• ІТ және инновация
  • 30 Мамыр, 2022

IT саласына қатысты үздік бес фильм

Жазғы каникулда көруге тұрарлық ІТ саласындағы кинолар топтамасын ұсынамыз.

1. «Сноуден» фильмі

2016 жылы жарыққа шыққан бұл туындыны режиссер Оливер Стоун түсірген. Эдуард Сноуден рөлін америкалық актер Джозеф Гордон-Левитт сомдайды. Фильмде қарапайым ІТ маманы болып жұмысын бастаған Сноуден Америка Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері атанып, сол жердегі құпия ақпаратты қалай баспасөзге бергені баяндалады. Соңынан Американың Сноуденнің ізіне түскені және оның еріксіз Мәскеуде қалып қойғаны көрсетіледі. Фильмді көре отырып өзіне төніп тұрған қауіпке қарамастан, бүкіл әлемге Американың миллиардтаған адамдарды кіммен сөйлесті, не деп жазды, қайда тұрады бәрін аңдитыны және оның қалай іске асыратынын айту батырлық дерсің. 2016 жылы бұл киноға ең үздік сценарий аталымы бойынша Satellite Award сыйлығы берілсе, 2017 жылы ең үздік ән аталымы бойынша Grammy марапаты берілген.

2. Social Network

Фильм 2010 жылы режиссер Дэвид Финчер түсірген. Facebook әлеуметтік желісінің қалай құрылып алпауыт компанияға айналғаны баяндалған кино. Онда Марк Цукербергтің рөлін Джесси Айзенберг сомдайды. Фильм Марк Цукербергтің Гарвард университетіндегі студенттік өмірінен басталып, орта жолда оқуды тастағаны, жеке өміріндегі және бизнесіндегі туындаған қиындықтар жан-жақты көрсетіледі. Фильмнің бюджеті басында 40 миллион доллар болса,  2010 жылдың соңына қарай 200 миллион доллар құраған. Бұл фильм 2010 жылы Америкадағы киносыншылар тарапынан ең көп талқылауға түскен фильмдердің бірі болды. Дегенмен сын-пікірге қарамастан «Алтын глобус» сыйлығының «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссура», «Үздік сценарий» және «Үздік музыка» номинациялары бойынша ең үздік деп танылды. Сондай-ақ, 2011 жылы 8 номинация бойынша «Оскар» сыйлығы да берілді.

3. «Игра в имитацию»

2014 жылы жарыққа шыққан. Бұл фильм математик әрі криптограф Алан Тюрингтің өмірі мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің шифрланған Enigma машинасының кодын бұзуы жайлы түсірілген. Дегенмен немістердің бұл машинасының кодын бұзу оған оңайға соқпайды, нәтижесінде ол машинаның тілін тек машина ғана түсінеді деп шешіп, кодты бұзатын машина жасауға кіріседі. Екі жыл еңбектің арқасында ақыры Тюрингтің өзі жасаған Кристофер атты машинасы фашистердің Enigma машинасының кодын бұзып, соғыста Ұлыбританияның жеңуіне үлес қосады. Фильм  киносыншылар тарапынан өте жақсы бағаланған және «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік сценарий» және тағы басқа номинациялар бойынша «Оскар», «Алтын глобус» марапаттары берілген. Айта кетейік, фильмнің аяғында Алан Тюринг жасаған Кристофер машинасын біз қазір компьютер деп айтамыз делінген.

4. Upgrade

2018 жылы көрермен назарына ұсынылған ғылыми-фантастикалық фильм. Бұл кинода жаңа технология осындай қарқынмен дами беретін болса, алдағы болашақта қандай болатыны суреттеледі. Грей Трейс ақылды үйде тұрып, өздігінен жүретін машина қолданады. Алайда кинода басты кейіпкер ойламаған жерден жол апатына түсіп, артынша бандиттердің қолынан әйелі қаза тауып, ал өзі сал болып қалады. Сол кезде ол бағдарламаушы Эронның stem атты өнертабысын өзіне сынақтан өткізуге келіседі. stem – жасанды интеллектісі бар чип, ол адамның еркі мен ақыл-ойын бақылайды. Арқасына чип орнатылған Грейдің аяқ-қолына жан бітіп, ол бұрынғыдай еркін жүріп тұра алғандықтан жан жары үшін кек алуға бел буады. Қылмыскерлердің ізіне түсу барысында ол басында жарым-жартылай чиптің айтқанын орындаса, фильм соңында stem адамның ақыл-ойы мен денесіне толықтай бақылау жасап, робот адамға айналуымен аяқталады. Кино ең үздік ғылыми-фантас-тикалық фильм номинациялары бойынша марапатталған.

5. «Кто я?»

ІТ саласы жайлы жазғанда хакерлерсіз бола ма? Режиссер Баран бо Одардың 2014 жылы көрермен назарына ұсынылған «Кто я?» фильмі Берлиндегі хакерлердің өмірі жайлы баян-дайтын туынды. Кинода басты рөлдегі Бенжамин шынайы өмірде томаға-тұйық, ешкіммен аралас-пайтын, ешқандай досы жоқ болып өседі. Бірақ ол «Бэтман» немесе «Өрмекші адам» сияқты қаһарман болуды армандайды. 14 жасында компьютер алдына ең алғаш отырған ол мектеп бітірер шақта бірнеше бағдарламалау тілдері мен жүйені бұзатын хакерлікті өз бетінше үйреніп, виртуал әлемдегі мықты хакерлердің біріне айналады. Алайда ол шынайы өмірде әлі де ешкімге керексіз бейшара адам еді. Бірде ол көшеде Макс атты жігітпен танысып, өмірі күрт өзгереді. Макстың достарымен бірігіп clay атты топ құрып, әртүрлі мекеме мен ұйымдарға кибершабуыл жасап, көп ақша тауып бастайды. Бұл арқылы олар кибер әлемінде #1 саналатын MRX-ке өздерін мойындатқысы келеді. Фильм бір қарағанда ата-ана мейірімі жетіспеген баланың психологиялық жағдайын суреттесе, екінші жағынан хакерлер өмірі мен олардың арасындағы алауыздық пен бәсеке-лестікті көрсетеді. Фильм ең жақсы монтаж (Роберт Ресач), ең жақсы қоюшы-суретші (Зильке Бур) және ең жақсы дыбыс номинациясы бойынша Deutscher Filmpreis сыйлығын алған. Сонымен қатар басқа да марапаттарға ұсынылған. Ал сіз ІТ саласында көруге тұрарлық деп қандай фильмді ұсынасыз?

Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті, №21
31 мамыр  2022 жыл

7271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор