономика мұғалімінің ықпалы зор болды. Оған дейін математика мен информатиканы беріліп оқып, программист боламын деп жүрген едім.

– Өзің таңдаған сала бес жылдан кейін, он жылдан кейін қандай болады деп елестетесің?

– Цифрландыру өте қарқынды жүреді. Барлығы онлайнға көшеді деп ойлаймын.

– Болашақтың мамандықтары қандай?

– Болашақта дата-аналитиктерге сұраныс қатты артады. Инженерлер мен программистер көптеп қажет болады. Жалпы, ІТ саласы өте қарқынды дамиды. Бұл саладағы озық елдің бірі – Қытай. Оған қоса АҚШ, Канада, Австралия бар.  Болашақта мықты маман болу үшін алдыңғы қатарлы елде оқығым келеді. Америка Құрама Штаттарында оқимын деп жоспарлап отырмын.

Дияралидың алға қойған мақсаты зор, арманы асқақ. Ол бізде әлі қалыптаса қоймаған тәжірибеден өту мәдениетін дамытқысы келеді, әр стартаптың берері бар деп санайды. Озат оқушы спортта да осал емес. Баскетбол, футбол ойнайды, жүзумен айналысады. Рубик шаршысын жинаудан ресми рекорды – 18 секунд. Тіркелмеген рекорды – 11 секунд. Кітап оқығанды жақсы көреді. Бұрын фэнтези жанрындағы шығармаларды көбірек оқыса, қазір өзін дамыту бағытындағы кітаптарды оқуға тырысады.

НҰРДӘУЛЕТ ЗЫМЫРАН ҚҰРАСТЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

– «Самсунг» компаниясы стартаптар турнирін өткізгелі жатқан болатын. Диярали ұйымдастырушылар қатарында болды. Ол тағылымдамадан өтуге көмектесетін стартапты жетілдіру үшін мені командасына шақырды. Барлығы содан басталды,дейді Нұрдәулет.

Не түрткі болды дегенде Нұрдәулет те Дияралидің сөзін қайталады. Компаниялар оқушылар мен студенттерге мұқтаж болса да, оларды өз бетінше іздей қоймайды. Ал оқушылар қандай компанияға бару керегін, қай компанияда тәжірибеден өтуге болатынын білмейді. Studlnt жобасы осындай кезде ең жақсы көмекші бола алады. «Оқушылар белгілі бір ақыға жұмыс істеуіне болады, тіпті, жай ғана жұмыс істеп көрудің өзі – керемет тәжірибе. Теориялық білімді бекіте түсу үшін міндетті түрде практика керек. Біз осы мақсатта оқушылар мен компаниялар өзара тиімді әрекет ететін стартап жасауды көздедік», – дейді ол.

Нұрдәулеттің әкесі – кәсіпкер. Қаржы саласына қызығуына ықпал еткен де сол кісі екен. «Бұған қоса, менің анализ жасап, кез келген жағдайға бейімделе алатын қасиетім бар. Ал қаржы саласы әлемдік деңгейдегі факторларға тәуелді. Мұндайда аналитик болудың пайдасы зор. Сол себепті де осы саланы таңдадым. Әрі физика-математика мектебіне түскеннен кейін менің айналамда программалаумен айналысатын, код жазатын адамдар болды. Мұндайда еріксіз сол салаға қызығу пайда болады. Мен де солай қызығып, алдымен сайттар жасай бастадым. Біртіндеп ІТ саласына тереңдей түстім. Біртіндеп нейрожелілер мен жасанды интеллект дәуірі туды. Мен болашақтың бағыты өзгеріп жатқанын түсіндім. Сол кезде қаладағы клубтардың бірінде робототехникамен айналысып жүрген болатынмын. Алғашқы роботымды құрастырғаннан кейін осы салаға ден қойдым», – дейді ол.

Нұрдәулет бос уақытында әкесінің жұмысына көмектеседі. Жоспар түзуге, сызбаларды сызуға араласады. Кеңселер мен ғимараттардың 3D үлгісін жасайды. Тіпті, инженерлік жұмыстарды атқаратын кезі де бар. Бұған қоса, шаңғы тебумен айналысады. Шахматтан 2-разряды бар. Каратэдан көк белбеу иегері. Кітапты көп оқиды. Соның ішінде жапон әдебиетіне қызығады.

Нұрдәулеттен болашақ жолы туралы сұрадық. «Инженерліктің ішінде аэроғарыш саласында зерттеу жасағым келеді. Зымырандардың құрылысын зерттеп, өзім құрастырсам деймін. Ғарыш тақырыбы бұрыннан қызықтырады», – дейді Нұрдәулет.

Біз Диярали мен Нұрдәулеттің болашаққа деген жоспары нық екеніне, нақты таңдаған жолын білетініне риза болдық. Мұндай жаста стартап жасау, инновациялық жобаны дүниеге әкелу сенімділікті, төзімділікті, сонымен бірге кәсіпкерлік қабілетті де талап етеді. Бұл жағынан Диярали де, Нұрдәулет те осал емес екен. Олардың жасаған жобасы қаншама жас жеткіншекке көмек береді деп сеніммен айта аламыз.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №37
12 қыркүйек 2023 жыл

4161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор