• ІТ және инновация
  • 13 Қыркүйек, 2021

Зағип жандардың сауатын ашатын тренажер ойлап тапты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 86 мың зағип адам бар. Олардың арасында әлі оқи алмайтын балалар да кездеседі. Оларды сауаттылыққа және оқуға үйрету үшін қазақстандықтар тренажер жасады. Ғалым Ғалым-жан Ғабдрешов девайс қалай жұмыс істейтінін және инвестор кім болғанын айтып берді.

– Ғалымжан мырза, Брайль өзін-өзі үйрету құрылғысы нашар көретіндер мен зағип жандарға арналған алғашқы құрылғыңыз емес. Бұрын сіз осындай адамдарға қоршаған ортада еркін жүруге мүмкіндік беретін тағы бір құрылғы жасаған едіңіз.  Неге осы бағытпен айналысуды қолға алдыңыз?

– Мені әрдайым ғылыммен шұғылдану қызықтырды. Бірнеше жыл бойы университеттер мен академияларда математика және программалау пәнінен сабақ бердім. Аға оқытушы болып жұмыс істегеннен кейін өнертапқыштықпен белсенді айналыса бастадым. Менің көптеген инновациям әлі күнге дейін мемлекеттік және квазимемлекет-тік органдарда сәтті жұмыс істейді.

Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған дүние жасау өзімнің көзім көрмей қалу қаупі төнген кезде басталды. Сол кезде мүгедектігі бар адамдарға арналған инновацияның аз екенін білдім. Алғашқы өнертабысымның бірі – арбаға байланған адамдарға арналған механикалық экзоскелет. Олар оның көмегімен жүре алады.

Екінші жобаны инженерлер командасымен бірге қолға алдық. 2018 жылдың мамыр айында жұмыс істей бастадық. Бізбен Нұр-Сұлтан қаласының №10 мектеп-гимназиясының әкімшілігі байланысқа шықты. Командамыздың ерекше адамдарға арналған құрылғылар ойлап табумен айналысатынымызды білетін. Мектеп бізден Брайль жүйесін үйрену үшін электрондық тактильді тренажер жасауды сұрады. Сол кезеңде толығымен көру қабілетін жоғалтқан, жасы үлкен таныстарым да бар еді. Мен балаларға және таныстарыма жаңа жолмен оқуды үйренуге мүмкіндік бергім келді.

– Өнертабысыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз...

– Біздің құрылғымыздың мақсаты – баланы тактильді түрде, саусақтың ұшымен бедерлерді танып қана қоймай, оларды әріптерге айналдыруды үйрету. Содан кейін бұл әріптер мағыналы сөздерге, кейін сөйлемдерге айналады. Құрылғының дауыстық көмекшісі балаға белсенді көмектеседі. Бұл оған өздігінен және кез келген уақытта жаттығуға мүмкіндік береді. Бұл технологияның көмегімен балалар тезірек оқуды үйренеді. Брайль шрифтін үйрену өте көп уақытты қажет етеді, балаларда ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. Басында баланың саусақпен Брайль шрифтін тануы өте қиын. Егер бала саусағымен бір әріптен адасып кетсе, тифлопедагог оны сол әріпке қайта апарады. Бұл процесс бала әрбір әріпті танып, ажырата алғанға дейін жалғасады. Сондықтан оқу процесінде тифлопедагог бір уақытта бірнеше баламен ғана айналыса алады. Елордада бір ғана мектепте тифлопедагог бар, ол 15 баланы оқытады. Қалған жүздеген бала әртүрлі себепке байланысты мектепке бара алмай-ды. Әрине, кейбір балаларға тифлопедагог қажет. Бірақ кез келген жағдайда оқу қарапайым жұмыс режиміне қарағанда тезірек өтеді. Тренажердың өндірісін іске қоспас бұрын тифлопедагогтармен бір жылдан астам уақыт жұмыс істедік, олардың ұсыныстарын тыңдағанымызды атап өткен жөн. 

– Зағип балалардың сауатты болуының маңызы қандай?

– Бұл үлкен мәселе. Көзі көрмейтіндерге арналған америкалық баспахана деректеріне сүйе-нетін болсақ, АҚШ-та зағип балалардың 50%-ы оқи алмайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, Қазақстанда 160 мың зағип және нашар көретін адам бар, олардың 86 мыңы тіркелген. Көбі тізімде жоқ. Мысалы, қарт адамдар қант диабеті, көз қысымы және жасына байланысты көру қабілетін жоғалтады. Олар мемлекеттік жәрдемақы алуға жүгінбейді, есепке алынбайды. Мен мұндай жағдайларды жиі кездестіргенмін. Сондықтан зағип жандардың сауатты болуы өздері үшін де, ел үшін де аса маңызды деген ойдамын. 

– Жобаны іске асыру барысында тобыңызды қалай құрды-ңыз? Ол кісілермен қалай таныстыңыз?

– Біз бір-бірімізбен ортақ достар арқылы таныстық және біртіндеп қызықты технологиялық жобалар жасай бастадық. Нұрбек Еңсебаев пен Әбділда Шәменов – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Бұрын Қазақстанда және шет елде түрлі инновациялық жобаны басқарған. АҚШ-та орналасқан команда мүшесі Элисар Нұрмағамбетов бұған дейін Consilienz алаяқтықпен және адам саудасымен күресудің бірегей жүйесін әзірлеген. Жинаған білімін, тәжірибесін және нетуоркингті біздің инклюзивті жұмысымызда қолданады. Сондай-ақ, топ мүшелерінің ішінде Дастан Сағынәлі, Тимур Еңсебаев, Жазира Молдыбекова және Сұлтан Кульбасов бар.

– Қазақстаннан өзге елдерде де құрылғылар шығарумен айналысатын шығарсыз?

– Иә, дұрыс айтасыз, бірақ бұл мәжбүрлі қадам. Өйткені Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер жоқ. Біз аппараттарымызды Қытайда, Гуанчжоуда шығарамыз. Бірнеше Қытай зауытымен жұмыс істейміз. Олардың әрқайсы біздің аппаратымыз үшін белгілі бір бөлшектерді өндіреді. Девайстың барлық компоненті Қытайда шығарылып, Қазақстанға жіберіледі. Осында біз оны жинаймыз және чиптейміз. Яғни біз әзірлеген бағдарламалық бөлікті «өлі» электроникаға саламыз.

– Қазақстанда мұндай жобаларды дамыту неге қиын?

– Президент кезінде Н.Назарбаев керемет жол картасын жасады. Онда кез келген ғалымға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сияқты ұйымдар арқылы өндірісті ашуға, Ғылым қорынан қаржы алуға мүмкіндік берілген болатын. Сыртқы істер министрлігінен бастап технология трансфертіне дейін. Осының барлығы Қазақ-станды дамыту үшін және елдің ашық болашағы үшін жасалған. Бірақ Елбасының жол картасы толық жүзеге асқан жоқ. Нәтижесінде бұл елдің ғылыми әлеуетіне теріс әсер етті. Керемет өнертабыстар жасаған көптеген ғалыммен таныспын. Бірақ олар біздің елде өнертабыстарын жария ете алмады немесе ғылымы дамыған елдерге барып, сол жерде өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мәжбүр болды.

– Әдетте технологиялық құрылғыларды құру көп шығынды қажет етеді. Сіздің өнертабысыңызға қанша инвестиция салынды?

– Біздің демеушіміз болуға тек «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы келісті. Бұл олардың айқынды-ғы мен ашықтығына байланысты. Олар әлеуметтік ұйымдармен диалогқа түседі және олардың ұсыныстарын тексереді. Кейін талқылау жүріп, ашық шешім қабылданады. Олар біздің шеші-міміздің жоғары сұранысқа ие екеніне көз жеткізгенде, оны мақұлдады. Компанияның демеушілік есептері туралы ақпарат ашық түрде қолжетімді.  Біз Ғылым қорынан бастап KPMG-ге дейінгі барлық ұйымға өтініш жіберген болатынбыз. Жасырын дауыс беруге сілтеп, қабылдаған шешімдерінің  себебін түсіндірмеді. 45 Брайль оқулығының алғашқы партиясын жаңа оқу жылының басында жіберуді жоспарлап отырмыз.Қазақстанда бізге жобаға қаражат табу қиын болды. Көптеген «инвестор» шын мәнінде ломбардтық тәсілді қолданады. Біздің барлық мүлкімізді кепілге қоюды талап ете отырып, жұмыс-тың көлеңкелі схемаларын ұсынады. Тек ірі ақша табу көзін жасаумен ғана айналысуды мақсат етеді, ал біз олардың көмегінен бас тартқанымызда, олар қатты таңғалды. Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді адал, ашық халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуге бағыттадық. Ал өнертабысқа патентті  Қазақстанда тіркедік.

– Зағип жандарға арналған тренажердың құны қанша тұрады?

– Зағип жандар үшін барлық тренажерды тегін ұсынамыз. Өндіріс, оқыту және дамыту бойынша барлық шығынды ESG инвесторлары өтейді. Олар сметаның әрбір элементін мұқият тексеріп, оны бекітеді. Мысалы, біздің электронды тактильді тренажерымызды зауытта шығару кезінде 3 штамптау матрицасы қажет. Біз Гуанчжоуда әрқайсына шамамен 10 мың доллар төлейміз. Бір матрица 100 мың дананы шығаруға жеткілікті. Сондықтан зағип жандарға арналған құрылғылардың өзіндік құны жоғары екенін ескере отырып, дамыған елдерде мұндай жобаларды мемлекет қаржыландырады.

– ТШО-мен серіктестікке дейін біраз шығындалған боларсыз?..

– Әрине, бұл жобаны іске қосу үшін тек прототиптер жасауға 75 мың доллар жұмсалды: әрбір прототипке 25 мың доллардан. Достарым қаражат жинауға көмектесті. 

– Жаттығу құрылғысын жетілдіру жоспарда бар ма? 

– Әрине, технологияны жетілдіруге ниеттіміз. Біз АҚШ-тағы көптеген мамандандырылған ұйымды инновациямызбен таныстырдық. Бірден әртүрлі штаттың бірнеше губернаторы өздерінің зағип азаматтарын тренажерлармен қамтамасыз ету үшін келісімшарт жасау рәсімін бастауды ұсынды. Сондай-ақ, олар біздің аппараттарымызды басқа да аурулары бар зағип жандарға бейімдеуді сұрады. Мысалы, церебралды сал ауруы және көру қабілеті терең зақымдалған балалар үшін бейімдеуді қалап отыр. Қытайлық зағиптар қоғамы бізден зағип жандарға арналған білім беру жүйесін толықтай жаңадан құруды сұрады. Олардың иероглифтерін Брайльдің 64 шектеулі нұсқасында сыйғызу мүмкін еместігін түсіндірдік. Құран туралы білімді насихаттау жөніндегі халықаралық ұйымдар зағиптарға Құран оқуға мүмкіндік беретін өзін-өзі үйрету құралын жасауды сұрады. Алдағы уақытта оның барлығын іске асырмақпыз.     

– Сұқбатыңызға көп рақмет! Алдағы игі істеріңізге сәттілік тілеймін!

Айжан ДАЙРАБАЙ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №37
14 қыркүйек 2021 жыл

9472 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор