• Сенің замандасың
  • 06 Желтоқсан, 2021

Құпия суреттер хикаясы: құдайдың әлемі

Нұрай Аталықова – Алматыдағы №58 мектептің 9-сынып оқушысы. Ол дарынды суретші, иллюстратор. Өзі көп сөйлей бермейді, айтқысы келген, көрсеткісі келген ойын сурет арқылы шебер бейнелей алатын таланты бар. Үй жұмысы мен сыныптағы тапсырманы жылдам орындап тастап, сабақ үстінде отырып та сурет сала береді. Мұны көрген мұғалімдері ескерту де айтады. Бірақ Нұрайдың қандай сурет  салатынынан бейхабар адамдар оны түсінбейді.  Нұрай  сабақта отырып алып, қан-дай суреттер салды, ол қалай Мәскеуден достар тауып, жұмыс істеп жүр? Суретшінің арманы қандай? Оны бізге Нұрай мен оның анасы айтып берді.

«Он екі жасымнан бастап суретпен кәсіби түрде айналысамын. Кейіпкерлерді өзім ойлап табамын. Қазір иллюстрациядан бөлек, суреттерімді анимациялап та жүрмін. Суретті қағазға да, планшетке де саламын. Негізінен қазіргі заман талабына сай, планшетке тура қылқаламмен салғандай  етіп салып жүрмін. Сурет салу үшін фантазияң, қиялың жақсы болуы керек. Сол үшін фэнтези жанрындағы кітаптарды көп оқимын. Ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Кітаптарды, комикстерді ағылшынша оқыған қызық.  Өзім де комикс құрастырып көрдім. Бірақ сәтсіз шыққан соң, ұнамай қалды. Маған кітап мұқабасы мен балаларға арналған сурет салған ұнайды», – дейді Нұрай.

Нұрай тек сурет салып қана қоймай, мүсін жасаумен де айналысады. Қиялынан құрастырған кейіпкерлеріне ат қойып, олардан ойыншық жасайды. Ойыншықтары тура дүкен сөрелерінде сатылатын сияқты. Бір көрген адам сенуі қиын, бірақ талабы таудай қыздың жасағанын оның қойындәптерлеріндегі сызбасынан анық байқауға болады.

«Алғаш мүсіндерді, ойыншықты жасағанда ұнды тұзды суға илеп, тұзды қамыр дайындап, содан пішіндерді құрастырып, тұтас мүсін жасап, оны пешке салып күйдіретінмін. Кейін дүкен аралап жүріп, арнайы  скульптураға арналған материал барын білдім. Ол –  өңдеген сазбалшық. Дайын күйде болады. Мүсіндерді мұндай материалмен жасаудың жұмысы жеңілірек. Детальдарды жасап алған соң оны да пешке салып кептіру керек. Сосын ойыншықтарға өң беру үшін түрлі-түсті бояу жағып, бояуы кетіп қалмас үшін сыртынан арнайы лак жағып қоямын. Бірақ қазір ойыншық жасауды тоқтаттым. Себебі арнайы саздың бағасы қымбаттап кетті».

Осы кезде әңгімемізге Нұрайдың анасы  Құралай Шоқпарова қосылды.

«Бір күні үйге досымыз келді. Ол кезде қызым әлі кішкентай еді. Әкесі: «Нұрай, Ерлан ағаны жасашы» дегенде бетіне қарап тұрды да, ермексаздан әп-сәтте жасап шықты. Айнытпай, дәлме-дәл жасапты. Бәріміз таңданып қалдық. Тіпті шашының арасындағы ағына дейін ақ пен қара түстерді араластырып шебер жасаған», – дейді анасы.

Нұрайдың сыныптастары оның өнеріне таңданып қарайды екен. Бірақ «үйретші» деген ешкім болмапты. Олар «портретімізді салып берші» деп сұрайды екен. «Тегіннен-тегін салмаймын, өнерді бағалау керек» деп әзілдейді ондайда. 

«Бір сурет салу үшін екі-үш сағат уақытым кетеді, ал ойыншық жасауға үш-төрт күн уақытымды арнаймын. Бос уақытым бола қалса, компьютер ойындарын ойнағанды ұнатамын. Тіпті компьютер тілін де жетік білемін. Маған мәскеулік бейнеойын құрас-тыратын студенттер ұсыныс жасаған. Қазір сол ойындағы кейіпкерлердің үлгісін, суретін салып, азын-аулақ табыс тауып жүрмін. Алғашында мәскеулік студенттер менің әпкеме ұсыныс айтқан, бірақ ол графикалық сурет салмайды. Сосын әпкем оларға менің туындыларымды көрсетіп, ұсыныпты. Мені бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Келістім. Олар маған ешқандай сценарий бермейді, жәй бізге осындай кейіпкер керек деп айтады. Ал мен өз қиялымнан ойлап тауып, шығарамын», – дейді  ата-анасынан ақша сұрамайтын Нұрай. 

Оқушы болса да, оқуына керек-жарағын алуға өзі ақша табатын Нұрайдың анасы қызының бұл жетістігіне мақтанатынын айтады:

«Үш қызым бар, Нұрай кенжеміз. Үлкені кәсіби суретші, ортаншысы қолөнермен айналысады. Нұрайдың өнерін көріп отырсыздар. Мектеп жасында қызымның өз бетімен жұмыс істегеніне қуанамын, мақтанамын. Қызымды үнемі шабыттандыруға тырысамын. Бала бойындағы талантымен табыс тапса, бұл оған мотивация және сенім береді. Нұрай сыныбында үздік оқушы. Жұмыс істегелі бір-екі сабағы «4»-ке түсіп қалғаны болмаса, бәрі жақсы. Оны өзі де мойындайды. Тоғызыншы сыныптан кейін Т.Жүргенов атындағы колледжге оқуға түсемін деп талпынып жүр. Анимациялық графика мамандығында оқуды армандайды. Ата-ана ретінде қолдау көрсетемін. Таңдауына таласқым келмейді. Өйткені әкесі де, әпкелері де өнер адамы. Өзім де қол-өнерші Дәркембай Шоқпарұлының қызы болғаннан кейін қандай қолдау көрсету керек екенін жақсы білемін», – дейді анасы. 

«Кішкентай кезімде анам мені көп үйірмеге апарды. Музыкаға, менталды арифметикаға және биге қатыстым. Сурет үйірмесіне де екі жыл бардым. Онда академиялық  тұрғыда сурет салуды үйретеді, натюрморт, пейзаж деген сияқты көрсетті.  Жылжымайтын заттарды, алма, құмыраларды салудан жалыққан соң, үйірмеге барғым келмей, екі жыл қатысып шығып кеттім. Суретке  қызығуыма әкем себепкер болды. Ол кісі кәсіби суретші, аты-жөні Нұрлан Килибаев. Әкемнің суреттерін Алматыдағы аялдамалардан байқауға болады. Бірақ мен графика, анимация саласын меңгерген маман болғым келеді», – дейді Нұрай.

«Өнер деген қанда болған соң шықпай қоймайды екен. Нұрай алтыншы сыныптан кейін  Жүргенов колледжінде оқимын дегенде әкесі екеуіміз: «Қызым, суретші болмай-ақ қойшы, басқа маман иесі болшы» дегенде «жарайды» деп қойған, бірақ қазір көріп отырсыздар ғой (күліп). «Мен өзімді басқа салада көре алмаймын, менің таңдауым осы» деген соң икеміне қарай суретші болуға тоқталдық», – деді анасы. Суретші қыз әкесі салған суретке эффект қосып, оны әлеуметтік желіге жүктеп отырады. Бір қызығы, Нұрай өзі Инстаграмға кірмейді екен. Салған суреттерін де бұрын еш жерде жарияламаған. Алғаш «Ұлан» газетінен көріп отырсыздар. 

Ол сабақта отырып та сурет салады, оны байқап қойған мұғалімдері арасында ескерту де жасайды. Бірақ Нұрай сабаққа жүйелі дайындалып барады, үй тапсырмасын айтып, сынып жұмысын бәрінен бұрын орындап тастап, қолына түскен қаламмен сыныптастары мен ұстаздарының әртүрлі эмоциясын елестетіп, мульти кейіпкерлер жасайды. Бірақ оны әлі ешкімге көрсетпепті. Өзі ойлап тапқан кейіпкерлеріне ат қойып, олардан авторлық футболка, жейде мен түрлі жапсырмалар шығаруды армандап жүр. Бірақ бұлай жасау біраз ақшаны қажет етеді екен. Нұрайдың суреттері әлемге әйгілі «Дисней», «Пиксар» студияларының туындыларына сұранып-ақ тұр екен. 

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №49
07 желтоқсан 2021 жыл

4762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор