• Сенің замандасың
  • 16 Мамыр, 2022

16 жасар миллионер

Әділ Темірболатов – 16 жасар миллионер. Орал қаласындағы №1 мектептің 10-сыныбында оқиды. Кәсіпкерлерге таргет жасау (белгілі аудитория арасында жарнаманы тарату) әрі шәкірттеріне үйрету арқылы айына тұрақты түрде 1 000 000 теңге табады.
Сонымен қатар жақында ол шағын кәсіп ашқан.

– Маркетинг саласына қызығып жүрдім. 2021 жылы қаңтар айында «Шонбай» онлайн интернет-маркетолог курсында үш ай оқыдым. Сол кезде алғаш рет табыс таба бастадым. Үш айлық курстың барысында 600 мың теңге тауып, диплом алдым. Кәсіпкерлердің тауарына жарнама жасап, олардың әлеуметтік желілердегі парақшала-рын жүргізіп, тапқан табысынан пайызымды алып отырдым. Ең алғаш маркетингке келген кезде өзінің білім-білігін дамытып, өрге ұмтылған адам-дарға қызыға қарайтынмын. Үйге келген соң айнаның алдында тұрып, өзімді марке-тингтегі жұлдыздай сезінуші едім. Кейде қасымдағы достарым «Әділ мырза» деп қалжыңдайтын. Сол кездегі армандарым енді орындала бастады. Алғашқы кездері түні бойы ұйықтамай, 5000 теңгеге сайт жасайтын едім. Түн баласы кірпік ілмей жасаған дүнием клиентке ұнамайтын кездер де болушы еді. Ол кезде білімім де, тәжірибем де жеткіліксізтұғын. Клиент таңдамай, келісіп жасай беретінмін. Өйткені бар ойым – табысымды арттыру болды.

– Әділ, 15 жастан кәсіпке етене араласуыңа не себеп болды?

– Иә, маған ақша таппай, басқа балалар сияқты ойнап жүре беруге болатын еді. Бірақ мен маркетингтің не екенін ерте түсініп алдым. Мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Сондықтан дамығым келді, өзімді-өзім жетілдіргім келді.

– Маркетинг саласына келгеннен кейін не өзгерді?

– Маркетинг саласына келгеннен кейін білім алу үшін 1 200 000 теңге шамасында ақша жұмсадым. Кәсіпкерлермен, Мейірбек Бердібайұлымен жұмыс істеп, компанияға 2 миллион теңге кіріс жасадым. Бақытбай Сабырбековпен жұмыс істеп, күніне 21 миллион теңге табыс әкелдім. Қазір шәкірттерім 150 000 теңге шамасында табыс тауып жүр. 15 жобаның төртеуінің кірісін 3 миллион теңгеден асырдым. Сапалы жұмыс үшін қажет болатын IPhone өнімдерін өз ақшама алдым. Анама қалаған нәрсемді алып бере алатын жағдайға жеттім. Араласатын ортам – дамушы адамдар. Нарықта таргетолог Адик болып қалыптастым.

– Әділ, сен қазір 16 жастасың. Сонда кәсіпкерлікке кішкентай кезіңнен қызыға бастадың ба?

– Иә, қаршадай кезімнен кәсіпке қызығатынмын. Өскенде атақты бизнесмен болсам деуші едім. Ата-анам – қарапайым адамдар, өзім үйдің кенжесімін. Екі әпкем бар. Олар менің әр бастамамды қолдап отырады.

– Сабақты кәсібіңмен қалай қатар алып жүрсің? Қателеспесем, былтыр сабақ уақытында Алматыға барып оқып, жұмыс істеп келдің. Бөтен қалаға жалғыз баруға жүрексінбедің бе?

– Бәріне үлгеремін. Иә, ұстаздарыма жағдайды түсіндіріп айттым. Олар маған түсіністікпен қарады. Алматы-ға баруға қорыққан жоқпын.

– Қазір 10-сыныпта оқи-сың. Кәсібің бар. 9-сыныпты бітіріп, мектептен кету ойда болмады ма?

– Әрине, оны да ойлағанмын. Алайда ата-анам 11-сыныпты бітіріп, жоғары оқу орнында оқығанымды қалады.

– Мынадай бір постыңызды көзім шалып қалды: «Бұйырса, Қазақстандағы ең жас миллионер атанбайынша, бұл постты өшірмеймін. Неге басқа елдің жастары миллионер? Неге біз мектеп кезімізден миллион таппаймыз? Осы шекараны бұзып, қазақ жастарының білімге, дамуға құлшынысын ашамын, бұйырса». Ең жас миллионер атану үшін қазір қандай қам-қарекет жасап жатырсың?

– 2021 жылға межелеген барлық мақсатыма жеттім. 2022 жылға одан да күшті жоспарлар құрғанмын. Соған сәйкес жұмыс істеймін. Қазір PlayStation клубын аштым. Ең жас миллионер атану үшін өзімнің кәсібімді әрі қарай дамыту,  онлайн бизнес мектебімді ашу, одан да басқа жоспарларым бар. Өзімнің үлкен құпияларым бар. Қуаныш Шонбайдың тікелей психологынан менторлық (тәлімгерлік) алдым. Енді табысым, кәсібім одан әрі дамитынына сенімдімін.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Білімімді жетілдірумен айналысамын. Өз салам бойынша кітаптар оқимын, курстарға қатысамын, әрдайым өзімді тұлғалық жағынан дамытуға ұмтыламын.

– Кәсібін бастағысы келетіндерге не айтар едің?

– Кәсіп бастауға қаражат керек болады. Тек үрейді жеңу керек. Ойлау жүйемізді дұрыстап жетілдіріп, заманауи мамандықтардың қыр-сырын үйрену керек. Жастар дамуды ерте жастан қолға алса деймін. Күніне бір кітапты толық оқымаса да, сол оқыған жерін жазып, іс жүзінде қолданса жөн болады. Шүкірін, мақсат-тарын күнделікті жазып отыру керек. Ең бастысы – тәуекел ету. Біз кез келген беймәлім нәрседен қорқамыз. Бірақ жетістікке жетудің басты құралы – тәуекел. Адам өмір бойы үрей мен қорқынышқа бой алдырып жүре бермеуі керек. Жетістікке жеткен жандар – кезінде тәуекел еткен жандар.

– Рақмет, өрлей бер!

Сұқбаттасқан 
Ақжібек САҒЫНБАЙ,
Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы.

Орал қаласы

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

5626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор