• Сенің замандасың
  • 22 Қараша, 2021

Нұрай – халықаралық байқаудың жеңімпазы

Жақында Түркияда «Ғылымда шекара жоқ» атты ғылыми жоба байқауы өтті. Ғылым сайысында талдықорғандық Нұрай Шәкір Қазақстанның намы-сын қорғап, 1-орынды иеленді.

Ол – Талдықорған қаласындағы №12 мектеп-гимназияның 9 «А» сынып оқушысы. Мектебінің ұланбасы, бас-тауыш сыныптан бері оқу озаты, жас полиция көмекшісі, эко ерікті, пікірсайысшы. Нұрай бала кезінен жаңа дүниелерді үйреніп, өзін әр салада сынап көргенді жан-тәнімен сүйеді. Мектепте өтетін іс-шараның бәрінде барынша белсенді болуға тырысады. Көптеген байқау, жарысқа, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бос уақытында әртүрлі жанр-дағы кітаптарды оқиды, оларды жинақтайды, өлең жазады, Тикток желісіне видео да түсіреді. Сондай-ақ түрлі тәтті пісіргенді ұнатады. Ендеше, Нұрайдың қалай халықаралық байқаудың жеңімпазы атанғанын бірге білейік.

– Жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық байқауға жолдаманы қалай алдың?

– Жобаны Халықаралық экология, инженерлік және педагогика ғылымдары академиясы мен Ардахан университеті ұйымдастырды. Жетекшім оларға менің жобамды ұсыныпты. Көптеген жұмыстың ішінен менің жұмысым көзге түсіп, іріктеп алыпты. I халықаралық ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстар байқауы 1–10 сынып оқушылары мен колледждер, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Түркияның Стамбұл қаласында 2–6 қараша аралығында өтті. Басты мақсаты – ғылыми зерттеу жұмыстарына белсене қатысатын балаларды анықтау, қолдау және дамыту. Байқауға Ресей, Беларусь, Польша, Қазақстан, Түркия елдерінен қатысты. 

– Ғылыми жобаңда қандай тақырыпты таңда-дың? Қазылар алқасы қалай қабылдады?

– Менің ғылыми жобамның тақырыбы – Абай қара сөздері мен ортағасырлық шығыс ғұламаларына ортақ ойлар. Бұған дейін Абай лексикасын, өмірін зерттегенмін. Ақынның шығармашылығына қатты қызығамын. Болашақта ары қарай жалғастырамын. Мектеп бағдарламасында Абайдың қара сөздерін өтсек те, ешбір жерде Абай қара сөздерінің шығыс ғұламаларымен үндестігі жайлы айтылмайды. Меніңше, бұл тақырып барлығына жаңалық болды. Сол себептен тақырыбымыз қазылар алқасының көңілінен шықты. Олар Абайдың қара сөздерін оқып, түсіну қиын екенін біледі. 9-сынып оқушысы үшін дәл осы тақырыпты зерттеу жетістік екенін айта кетті. Абай өміріне қызығатыныма тәнті болды. Халықаралық жобада қазақ елінде Абайды білмейтін қазақ жоқ екенін және оның өміріне қызығатынымызды көрсете алдым. Алдағы уақытта Абайды зерттеп, тың деректер табуға тырысамын.

Шетелде Абайды танытуды мақсат тұттым. Біздің жерімізде осындай ғұлама адам шыққанын, Абаймен мақтанатынымызды айта кеттім. Абай қара сөздерін әл-Фарабидің «Қайырымды қала» трактаттарымен байланыстырып, бір мәселені көздейтінін түсіндірдім.

– Халықаралық байқаудың жеңімпазы атанатыныңды сездің бе?

– Жоқ, басында жүлделі орын алатыныма күмәндандым. Өйткені танымайтын жерде бақ сынау мен үшін қиын болып көрінді. Бірінші орын алғанымды естігенде қуанышымда шек болмады. Жобамды қорғағаннан кейін сенімдірек болдым. Бұл жеңісім менің барлығын біліп тұрғанымнан болды деп ойлаймын. Жобамды бір жыл бұрын бастағанмын.

– Шетелге шығу қандай сезім сыйлады?

– Байқаудың Түркияда өтетіні қатты қуантты. Түрік сериалдарының тұрақты көрермені едім. Осы елге баруды қатты армандағанмын. Мен үшін қуанышты хабар болды. Ойланбастан келістім. Түркия жайлы айтсам, олар бізге құрмет көрсетіп, өз елінің туының жанына біздің туды қатар іліп, сыйластық көрсетті. Оларды өте патриот деп айтсам болады. Әрбір ғимаратта ту ілулі тұр. Қиын болса да, біз үшін елін таныстыру мақсатында орыс тілін пайдаланды. Стамбұлдың өзі көне және қазіргі деп екіге бөлінеді екен. 20 миллионға жуық тұрғыны бар Стамбұлда тарихи орындар өте көп. Оған қоса, Босфор бұғазында кемеде мерекелік кеш өтті. Олар тек қана қазақ әндерін қосты. Бұл бізді қатты қуантты. Сондай-ақ, бір қызығы, түріктер ағылшын тілін жетік меңгерген екен. Тіпті көшедегі қарт ата-апаларымызға дейін ағылшын тілінде еркін сөйлеп отыр. Университеттерінде сабақ түрік және ағылшын тілінде өтеді екен.

Түркиядағы төрт күн естен кетпестей болды. Бірінші күні танысу болды. Бізді Түркия еліндегі оқушылар мен ұстаздар жылы қабылдады. Төрт күн ішінде бауырмал достай болып кеттік. Ең жақы-нымызға айналды. Екінші күні ұйымдастырушылармен бірге Стамбұлдың көрікті жерлеріне сапар шектік. Айя Софияға, Сүлеймен сұлтан мен Хюрремнің сарайына, 1500 жыл бұрын салынған моншаға бардық. Сосын Топкапы сарайын, «Сұлтан Сүлеймен» сериалы түсірілген жерді көрдік. Менің арманым – Сүлеймен және Хюррем сұлтан мешіттеріне бару еді, орындалды. Түріктер жылы жүзді, көмек бергісі келіп тұратын халық екен. 

 – Сапарда қиыншылықтар болды ма?

– Әрине, болды. Біз сенімхатты тек орыс және қазақ тілінде жасаппыз. Ал шет елге шығу үшін ағылшын және түрік тілінде болуы басты шарт. Ұшуымызға жарты сағат қалғанда сенімхатсыз ұша алмайтынымызды айтты. Сол сәтте барлық жұмысымыз босқа кететініне қапаландық. Талдықорғанға қайту туралы ойлана бастадық. Бірақ сол сәтте ерекше жайт болды. Түнгі сағат 2-лер шамасында бізге аудармашы табылып, жолымыз болды. Қиындық мұнымен біткен жоқ. Кейін ұшу барысында жүгімізді жоғалтып алып, әзер таптық. Сондықтан құжаттарыңыз бен жүгіңізге бас-көз болы-ңыздар. Бір құжат үшін бар жоспарыңыз жүзеге аспауы мүмкін. Ағылшын тілінсіз ел аралау мүмкін еместігіне көзім жетті. Әуежайда да барлығы ағылшын тілінде болды.

– Жеңісіңді ата-анаң, достарың, мектебің қалай қабылдады?

– Олар байқаудың қорытындысын тағатсыздана күтті. Шамамен түнгі 3-тер шамасына дейін күткен. Менің жүлдесіз қайтпайтынымды сезді. Қуанышты хабарды естігенде көзіне жас алған туыстарым да болды. Достарым құттықтап, хабарласты. Мектебім құшақ жая қарсы алып, гүл шоқтарын аямады. Сыныптастарым сағынышын білдірді. Түркияда Қазақстанды сағындым десем болады. Соңғы күні еліме оралғым келді. Қазақстанға жетер жер жоқ екенін түсіндім.

– Сен сияқты халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атану үшін не істеу керек?

– Бастысы, зерттеу жұмысыңа деген қызығушылығың болуы керек. Өзің ізденсең ғана барлығын біліп тұрасың. Қандай сұрақ қойса да, мүдірмей жауап бере аласың. Қазір білімділердің заманы. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, кішкентай белестен үлкен белеске жету керек. Ол еңбекке байланысты. Еңбектің арқасында шет елге шықтым. Ешқашан шет елге білімнің арқасында шығамын деп ойламаппын. Осы орайда ата-анама алғысымды білдіремін. Олар менің Түркияға барғым келетінін білетін. Сондықтан баруыма қарсы болмады. Шет елге барғаннан соң мотивациям арта түсті. Болашақта шет елге оқуға түсуді мақсат етемін. 

– Кім болғың келеді? Болашағыңды ғылыммен байланыстырғың келе ме?

– Әзірге белгісіз. Бірақ заңға өте қатты қызығамын. Кінәлі адамдардың кінәлі екенін дәлелдеп, кінәсіздерді ақтап шыққым келеді. Шындықтың бетіне тура қарайтын заңгер болуды қалаймын. Ғылыммен де  байланыстырамын. Мен әлемді таңғалдырып, түрлі жаңалық ашқым келеді. Қолымнан келгенінше ғылымға үлесімді қосуға тырысамын.

Айгерім ЕСІМХАН,
№12 мектеп-гимназияның 11 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

4123 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор