• Сенің замандасың
  • 21 Ақпан, 2023

Google – қол жетпейтін арман емес

Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ақылды бейсенбі» кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті. Оған мектеп түлегі Ернияз Нұрғабылов келді. Ернияз Назарбаев университетінің Computer Science факультетін бітірген. Қазір Google компаниясының Польшадағы кеңсесінде  жұмыс істейді.

Ернияз бұған дейін «Яндексте» тағылымдамадан өткен. Елдегі «Сергек» интеллектуалдық бейнебақылау, талдау және болжау жүйесін құрастырушылардың бірі. Ернияз мектепте оқып жүргенде математика пәнінен көптеген халықаралық олимпиада мен жарыстың жеңімпазы атанып, математикадан Қазақстан құрама командасына қосылды. Әлемнің оннан астам елінде білім сайысына қатысты. 

Ең жарқын жетістіктерінің бірі – халықаралық International Mathimatical Olympiad олимпиадасы. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам мемлекет қатысады. Бұл олимпиада – математика саласындағы ең жоғары жарыс. Ернияз бұл олимпиадаға екі рет қатысты. Алғашқы жарысында Аргентинада күміс медаль алса, 11-сыныпта Колумбияда қола жүлдегер атанды.

«Ақылды бейсенбі» кездесуіне келген Ернияз оқушыларға әрқашан арманға қарай жылжу керектігін айтты. Оның арманы – Google корпорациясында жұмыс істеу еді. Арманы орындалды. Ол жерде жұмысын бастамас бұрын қатаң іріктеуден өтті, әрқайсы 45 минуттық ондаған сұқбат болды.

Қазір Google компаниясы Ерниязды қажеттінің барлығымен қамтамасыз етеді: ыңғайлы жұмыс кестесі, тамаша кеңсе, тегін тамақ және көшуге көмектесу. Ернияздың басты арманы – Қазақстанға оралып, еліміздің әлеуетін арттыра отырып, осында IT саласын көтеру. Мектептегі жылдарын сүйіспеншілікпен еске алады. Оқушыларға НЗМ беретін барлық мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді, әсіресе, олимпиада алаңында белсенді болуға шақырды.

«Ұлан» газеті, №8
21 ақпан 2023 жыл

2127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор