• ҰЛАН
  • 23 Сәуір, 2024

Маликаның тағы екі кітабы шықты

Достар, наурыз айында Amazon платформасында «Amina’s Nauryz» («Әминаның Наурызы») атты кітап шығарған 9 жасар кішкентай жазушы Малика Қабдылхақ естеріңде ме? Сәуір айында Маликаның тағы екі кітабы шықты. Біріншісі – «Qamajay – The Kazakh Cinderella» («Қамажай: қазақтың күлше қыз хикаясы»), екіншісі – «Little Josie» («Кішкентай Джоуси») деп аталады. Маликаның анасы Ақмаржан Қасмағанбетова:

«Маликаның кезекті кітабы қазақ фольклорында ерекше орын алатын Қамажай мен әлемге танымал «Күлше қыз» ертегісіне негізделген. Яғни, қызым Күлше қыз оқиғасына қазақи құндылықтарды, элементтерді қосып жазды. Негізінде бұл мектепте берілген тапсырма еді. Кейін өзім де қарап шығып, неге кітап ретінде шығармасқа деген ой келді. Оқиға желісі 15 сәуір – Қозы Көрпеш–Баян сұлу күніне сай келген соң, сәуірде шығаруды жөн көрдім. Түпнұсқасы ағылшынша жазылған. Күлше қыздың әлем бойынша бірнеше нұсқасы бар екен. Енді қазақ тілінде де жарық көрді. Пікір білдірген оқырмандар еуропалық фольклорға қазақи нақышты, мұраны жымдастыра біліпті деп мақтау айтып жатыр. Ал келесі кітап мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Мәтіні аз, суреті көп. Кітап 3 жастан 7 жасқа дейінгі балаларға лайықты. Санауды үйретіп, әріптерді, эмоцияларды тануға бағытталған. Бұл қызымның бесінші кітабы», – дейді.

Кітап авторы Маликамен де әңгімелестік. Ол Қамажай туралы бұрыннан білген. Мұғалімі тапсырма берген кезде кейіпкерді негізге алып, қазақша кітаптарының жанына қосқысы келген. Бүлдіршіннің кітап жазудағы басты идеясы жақсылықты көрсету екен. «Жақсылық жасасаң, ол сенің алдыңа қайтып келеді» дейді. Бұл оқиғадағы кейіпкерлер де сондай. Қамажай – жүрегі таза, адал ару. Бүркітке жақсылық жасайды. Айтпақшы, бүркітті сиқыршының рөліне қойған. Себебі бүркіт те ел символының бірі. Ал ары қарай айтатын болсам, әңгіменің толық мазмұнын жазып кететін сияқтымын. Сондықтан кішкентай жазушының әңгімесін өздерің оқып көріңдер.

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2024 жыл

1117 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор