• Сенің замандасың
  • 11 Қазан, 2021

World Robot Olympiad–2021 чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Назарбаев зияткерлік мектептерінде World Robot Olympiad–2021 олимпиадасында Қазақстанды таныстыру құқығын алған робототехника бойынша ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды.

WRO–2021 байқауының басты тақырыбы – PowerBots, яғни қазіргі заманның ең жаһандық басымдықтарына арналған. «Жасыл экономиканың болашағын қалай құруға болады, жаңартылатын жаңа энергия көздерін қайдан аламыз,  экологиялық жауапкершілікті қалай қалыптастырамыз?» деген сұрақтарға жауап іздеген робототехниктер жас ерекшелігіне байланысты Regular, Open, Future Engineers санаттарында сайысты. 

WRO-ның ұлттық кезеңіне қырыққа жуық команда жиналды. Олардың әрқайсы өңірлік іріктеу турларында табысты өнер көрсеткен. Негізгі кіші санатта Алматы қаласындағы «Ақниет» жеке бастауыш мектебінің MagicKris командасы жеңімпаз атанды. Команда құрамы – Кристина Киселёва, Марк Бирюков, Петр Мороз (бапкері – Олег Киселёв). Олар энергия тұтынуды азайтатын ақылды үйдің ең оңтайлы шешімін ұсынды.

Негізгі орта санатта чемпион титулын алматылық «Lessons. kz» оқу орталығының A and B командасы жеңіп алды. Арьяна Кадырова мен Бернар Бердалиев (жаттықтырушы – Әйгерім Еркебаева) жасаған роботтар олимпиадалық жылдамдықта гибрид және электромобильдерді зарядтауға арналған аккумуля-торлар таратты.

Негізгі жоғары санатта командаларға жаңартылатын ресурстардан тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтау, аккумуляторларда артық энергия сақтау міндеттері қойылды. Бұл санатта әдеттегідей Назарбаев зияткерлік мектептері өкілдеріне тең келер ешкім болған жоқ. Шыңғысбек Балғабай мен Альтаир Жамбыл (жаттықтырушысы – Ясынжан Шакан) бастаған Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тің Vector командасы ең үздік уақыт пен ең жақсы нәтиже көрсетті. Осы санаттағы жүлделі орынның барлығын зияткерлік мектеп оқушылары иеленді.

WeDo негізгі категориясында балалар шындыққа барынша жақын күрделі мәселелерді шешті. Командалар орман өрттерімен күресетін және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялайтын роботтарды жасақтады. Кейін өртенген ағаштардың орнына жаңасын отырғызды. Бұл тапсырманы Орал қаласындағы Jaiq school робототехника және бағдарламалау мектебінің (жаттықтырушы – Есенғали Қайсар) Jaiq 3 командасынан шыққан Даниель Талғатов пен Ерасыл Хайдар өте жақсы орындады.

Кіші шығармашылық санатында Халықаралық робототехника академиясының LegoMozg командасынан Даужан Бекетов пен Кирилл Островский (жаттықтыру-шысы – Tom Noah) күн панелі мен жел турбинасын қамтитын ақылды электр станциясын жасады. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жоба авторларына жеңіс әкелді.

Елордалық физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің NG-PHOTOBIO командасы атынан қатысқан Амина Рахымбергенова, Алдияр Пазилов және Дәулет Мұханов (жаттықтырушысы – Бақытгүл Қажыкенова) аморфты балдырлар өсімдігінен биоотын алу үшін жасанды интеллект қағидаттарын пайдаланатын робот құрастырды. Олар жоғары шығармашылық санаттағы жеңімпаз атанды.

Өз санаттарында үздік болған барлық команда 2021 жылдың қараша айында онлайн форматта өтетін WRO – 2021 әлемдік кезе-ңіне қатысу құқығын иеленді. Қазылар алқасы құрамына енген әлемдік робототехниканың танымал тұлғалары байқауға қашықтан қатысатын болады. Өңірлік жарыстар мен WRO Ұлттық чемпионатын жыл сайын Қазақстандағы World Robot Olympiad ұлттық үйлестірушісі ретінде Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы өткізеді.

– Олимпиадалар өзекті инженерлік-техникалық міндеттерді практикалық шешудің шығармашылық қабілеті мен дағдыларын дамытуға, ғылыми-техникалық қызметке қызығушылықты кеңейтуге, ақпараттық технологиялар саласындағы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған, – дейді Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Ақпараттық технологиялар және қызмет орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов. World Robot Olympiad (WRO) – Дүниежүзілік робот олимпиадасы. Бұл 10 – 19 жас аралығындағы 6–11-сынып оқушыларына арналған байқау.

«Ұлан» газеті, №41
12 қазан 2021 жыл

2993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор