• ҰЛАН
  • 23 Сәуір, 2024

Мейірім бәрін құтқарады

Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлайды. Суреті мен видеоларын да қоса жариялап жатыр.

«Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылындағы Маршал Әбдіхалықов атындағы гимназияның 4-сынып оқушысы Нұрасыл Игілікұлы өзінің жинаған ақшасын Құлсары қаласына гуманитарлық көмекке берді». «Түркістан облысының Кентау қаласының 11 жастағы тұрғыны Гауһар Шәймерден өзінің жыл бойы жинаған қаражатын су тасқынынан зардап шеккендерге табыс етті».

Су тасқыны басталғалы бері ел-жұрт қарап қалған жоқ. Әсіресе су басқан аймақтардан тыс облыстар көмектерін жедел жіберіп жатты. Көмек беру әлі де жалғасып жатыр. Ал көпшілікті сүйсіндірген – жоғарыда айтылған екі жаңалық. Сүйсіндіретіндей жөні бар. Себебі екеуі де бала. Осы бір жаңалық, осы бір оқиға – оның ар жағындағы кіршіксіз көңіл, мөлтілдеген мейірім тасқынның бетін қайтарып жібергендей. Әкесіне құм толтыру үшін қап ұстауға көмектесіп тұрған балақайдың видеосы тіпті тебірентіп жіберді. Неге осыншалықты сүйсіндік, неге осыншалықты тебірендік?!

Нұх пайғамбар заманынан қалған бір оқиғаны еске түсірелік. Әлемді топан су басып, Нұхтың кемесі тесіліп, су кіре бастайды. Сонда жылан пайғамбарға: «Тесікті бітесем, кемені судан аман қылсам, ақысына не бересің?» депті. «Қалағаның болсын», – дейді Нұх. Амалы жоқ, күллі кемені аман алып қалуға тиіс. – Дүниедегі ең қаны тәтті мақұлықты қорек еткім келеді, – дейді жылан. – Дегенің болсын! – деп келіседі Нұх. Жылан құйрығымен тесікті бітeп, жатып алады. Жарты денесі суық теңіздe ұзақ тұрғандықтaн, оның тәні солайша мұздай болыпты. Кеме Қазығұртқа жетіп, тасқыннан аман қалған соң, жылан «уәдеңді орында» дейді. Дүниедегі ең тәтті қанды іздеп табуға масаны жұмсайды. Маса іздеп табады. Тапқаны – адам қаны. Одан тәттіні таппақ емес. Оны пайғамбарға алып бара жатқанда жолда қарлығаш кез болады. Қарлығаш мәнжайға қанық болады. Масаны алдап, тілін жұлып алады. Қарлығаш тілсіз қалған масаның орнына «куәгер» боп, құрбақаның қаны тәтті дейді. Солайша адамды ажалдан аман алып қалады. Жиі кездесетін қисса, оқыған да шығарсыз. Тәмсіл біреу-ақ – адамзатты сақтап қалған қарлығаштың мейірімі. Бәлкім «әлемді мейірім құтқарады» деген сөз осыдан қалған болар.

Осы оқиғаны еске түсірген – жоғарыдағы екі баланың әрекеті. Сол балалардың әрекеті – қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанталас. Мейірім бәрін құтқарады. Мейірім бәрін қорғайды. Ал бізге сол мейірімді балалар көрсетіп жүр. Асылы, баладан үйренеріміз көп. Соңғы кездері жиі тараған екінші ақпаратқа назар аударайық.

Су тасқыны кезінде көп тараған ақпараттың бірі – өзге елдердің апаттан қалай сақтанатыны. Ол ақпаратты журналист Руслан Меделбек таратты. Әріптесіміз су тасқынынан мықты қорғанатын екі ел Нидерланды мен Жапонияның жетістігін баяндайды. Расында, сол екі ел ғылымның арқасында бүтін тұр. Әйтпесе бір қанатын тұтас су жайлаған елдің әлдеқашан-ақ жер бетінен жойылардай қаупі болған. Себебі ашық теңізде дауыл жиі тұрып, тайфун ұдайы болып тұрады. Алайда ғылым оларды қорғап тұр. Енді бізге не керегі белгілі сияқты. Мейірім және ғылым. Екеуінің бірінсіз мынадай алапатты құтқару мүмкін емес. Су сепкен қарлығаштың қос қанатындай...

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2024 жыл

1051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор