• ҰЛАН
  • 15 Сәуір, 2024

«Жан сырымның» жұлдызы

Жақында біздің өлкеге келген белгілі айтыскер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сырым Әуезханмен әңгімелесудің сәті түсті. Сырым ағамызды әлеуметтік желілерде Жандарбек Бұлғақов екеуінің «Жан сырым» жобасы арқылы білетіндер де көп. Біршама танымал әндердің сөзін де жазған. Мәселен, Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Қиын-қыстау, қилы заманда» деп басталатын «Біргеміз» әнінің сөзін жазған Сырым аға екенін бірі білсе, бірі білмейді.

– Ең алдымен сұқбатты бастамас бұрын өзіңіз туралы осы уақытқа дейін ешбір БАҚта жарияланбаған ақпаратты айта аласыз ба?

– Салмағым 52 келі.

– Бір сұқбатыңызда: «Азан шақырып қойған атымды Сырым батырдың құрметіне, сол кісінің бойындағы асыл қасиеттері дарысын деген ниетпен атаған» деген екенсіз. Жалпы, бойыңыздағы суырыпсалма ақындық, шешендік өнерді осы ырымдап қойылған есіммен байланыстырасыз ба? Отбасыңызда сізден бөлек шығармашылық тұлғалар бар ма?

– Иә, атымды Сырым батырдың құрметіне қойған. Жалпы, адамның тағдырына оның есімі және ата-анасының берген тәрбиесі бірдей әсер етеді деп ойлаймын. Әдемі ат қойғанмен, онымен көп нәрсе шешілмейді. Бірақ, шынымен адамға дұрыс есім қойылуы керек. Есімнің де әсері бар. Дегенмен мен қатты ырыммен байланыстырып, осы атты қойғаннан кейін осындай болып кеттім дегендей әсерленіп жүрмеймін. Жақсы ат қойылғанына шүкір етемін және осы есімді кішкентайымнан дұрыс түсінгендіктен шығармашылық тұлға болып қалыптастым деп ойлаймын. Әр адамның бойында шығармашылық қасиет болады. Мен үйдің жалғыз баласымын. Анам тәрбиеледі. Ол да шығармашылық адамы. Осы күнге сол кісінің арқасында жеттік.

– Ақындық өнер жүре пайда бола ма, әлде туа біткен, қаннан даритын қасиет пе?

– Кез келген өнер адамының бойында белгілі бір дәрежеде қалыптасады. Біреуде көп мөлшерде болады, біреуде аз мөлшерде. Туа біткен, алайда оны дамытпаған, ізденбеген, еңбектенбеген адамда нәтиже болмайды. Нәтижеге қол жеткізу үшін кез келген туа біткен өнерді тұрақты түрде дамытып, шың-дап, кәдімгідей қолданысқа жарайтындай, елге өтімді болатындай пісіріп шығару керек.

– Өлеңнің қалай туатыны қарапайым жандарға қызық дүние. Сіз өлеңді қалай жазасыз немесе кім себепкер болады? Әлде бұл ішкі жандүниенің сыбдыры ма?

– Өлең тууының екі жолы бар. Біреуі сезім арқылы, екіншісі ақыл арқылы. Екеуі де дұрыс. Көбіне жазба ақындардың өлеңдері сезімге қатысты туады. Әртүрлі оқиғада әртүрлі толғанасың ғой. Ал, ақылмен туатын өлеңдер мақсатың түсінікті болған кезде шығады. Мысалы, айтыстағы шумақтар ақылға сүйеніп шығарылады. Себебі, айтыста сезімім осындай деңгейде болуы керек деп күтіп отыратын уақыт жоқ, тезірек қарсыласқа жауап беру керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді толғап, оның пайдасы мен зиянын халыққа жеткізіп үлгеру керек.

– Қанша жасыңыздан бастап өлең шығарып, айтыс сахнасына аяқ бастыңыз? Кім сізді үлкен айтысқа алып келді?

– Менің өнерге келуіме себепкер болған – анам. Алты жасымнан бастап өлең шығара бастадым. Айтысқа 6-сыныптан қатыстым. Үлкен айтысқа 10-сыныпта шықтым. Барлығы анамның берген тәрбиесі мен бағыт-бағдарының арқасы. Бала кезімнен қазақ әдебиетін, фольклорын санама сіңірген жан.

– Қазіргі айтыс өнері туралы не айтасыз?

– Кез келген ұлттың интелектуалдық потенциалын көрсететін өнері болады. Орыстардың КВН-ды дамытуының бір себебі дейміз бе, пайдасы дейміз бе, олар өздерінің қаншалықты әзілдей алатынын КВН арқылы көрсетті. КВН-нен талай жас өсіп шықты. КВН үлкен идеологиялық құралға айналды. Ал, қазақтың менталитетіне сәйкес келетін осы КВН сияқты өнер – айтыс. Айтыс өнерінің мақсатын немесе әлеуетін халық кейде дұрыс түсінбей жатады. Ол тек қана бір саяси сындар айтатын немесе екі ақын бір-бірімен әзілдеп кететін жер емес, ақындардың интеллектуалдық, логикалық деңгейін пікірталасқа салатын жер. Сондықтан, озық ойлы жастар айтыста жолығатын болғандықтан, бұл өте күрделі, қиын өнер ретінде қабылданған.

Қазіргі кезде де жастар арасында айтыс сұранысқа ие болу үшін заман талабына сай насихатталса, ойы жүйрік айтыскерлер шығады деген сенімдемін. Егер айтысты қазақтың интеллектуалдық потенциалын ашатын, дамытатын өнер ретінде қарастырсақ, көп пайдасы тиеді.

– Ең алғашқы шығарған өлеңіңіз есіңізде ме? Көбіне қандай тақырыптарды арқау етесіз?

– Алты жасымда: «Құстар, құстар келеді,

Бала сәлем береді.

Атасына қол беріп,

Әдет қылып жүреді», – деген сияқты өлең шығарғанмын. Ұйқастырудан басталған дүние ғой. Одан кейін, әйтеуір, елге пайдалы болатын тақырыптарды қозғауға және сәл ұятты, аса пайдасы жоқ тақырыптарға қалам тербемеуге, ол жақтан шектелуге тырысамыз.

– Өкінішке қарай, кейінгі кездері өлең шумақтарын ұйқастырмақ түгілі, дұрыс сөйлеудің өзі қоғамда қиын болып бара жатқан сияқты. Қазақ тілінің қазіргі құндылығы мен тілдің шұбарлануына деген көзқарасыңыз қандай?

– Ондай пікір болғанымен, толыққанды келісуге де болмайды. Түсіну керек нәрсе – біз кешегі совет үкіметінен қазір нарықтық дәуірге өттік. Нарықтық дәуір дегеннің бір қызық жері әрі пайдалы, әрі қиын болуы мүмкін, бірақ бұл жерде кез келген дүние бәсекеге қабілетті болуы қажет. Қазақ тілі де, оның құндылығы да төмендеген жоқ. Қазақ тілі кәдімгідей үлкен бәсекеге түсті. Егер біз осы бәсекеде қазақ тілін жақсылап насихаттай алсақ, өзіміз тіліміздің сұранысқа ие болуына тікелей мүдделес болсақ, тіліміз төмендемейді және шұбарланбайды. Мәселен, біз қазір оған деген сұранысты, қызығушылықты қалыптастыра алмай отырғанымызды түсінуіміз керек. Ал оны қалыптастыру үшін мемлекет арнайы қаражат бөліп, үлкен іс-шара ұйымдастырудың қажеті жоқ сияқты. Қазақ тіліне деген сұранысты арттыру үшін қазақша сапалы контент және елдің бәрі қызығатындай, сол арқылы ақша табуға болатындай керемет дүниелер жасалу керек. Сондықтан әр адам осыны сезініп әрекетке көшуі керек деп ойлаймын. Жандарбек аға екеуміздің шығарып жүрген «Жан сырым» деген жобамыз бар. Сол жобада қоғамдағы өзекті мәселелердіқозғап, халыққа пайдалы дүниелерді айтып қалуға тырысып жүрміз. Жалпы, осы бағытта өлеңмен елге дұрыс ақпаратты жеткізуді тоқтатпаймыз.

– Мұхтар Ниязовтың «Айтыскерлік қабілет әр қазақтың бойында бар» деген тұжырымымен келісесіз бе?

– Иә, келісуге болады. Жалпы, айтыскерлік барша адамзат баласының бойында бар деп ойлаймын. Айтыскерліктің негізі – ой таластыру, уәждесу. Яғни, біреуі айтқан ойға келесі қарсыластың ой айтуы, жәй ғана сөз қуалау емес, жәй ғана әдемі сөз айту емес. «Шешендік – көркем сөздің көптігі емес, керек емес сөздің аздығы» дейді ғой. Сондықтан уәждескен кезде дұрыс ой жарыстыра алған адам айтыс өнерінде жеңіске жетеді. Айтыскерлік – ұйқаспен уәждесу.

– Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

– Қазірдің өзінде белгілі бір деңгейде бастап кеттік деп ойлаймын. Мен шәкірт тәрбиелеу дегенді бір арнайы жұмыс ретінде қарастырмаймын. Қасыма ілесіп жүрген інілерім бар. Бірақ олардың бәрі бірдей айтыскер болуы шарт емес.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Аяулым ЖАНАТОВА,

№23 мектептің11 «Ә» сынып оқушысы

Қарағанды қаласы

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор