• ҰЛАН
  • 12 Сәуір, 2024

«Әжемнің әңгімелері» сериясынан

Ауылымызды үш шақырым жердегі Ресеймен бір ғана Сарыөзен бөліп тұр деген аты ғана болмаса, кәдімгі қазақы бояуы қанық ауыл. Өзге жұрт ойлайтындай «орысқол» қазақтар емеспіз. Ауыл демекші, ауылдың тірлігі бітуші ме еді? Таң ата салып кеш бозарғанға дейін іргелес жатқан нағашы әжем мен өзіміз малды жайғап, үй тірлігіне етене араласып-құраласып кеткеніме де біраз жыл болыпты. Алайда мал жайғау, үй тірлігі деген жай ғана сылтау. Бар ойым – әжемнің айтар әңгімесі болатын. Күнделікті шаруадан кейін бөлем екеуміз үйге асыға кіріп, нағашы әжеміздің әңгімесін ұйып тыңдай қаламыз. Әсіресе, қыс мезгіліндегі қаңылтақ тезек пен қи араласа жанған пештің қызуы одан әрі әңгімеге әр беретіндей. Бала кезден бөлем екеуміздің тақымымызды қысып, тайды үйретуге көңіліміздің ауатынын әжеміз де байқаса керек, әңгімесінің дені де жылқышы атамыздың ат баптауы турасында болатын.

БОРАН ОЙЫНЫ

Қаңтардың жиырма сегізінші жұлдызы. Кеше ғана жаяу жүріп тұрған борасынның арты бүгін көз аштырмас боранға айналды. Нағашы екеуміз мал жайғаудың әлегіне түстік. Екеулеп борандатып, қар басып тастаған ит қабырға қораның есігін әзер ашқанымыз сол еді, асығысүсігіс кешкілік жатақ орынды тазалап үлгердік. Малды орнына кіргізіп тастап, менің бала көңілім тезірек үйге кіруге асықты. Нағашым өзі қалып, мен үйге кіріп, киім ауыстырдым. Терезенің жақтауынан далаға үңілген әжемді көріп, қасына бардым. Жақындай келе: «Мына боран «Көктеректің» (ауыл маңындағы, Сарыөзеннің қасында орналасқан қалың тоғай) кетігіне ілініп қалды ма, ей? Тегі-ау бір басылмады ғой» дегенін естідім. Солтүстік-шығыстан соққан боран үйде отқан әжемнің де көңіліне тиген болды-ау деймін, әлде үйдің салқындағаны әжемнің мазасын қашырды ма екен? Менің жанына жақындағанымды көріп, кезекті әңгімесін бастады.

– Бұл боран, боран ба? Атқұмар атаңның жылқы әкелген күнгі түтек боранды мына сендер көрмедіңдер ғой, – дегенде тап бір фильмнің трейлері ме дедім. – Жылқы баптап, жылқы өсірген адам жақсы тұқым көре қалса, ауыстырып алуға немесе сатып алуға құмартып тұратыны бар емес пе? Қытымыр қаңтар аяғына жақындап, ақ ықпа ақпан айының басында Ресейден жылқы алып келуге кетті атаң. Сондағысы ақпанның ақ түтек боранына ілікпеу болатын. Өзімен бірге арқан жіп, сәуек күрек пен тік күректі салып, жолға азығын алып кетті. Атаңа мен, нағашы ағаң мен ауылдан 4-5 жігіт жолсерік болдық. Таңмен ерте өзеннен көпір арқылы өтіп Ресейдің Алғай деген жеріне кеттік. Барар жолда күн керемет болып ашылып, жарқырап күн шығып, май тамып тұрды. Соның арқасында Алғайға тез жетіп алдық. Жаз уақытында шана жасайтын шеберге айтып қойғанбыз, соған барып дайын шанамызды алдық. Кейін үлкен бір мал қораға барып, 6 сыған тұқымдас жылқыны құрықтап ұстап, ноқталадық. Әлгі жылқылар біз көріп жүрген кәдімгі қарабайыр жылқы емес, құйрық-жалы бұйраланып төгілген, кекілі желмен толқындап сырт қараған көзге құбылып, тамсандырып, еріксіз өзіне тартады. Тап бір сұлулықтың символы дерсің. Ертесіне жылқыларды мініп келген аттарымызға қосарлап, байлап, жетектеп жолға шықтық. Жол басын атаң бастап келе жатыр. Жетегінде екі жылқы. Өзінің астында ешқашан күйін жібермей домаланып тұратын, жалы қысыжазы таралып, жүні құбылып, кекілі оң жақ көзіне қарай қайтарылып, күміс жұлдызды жүгені бар, үлкен қара қасқа айғыр болатын. Оған атаңнан басқа ешкім мінбейтін. Атаңның өзі оны алыс жолға шыққанда болмаса, былай кез келген жерге тақымына салмайтын. Ол өте төзімді, қуатты жылқы болатын. Оның көш бастауы еш даусыз дүние еді. Атаңнан кейін мен келе жатырмын. Астымда көк дөнен, жетегімде бір жылқы. Менен кейін ауылдың үш жігіті, жетелеген бір-бір жылқысы бар. Көш соңында нағашың шанаға жегілген жылқысымен келе жатыр. Алғайдан он шақырымдай асқанда қар жауа бастады. Кейін жапалақтап жауған қар үдете түсті. Ақыры көз аштырмас ақ түтек боран басталды. Жылқылар тоқтап қалды. Атаң қара қасқа атынан түсіп, соңғы аттарға барды да кері келіп, бәрімізге жылқыны босаттырып, бізге бағыттап жүре беріңдер деді де, өзі он жылқымен қалып қойды. Содан ол он жылқыны шашау шығармай алдына салып айдай жөнелді. Біз боранда бетімізді аша алмай әзер жүргенде атаң тап бір боранда емес, көктемнің қоңыр желінде шауып жүргендей түк қиналмай еңсесін тіктеп, боранға қарсы шаба жөнелді. Ол сол жердегі ауылға аялдапты. Артынша біз де бардық. Барсақ, атаңды сол ауылдың бір ер азаматы көріп қалып, жөн сұрасып үйіне шақырыпты. Осындайда қазақы қонақжайлықты көріп бір марқайып қаласың. Жиырма шақты жылқыны қорам тар демей, он шақты адамды үйім тар демей кіргізіп, әрқайсымыздың бабымызды тауып, ас-су беріп, бір түнеткізді. Үйі кішкентай. Отыз жас шамасындағы күндегі тірліктегі қараторы әдеміше келген әйелі, жасы тоқсанға келген қартаңдау әкесі, бес баласы бар екен. «Үйім тар» демей бәрімізді сыйғыза білген, кең көңіл қазағым-ай! Сөйтіп таңертең ертемен жолға шықтық. Солай борандатып жүріп ауылға да жеттік. Осы әңгімеден кейін ғана қарға адым ұзарған қаңтар, ақырып келген ақпанның мінезін бір байқағандаймын. Әр қыс келерде ауа райын болжап, ақпан-тоқпан амалына ілікпей, мамыражай көктемге іліксек деп тілеп жүремін. Алайда биыл қоян жылы өз әдетінен жаңылмай тұр.

ТӘРБИЕ мен ТӘЛІМ

Ақпан. Таңертеңгі сабақтан шығып бірден әжеме бардым. Әжем үйде өзінің Құран кітапшасын оқып, сүртіп, дорбасына салып реттеп отыр. Әжем Құран кітапты оқуды үнемі қайталап отыратын. Жұма сайын ескі мешітке барып тұратын. Атам мен әжем – байырғы қыр (мал ұстайтын жер) адамдары. Ауылда әжемнің бойы аласа келген өте қуатты апасы тұрған. Атам мен әжемнің үш қызы сабақ уақытында сол үйде жатыпты. Атап айтқанда, үлкені – Ақмарал, ортаншысы – менің анам Маржан, кішісі – Шолпан. Әжем бала тәрбиесіне өте қатал қараған. Жылқы үйрету, қой құрттау, үйдегілер қонаққа ауылға кеткенде мал қарау секілді жұмыстарды істеген Ақмарал апам ер мінезді, малсақ жан. Ал үйдің жұмысы, тамақ пісіру, үй жинауды анамның мойынына ілгендіктен болар, жас күнінен ауылдағылар тәттінің шебері ретінде танып қалған. Ұсақ-түйек арық қойларға шөп салу, су беру, ыдыс жинау үйдің кенжесі Шолпан апамның жұмысы болыпты. Кенже бала қашан да ерке ғой, сондықтан ауыр жұмыс істемеген. Кенже апамның табиғаты байсалды. Әжемнің қыз бала тәрбиелеудегі басты қаруы – «әкеңе айтамын». Алайда атамыз қыздарына зекімек түгілі, көзімен де тойтармаған адам екен. Біздің халық қыз баланы әкеге жақын, мінезі әкенікіндей болады деуші еді ғой. Тура солай, атам қандай турашыл, қарулы адам болса, анам мен нағашы апаларым да сондай қайсар, турашыл, сөзшең адамдар. Осылайша көз алдымнан әке мен ана институты тәрбиесі нәтижесін көріп келем. Мен әжеме алған бағамды көрсетіп, мектептегі қызықты айтып бердім. Содан әжем әңгімесін бастады.

– Сабақ демекші, атаң қанша жерден шаруа адам болса да қыздардың сабақтан қалмауын қадағалап отыратын. Әр аптаның жұмасы алып кетіп, дүйсенбі күні таңмен ерте алып келіп жүрді. Қыстың күні екінің бірінің аты сүйрей алмайтын, тек атаңның жеккіге арналған қос жылқысы сүйрейтін. Ресейден тапсырыспен жасалған зерделі ағаш шанамен апарып жүрді. Әлгі екі пар ат екі жаққа қайқиып, қарды күреп жол жасап шабатын. Атаң ол жылқыларды жеккенде де қалайсолай жекпейді. Қолдан жасалған күміс оюлары бар жүгенін тағып, оған түрлі шашақ жасап, сәндеп байлап, ұзын, ақ-қара оюы бар дербені тізгіндеп жегетін. Ол аттарды көрсең, ойбо-оу-у, тап бір картинадағы шетелдің аттары сияқты болатын. Жүргенде бірден қозғалып, анау-мынау жүре алмайтын күртік қарды жарып, жол жасап жүретін. Кейін ол аттарды жазда қолданбайтын. Шідері салмай, далаға бос жіберетін. Тіпті ол екі пар атқа ер де салмайтын. Күздің аяғында екеуін ұстап жемдеп, жалын тарап баптайтын. Әр жылқыға ерекше күтіммен қарайтын. Тіпті ерекше күткені сонша – көктемгі, күзгі балшыққа жылқыларын салмайтын. Жылқыларым қиналып кетеді деп. Содан ауылмен қатынау үшін совхоздан трактор, ДТ шақыртатын. Солай әйтіпбүйтіп сабақтан қалдырмайтын. Қыздарды ауылға апарып тастағаннан кейін, келеді де тірлігін жалғастыратын. Кешке сағат 9-да кіріп, 10-ға дейін кешкі тамағын ішіп, 10-нан түнгі 12-ге дейін ұйықтайтын. 12-де тұрып екеуіміз көргенбілгенімізді айтып, 2-ге дейін шәй ішеміз. Содан 2-ден таңға дейін атаң саған айтып жүрген күміс зерделі жүгендер, оюлы дербелер, шашақтардың бәрін сол уақытта өзі қолдан жасайтын. Жүгендерді қайыстан кесіп, оларды бояп, оған күміс, альюминий ойып, қашап жабыстыратын. Қайыстан қамшы, шыбыртқы жасайтын. Әр жылқының өзінің жүгені, қамшысы бөлек болатын. Тіпті ат-әбзел тұратын бөлек сарайы болатын. Атаң малдың артында жүрсе де өте мұқият, жинақы, таза жүретін. Соның арқасында сарайында қай зат, қай жерде тұрғанын үйде отырып айтып отыратын. «Ақмарал, қойға қарагер ай қасқаны ерттеп, сарайға кіріп келгенде сол жағындағы үшінші тұрған жүгенді кигізіп барып қайт» дегендей, бөліп-бөліп айтып отыратын. Егер атқа мінгеннен кейін жүгендерді әр жерге тастаса ренжіп сөйлейтін: «Ай, айналайын-ау, мұның не? Жүгенді осылай тастауға бола ма екен?» дейтін. Содан Наурыз тойына арнап мінетін аттарына да ерекшелеп шашақты жүгендер дайындайтын. Наурызды кейін айтармын. Бүгінге осы. Сен үйге барып киіміңді ауыстыр, мал суарайық, – деп кезекті әңгімесін қысқа қайырды.

Ілияс ҚАЙСАҒАЛИ,

Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы

Батыс Қазақстан облысы

Казталов ауданы

Қошанкөл ауылы

«Ұлан» газеті, №15
09 сәуір 2024 жыл

1095 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор