• Сенің замандасың
  • 28 Қыркүйек, 2021

Жапон тілін үйрену қиын болды

Мәди Базилбек – полиглот, алты тілде еркін сөйлейді. Жапонияда білім алған маман. Мәди мырзадан тіл үйрену туралы сұраған едік.

– Тіл үйрену мақсат емес, құрал болуы керек дегенге келісесіз бе?

– Келісуге де, келіспеуге де болады. Тілді меңгеріп шығу деген ғана мақсат болмауы керек, сол тілді жетік меңгеріп, өз салаңда қолдана алу маңыздырақ. Қазір көп адам үшін тіл үйрену – мақсат. Мысалы, ағылшын тілін бір жылда үйреніп, IELTS тапсыру, одан кейін шет елге оқуға түсу сияқты ой көбінде бар. Бірақ, қарап отырсаңыз, бәрі тілді үйренуден басталады. Сондықтан егер біреуге тіл оқып үйренуді мақсат ету ыңғайлы болса, еш қарсылығым жоқ. Бұл қысқамерзімді мақсат немесе жоспарлауға жататын сияқты.

– Тіл үйренуді қай кезден бастадыңыз?

– Тіл үйренуді саналы түрде 15 жасымнан бастадым. Бала кезден бейсаналы түрде көп тілді ортада жүргендіктен, өзге тілдерді бойыма сіңіре берген сияқтымын.

– Ағылшын, орыс, испан, жапон, түрік тілін жетік білесіз. Осының ішінде қай тілді үйрену қиын болды?

– Ең қиыны жапон тілі болды. Әлі де үйреніп жүрмін. Бұл тілді жетік меңгеру үшін төрт-бес жылым кетті. Себебі жапон тілі ерекше. Оны үйрену әлемде кең тараған тілдердің біреуіне де ұқсамайды. Иероглиф, сыпайы форма, грамматика, айта берсек көп нәрсе өзгеше.

– Ал полиглот болудың жағымды және жағымсыз жақтарын айта аласыз ба?

– Полиглот болудың жаман жағын көрмедім. Пайдасы мол: ең алдымен шетелдіктермен коммуникация орнату, оларды түсіне алу, жаңа мәдениетті танып-білу және тағы басқа. Тек бір ғана нюанс бар, ол – тілдерді үнемі практика жасап дамыту. Тіл үйрену бір бөлек, тілдерді қалыпты ұстап тұру бір бөлек. Сондықтан оқыған тілдерді ұмытып қалмау мақсатында ұдайы практика жасау керек.

– Әлеуметтік желілерде «1 ай ішінде ағылшын тілін меңгеріп шығасыз» деген курстардың жарнамасы толып тұр. Бір-екі айдың ішінде тілді толық меңгеріп шығу мүмкін бе ?

– Жоқ, бұл жай ғана маркетингтің осалдығы. Өкініштісі, көп адам осыған еріп кетеді, ақырында түк үйренбей, уақытын да, ақшасын да зая етеді. Біз өзіміз жүргізетін курста ешқашан «1-2 айда үйреніп кетесіз» деп кепілдік бермейміз. Көп нәрсе оқушының қызығушылығына, ынтасына байланысты. Тіл үйрену – өте ұзақ процесс. Кем дегенде жарты жылды талап етеді. Соның өзінде алып шығуы екіталай. Сондықтан шындыққа тура қарау керек. Сыни ойлауды дамытқанымыз жөн.

– Тіл үйренуді неден бастаған жөн?

– Тіл үйренуді үнемі тыңдаудан бастау керек екенін айтып жүремін. Себебі тілді тыңдай бастасаңыз, адаптация процесі жүреді. Миыңыз, құлағыңыз ол тілге үйрене бастайды, сәйкесінше қабылдау жеңіл жүреді.

– Екі немесе үш тілді қатар үйренуге бола ма?

– Негізі бұлай үйрену керек емес. Абзалы – бір тілге көңіл бөліп, фокус жасау. Бір тілді жақсы деңгейге жеткізіп алғаныңыз дұрыс. Бірақ оқи бастасаңыз, бір-бірінен қатты өзгеше, бір-біріне қатты ұқсайтын тілдерді таңдамағаныңыз жөн. Мысалы, испан және итальян тілдері қатты ұқсайды, шатасып кетуіңіз мүмкін. Испан және қытай тілі тым өзгеше. Бұл көп уақытыңызды алып, құлшынысыңызды өлтіріп тастауы мүмкін. Ал испан және француз тілі дәл келеді. Себебі қатты өзгеше де емес, қатты ұқсамайды да. Сондай-ақ екі тіл оқи бастасаңыз, 80/20 принципін ұстану керек. 80% зейініңізді бір тілге бөлсеңіз, 20% екінші тілге. Мысалы, аптасына 5 күн испан тілін оқысаңыз, 2 күн ғана қытай тіліне уақыт бөлу керек.

– Кеңесіңізге көп рақмет! Жаңадан тіл үйреніп жатқан достарыңызға қандай кеңес бересіз?

– Ең алдымен, оқып үйренейін деп жатқан тілмен эмоционалдық байланыс орнату керек, яғни махаббат керек. Сол тілде сізді не қызықтырады: мәдениет, адамдар, әндер, кулинария және тағы басқа. Осы нәрсені түсіну арқылы сізде тіл үйрену процесі жеңілдейді. Екіншісі – көбірек тыңдау. Әсіресе, жанды диалогтарды тыңдау. Мысалы, подкаст тыңдау өте ыңғайлы. Өйткені күнделікті өмірде қолданылатын сөздер және қарапайым тақырыптар. Үшінші кеңес – егер мүмкіндік болса, әрине, саяхаттау. Үйреніп жатқан тіліңіздің еліне барсаңыз, көрсеңіз, сезінсеңіз, бұл одан сайын мықты мотивация болады.

Жаннұр ЗЕЙНЕЛҒАБЫЛОВА,
9-сынып оқушысы.

Ембі қаласы
Мұғалжар ауданы 
Ақтөбе облысы

«Ұлан» газеті, №39
28 қыркүйек 2021 жыл

1879 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор