• ҰЛАН
  • 25 Наурыз, 2024

Дронның тілін тапқан Бекарыс

Алматылық Бекарыс Жұмабектің туған қаласы туралы видеолары әлеуметтік желіде танымал. Жасы 14-те болса да өнерлі жігіттің роликтері бізді де таңғалдырып, сапасы көз тарта түсті. Туындылары желі пайдаланушыларының назарына іліккен кейіпкерімізді азды-көпті пабликтер де жазды. Біз де әңгімеге тарттық.

Желі қолданушыларының жыл өткен сайын видео өнімдерге көп қызығуы арта түсті. Оны өздерің де байқаған шығарсыңдар. Қазірдің өзінде видео түсіруді қызықтағандар табыс тауып жүр. Әлеуметтік желі қолданушылары визуалдық контентке ден қойып, мобилографтарды жалдап жатыр. Осыған дейін де жас мобилографтар туралы жазған едік. Олардың көбі телефон, камера арқылы түсіреді. Ал Бекарыс болса видеоларын дронмен түсіреді. Құстай ұшқан техника керемет туындыларды өмірге алып келді. Осылайша туған жеріне деген деген сүйіспеншілігін білдірген өнерлі оқушы бұл ісін хоббиім дейді.

Бекарыс №133 мектеп-гимназияның 8-сыныбында оқиды. Ол видеоларын Dji air 3 дронымен түсіреді. Бұл оның бірінші техникасы емес екен. Оған дейін талайын сындырып алып, қайта салып алған. Дегенмен, бірде құлап, бірде құстай самғаған кейіпкеріміз керемет нәтижелерге қол жеткізді. Бастысы, қазір Бекарыс сапалы контент өндіріп отыр.

– Бекарыс, барлығы неден басталды?

– Бастапқы әртүрлі іс-шараларда ұшып жүрген дрондарды қызықтап тұратынмын. Сол кезде неге осы техниканы зерттеп, қолданып көрмеске деген сұрақ туындады. Барлығы осыдан басталды. Маған Қазақстанның қалаларын, табиғатын түсірген қатты ұнайды. Әсіресе, Алматы қаласы жаныма жақын. Менің осы қала туралы бірнеше видеом желіде кең тарады. Мәселен, Медеу мұз айдыны, қаланың кешкі көрінісі, тау бөктері, құжынаған машиналардың қозғалысы, әл-Фараби даңғылындағы керемет ғимараттардың көрінісі сияқты роликтер қаншама мың қаралым жинады. Видео түсіріп жүргеніме 2 жыл болды.

– Неге табиғатты, қала көрінісін таңдадың?

– Маған әсем табиғатты, Алматының тынымсыз тіршілігін түсірген ұнайды. Оны өзім сезінгендіктен, басқа адамдарға да осы ғажайып сезім мен көріністі жеткізгім келеді, жеткізіп жүремін деген ойдамын.

– Дрон арзан тұрмайтынын білеміз. Сапалы техника алуға кім қолдау көрсетті?

– Dji air 3 – төртінші дроным. Осыған дейінгілерім арзан болды. Шамамен 50–60 мың. Қазір, дроным бір миллионның үстінде. Ата-анам қолдау көрсетіп жатыр. Басында арзан дрондарды құлатып, сындырып жүрдім. Ол сәттіздіктерім бірі. Алайда үйрене келе жетіле түстім.

– Қазір дронмен видео түсіріп табыс табасың ба? Дронға кеткен ақшаны шығарып алдың ба?

– Әрине, әлеуметтік желі арқылы табыс табу, соның ішінде видео контенттен ақша жасау қолайлы жұмыс. Көбіне Инстаграм арқылы тапсырыс түседі. Кейбір пабликтер менің дайын видеоларымды салып, астына парақшамның сілтемесін беріп кетеді. Оны байқаған адамдар мені танып, ұсынысын айтады. Бастысы, ата-анам қарсы емес. Керісінше, олар үнемі мені қолдайды.

– Қазір жас мобилографтар Қыран Талапбек сынды мамандардан курс алып жатады. Ондайларды тізіп айта берсең, көп. Бағасы да кейде қалта көтермейді. Ал сен қандай курс оқып, үйрендің? Жаныңда үйрететін адамың болды ма?

– Мен ешқандай курс оқымадым. Ютуб желісі арқылы да көп дүниені үйренуге болады. Мен де сол жақтан үйрендім. Міндетті түрде курс сатып алудың қажеті жоқ секілді. Жүре келе үйренесің. Бастысы, талпыныс пен еңбек болса болды. Бәрі өз қолыңда.

– Видеоларыңды қандай бағдарламамен монтаждайсың? Әдемі туынды шығу үшін нені ескеру қажет?

– Роликтерді ноутбук арқылы Davinci resolve бағдарламасымен өңдеймін. Әдемі видеоның сыры – дронды тікелей дұрыс бағыттауда. Оның бағдарламасын нақ қоя білу керек. ISO, камера қолдана білетіндер бұл салада ұтады.

– Енді қай жерді түсіру ойда бар? Болашаққа қандай мақсаттар қойып отырсың?

– Осы жазда Астана, Ақтау, Түркістан, Шымкент қалаларына барып, видео түсіруді жоспарлап отырмын. Себебі бұл қалалардың да әсем жерлері бар. Бүкіл Қазақстанды түсір десе, міне, дайын тұрмын. Дронмен түсіру әзірге хоббиім. Болашақта қандай маман иесі болуды әрі нақты жоспарлаған жоқпын. Бірақ кино әлеміне барғым келеді. Режиссерлікті ойлап жүрмін.

– Қызығушылықпен басталған кішкентай бастамалар уақыт те келе жетістіктер мен табыстарға алып келген. Болашақ міріңді осы саламен байланыстыруға тілектеспіз. Іске сәт!

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2024 жыл

1275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор