• Сенің замандасың
  • 18 Қаңтар, 2022

Алима Илон Маск оқыған университетте оқиды

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алима Тұяқбаеваны әйгілі Пенсильвания университеті оқуға шақырды. Бұл оқу орнында атақты Илон Маск пен Уоррен Баффет оқыған. АҚШтың ең үздік оқу орындарының бірі. Алима «Бизнес және маркетинг» мамандығында грантпен оқиды.

«Үш жыл бұрын шетелге оқуға түсуді мақсат еттім. Сол сәттен бастап дайындықты тоқтатқан жоқпын. Конфетти мен «It’s time to celebrate» («Тойлайтын уақыт келді») деген жазуды оқып, қатты толқыдым. АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсырмайды. Халықаралық емтиханнан өтіп, басқа критерийлерге сай болу керек. Оқушының жетістігін мектептегі бағасына қарап қана бағаламайды. Мектептен тыс танытатын белсенділік, көшбасшылық қабілет, жеке қасиет пен қоғамдық қызметпен айналысу сияқты жұмыстарды есепке алады. Университетке халықаралық емтиханның нәтижесі мен 9–12-сыныптағы оқу көрсеткішімді жібердім.

SAT General – ағылшын мен математика пәніне негізделген және адамның сыни ойлау қабілеттерін бағалайтын емтихан. Оған дайындалу аса қиын болған жоқ. Бірақ оқуға түсу үшін ең қажетті талаптың бірі болатын. Мектепте жақсы оқығаным көп көмектесті. Кез келген саладағы сайыстан алған бес жетістігімді жібердім. Мектептен тыс танытатын он белсенді қасиетімді жаздым. Олай сұрайтын себебі, оқушының қызығушылығын біліп, жеке қасиетін бағалайды. Екі ұстазым және бір мектеп қызметкерінен мен туралы пікірін сұрады. Сабақтағы белсенділік пен жеке қасиетті сипаттауы керек. Бұл пікір қабылдау комиссиясына қандай тұлға екеніңді және қоғамның қандай мүшесі болатыныңды түсінуге көмектеседі екен.

Болашақта бизнес саласын оқығым келетін. Сол үшін мектептен тыс уақытта маркетинг саласындағы жобалармен айналыстым. Қаржылық сауаттылық курсын ашып, оны жүргізуге команда көшбасшысы ретінде көмектестім. Ерікті болып әлеуметтік жобаларды және Қазақстанның еріктілер ұйымын дамытуға көмектестім. АҚШ-та «оқушылардың құндылығы мен қасиеті оқып жатқан оқу орындарына сәйкес болуы керек» деген ұғым бар екен. «Оқимын деген адамға» қаржылай көмек те көрсетеді. Менің мақсатым – білім алып, еңбегімді еліме сіңіру», – дейді Алима.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №2
18 қаңтар 2022 жыл

105398 рет

көрсетілді

48099

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор