• ҰЛАН
  • 22 Сәуір, 2024

Тасқын, мен әлі жаспын!..

Балалар мен жасспірімдер – қоршаған ортаны қорғайтын жаңа буын. Олардың бойында ерекше идея мен дарын жасырын жатқан болуы мүмкін. Су тасыған аймақтарда бөгет жұмысына көмектесіп жүрген балалардың ісі мақтауға тұрарлық. Олар бізге жастың инновацияға кедергі емес екенін және планетамызды қорғауға деген құштарлық өзгерістердің күшті күші екенін көрсетті. Балалар қапқа құм толтырудан блек, згеше идея мен жаңалық иесі болуы да мүмкін. Біз бұл мақалада жапон халқының балалары, тәжірибесі мен өзіміздің жеткіншектер ойлап табуы мүмкін инновациялық жобалар туралы ой қозғап көрмекпіз.

Тарихта жойқын су тасқыны болған мемлекеттің бірі – Жапония. Жапондар су тасқыны қаупін азайтудың тәсілін тапқан халық десек те болады. Бұл тәсіл – су қоймалары және су тасқынын бақылаудың кешенді жүйелері сияқты физикалық инфрақұрылымдар. Бұған бөгет салып, жер қазудан басқа гидрологиялық ақпаратты тарату, жерді пайдалануды реттеу және эвакуация бойынша кеңес беру де жатады. Жапонияда су тасқынын қала орталықтарынан басқа жерге бағыттай алатын жер асты суларын бұру қондырғылары салынған. Бұған қоса, Жапония өз жерін су тасқынынан қорғау үшін жоғары деңгейдегі жағалаулар жасап, эрозия мен шөгінділерді бақылауға инвестиция құйыпты.

Жапониядағы су тасқыны қаупін азайту стратегиясында ақпараттық шаралар да маңызды. Оған халыққа тасқын қаупі және дайындық туралы түсіндіру, төтенше жағдай кезінде адамдарға саналы шешім қабылдауға көмектесу үшін нақты уақыт режимінде гидрологиялық ақпарат беру және қауіпті аймақтарда құрылыс салмау үшін жерді пайдаланудың нақты саясатын белгілеу кіреді. Жапонияда балалар мен жасөспірімдер де апат қаупін азайту үшін үлес қосады. Олар жәй ғана оқушы емес, белсенді ақпарат таратушы. Жастарды ақпарат тарату қызметіне тарту өте маңызды. Өйткені олар осы жүйелерді қолдау және жетілдіру жауапкершілігін мойнына алатын келер ұрпақ. Мектептерде балалар апатқа қарсы тұрақты жаттығуларға қатысады және апатқа дайындықтың маңыздылығы туралы білім алады. Олар әртүрлі апат жағдайларына, соның ішінде су тасқынына қарсы әрекет етуді үйренеді. Демек, жас кезінен дайындық мәдениетін қалыптастырады.

Жасөспірімдер әлеуметтік жобалаларға қатыса алады. Олар хабарлама тарату, жергілікті билік органдарымен диалог жүргізу, тіпті су тасқынына қажет құралдар мен ресурстарды дамытуға көмектеседі. Аға ұрпақ назардан тыс қалдырған инновациялық шешімдерді жаңаша ойлайтын жасөспірімдер жасап шығаруы мүмкін. Жапонияның су тасқыны қаупін азайтудағы жетістігі – озық инженерия, мұқият жоспарлау және қоғамның белсенді араласуының жемісі. Жапон балалары су тасқыны қаупін азайтуға деген көзқарасын жетілдіруді жалғастырып жатыр. Әлемнің көп елі олардың тәжірибесін бақылап, үйренеді. Басым аймағын су алып жатқан біздің ел үшін балаларды оқыту және мұндай оқиғаларға дайын болу өте маңызды. Су тасқынынан қорғану үшін балалар не істеуі керек?

Ең әуелі балаларға су тасқынының қаупі және төтенше жағдайларға дайындықтың маңыздылығы туралы білім беру керек. Бұған ауа райы туралы ескертулерді түсіну, эвакуациялау жолдарын білу және су тасқыны кезінде қауіпсіздікті сақтауды үйрену жатады. Мектептегі төтенше жағдайлар жаттығуына үнемі қатысу балаларға нақты су тасқыны кезінде не істеу керектігін түсінуге көмектеседі. Төтенше жағдай кезінде сенімділік пен сабыр сақтау да маңызды. Ал қазақ балалары қандай инновациялық шешімдер ұсына алады? Балалардың зерттеу жұмысы су тасқынынан қорғанудың инновациялық шешімі болуы мүмкін. Олай болса, қиялымызды іске қосып, қандай жобалар жасап көруге болатынын ойлайықшы... Мысалы:

– Тұрғын үйдің ерекше үлгісін жасау: берік және су өткізбейтін материалдарды пайдаланып, су тасқынына төзімді үйдің үлгісін жасап көр. Бұл процесте сәулет пен инженерияны үйренесің.

– Алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу: қоғамдық орталыққа немесе смартфондарға сигнал жібере алатын су деңгейінің мониторлары сияқты жергілікті су тасқыны туралы ескертулерді жасау үшін қарапайым технологияны пайдалан.

– Қауіпсіздік орнын картаға түсіру: эвакуациялау жолдарын және төтенше жағдайларға ден қоюды жоспарлау үшін маңызды болуы мүмкін қауіпті аймақтар мен қауіпсіз аймақтарды анықтау үшін картаға түсіруге қатыс.

– Құм қапшықтарының баламалары: құм қапшықтарының орнына пайдалануға болатын жеңіл, оңай орналастырылатын кедергілерді ойлап тап. Мысалы, бұл жоғары сыныптағы оқушылар үшін зерттеу жобасына таптырмас идея.

Балаларды су тасқынынан қорғаудың кілті – білімде, дайындықта. Білімді шығармашылықпен ұштастыра отырып, балалар зін қорғауды үйреніп қана қоймай, сонымен қатар ауыл-аймағын су тасқынынан қорғауға үлес қоса алады.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

Суреттер ЖИ көмегімен салынды

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2024 жыл

1193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор