• ҰЛАН
  • 21 Наурыз, 2024

Балалар да радио жүргізеді

Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтбеде таралатын «Айсын» балалар радиосының жүргізушілері, кркемсз оқу шеберлері мен ұстазы Айсын Мүрсінқызы «Ұланның» редакциясында қонақ болды. Елімізде осындай неше балалар радиосы бар екенін нақты білмейміз. Бірақ «Айсын» Ақтбедегі жалғыз балалар радиосы. «Болашақта облыс, одан кейін республикаға тарайтын жиілік алсақ деген мақсатымыз бар. Себебі республикамызда балалар радиосы жоқ», – дейді радиожурналистика мектебінің негізін салушы Айсын Мүрсінқызы. Бұл мектепке келген балалар тек радиода сйлеп қана қоймай, сол деңгейге жеткенше мәтін жазады, дауысын қояды, ораторлық нерін шыңдайды, зін еркін ұстап, импровизацияны үйренеді. Бізге келген Айша, Айжан, Ботакздің радиожурналистика мектебінде оқып жатқанына 3 жылға жуықтап қалыпты. Қазір радиода әрқайсының жүргізетін айдары мен бағдарламасы бар. Айша «Трлет», Айжан «Туған күн», Ботакз «Поэзия» айдарын, жаңалықтарды жүргізеді. Бүгінде ән мен биден зге бірталай үйірме бар. Балалар неге радиожурналистика мектебін таңдады екен? Өздері айтып берді.

Айжан: Мен бұл мектепке 10-11 жасымда келдім. Қазір 7-сынып оқушысымын. Келгеніме қуанамын. «Айсын» мені көп нәрсеге үйретті. Көпшілік алдында нық сөйлеуді, өзімді еркін ұстауды үйрендім. Өзіммен бірге радиожурналистика мектебіне қатысатын балалардың басым бөлігі журналист болғысы келеді. Әзірге бала арманымыз. Бәріміз бірдей журналист болмасақ та еркін сөйлеп, ойымызды ашық жеткізу маңызды деп ойлаймын.

Ботакөз: Екі жылдан бері осындамын. Радиожурналистика мектебіне менен бұрын құрбыларым келген. Олардың көркемсөз оқу шеберлігіне қызығып, мен де орталықта білім алғым келді. Ортада сөйлеу маңызды ғой. Қазір үйреніп жатқанымның бәрі керек, жоғары оқу орнына қиналмай түсуге де көмектеседі. 9-сынып оқушысымын. «Айсынға» келгелі мектептегі белсенділігім де артты. Жиындарда өлең оқу сияқты қырымды байқап мені түрлі іс-шараның жүргізушісі ретінде ала бастады. Қазір радиоға «Жаңалықтар» айдарымен шығамын. Өзіме жаңалық жүргізген көбірек ұнайды. Ел, әлем, өз қаламыздың жаңалығын оқимын. Дикциям осы форматқа лайық келетінін мұғалімдер аңғарған еді.

Айша: Үш жылда радиожурналистика мектебінен алғаным көп. Көпшілік алдында өзімді еркін ұстауды, микрофон алдында қобалжуымды жоюға мүмкіндік берді. Мәнерлеп оқу қабілетім артты. 7-сынып оқушысымын, республикалық арнада сұқбат беруге мүмкіндік алдым. Байқауымша, радиомызды қаламызда көптеген бала тыңдайды. «Кеше сенің дауысыңды тыңдадық» дегенді таныстарымнан жиі естимін. Байқауларға апарып, ел алдына шығарып жүрген Айсын апайға алғыс айтамын.

– Айсын, радио бағдарламаларға мәтінді балалар жаза ма?

– Таңғы сағат тоғызда «Жаңа күн» бағдарламасымен эфирді ашамыз. Әзірше бізде авторлық бағдарламалар жоқ. «Туған күн», «Қызықты ақпарат», «Поэзия» сынды шағын айдарлар бар. Мектепте журналистика саласында тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Бірі телеарнада, бірі ұзақ жыл бойы мерзімді басылымда, бірі пиар саласында қызмет атқарған. Радиоға шығатын сценарийдің басым бөлігін сол ұстаздар дайындайды. Ересек топтың оқушылары өздері жазып жүр. Біз қандай тақырыпта, қандай деректерді қамтуға болатынын айтып, бағыт береміз. Ары қарай идеяны өздері дамытып, сценарий жазып келеді.

– Радиожурналистика мектебі деп аталғанмен, баланың зге де шығармашылық қабілеттерін жетілдіреді екенсіздер. Бір баланы радиоға, сахнаға алып шыққанша қанша уақыт жұмыс істейсіздер?

– Біз белгілі бір мамандықты меңгеру үшін төрт жыл білім аламыз. Одан кейін үш-төрт жыл жұмыс істейміз. Сондықтан бір айда баланы бірден радиоға шығару мүмкін бола бермейді. Кей балалар табиғатынан пысық, жылдам үйреніп алады. Біртебірте 2-3 жылда қалыптасатын оқушылар да бар. Қосымша оқу орталығына баратын баланың бәрібір айырмашылығы, артықшылығы байқалады. Мектепте сабақ айтуда, тақтаға шығуда, өлең оқуда болсын нәтижесін көрсетеді. Тақтаға, көпшіліктің алдына шыққанда өз бойын ұстай алмай, билеп, теңселіп, қисайып тұратын оқушылар болатыны рас қой. Кей балалар аспанға қарап сөйлеп тұрады. Біз ең алдымен балаға адамның көзіне тіке қарап сөйлеуді үйретеміз. Көзбен байланыс, эмоция, екпінмен жұмыс істейміз. Барлығы күрделі жұмыс. Дауыс қоюға арналған арнайы жаттығулар бар. Оларды үйрететін арнайы мамандар бар.

– Айтпақшы, Айсын, қазір үйірмелер, курстар көп. Радиожурналистика мектебіне бала келмей қалады деген қорқыныш болмады ма?

– Жер-жерде жүргенде де айтамын. Мектеп ашу үшін, елді оқыту үшін сол саланың жілігін шағып, майын ішу керек. Мысалы, мен сурет үйірмесін аша алмас едім. Иә, жай ғана бір суретші маманды әкеліп, үйірме ашуға болады. Бірақ ол саланы меңгермегеннен кейін маған ол қызық емес. Мүмкін пайда әкелер. Бірақ оның құны бес тиын. Өзім Ақтөбе қаласында «Тандем» радиосында он сегіз жасымнан бастап қызмет атқардым. Студент кезде радиодан сөйлеу қызық қой. Бала күнімнен өмірде үш арманым болды. Мектеп табалдырығын аттағанда мұғалім болғым келді. Он екі-он үш жаста журналистикаға қызықтым. Сол кезде алғаш өлеңдер жаза бастадым. 10-11 сыныпта, 1997-98 жылдары экономист, заңгер оқуын оқу тренд болды.

Сол бір қызығушылық па екен, заңгер боламын деп шештім. Мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы оқу орнына заң саласына оқуға түстім. Жоғары оқу орнын тәмамдап, Ақтөбеге оралдым. Бірақ заңгер болып емес, ЖОО-да оқытушы болып қызмет атқардым. Алғашқы, мұғалім болу арманым орындалды. Студенттерге он төрт жыл жоғары оқу орнында заң саласында сабақ бердім. Қайнап жатқан қазанның қақпағын қанша жауып қойсаң да, ішіндегі су бәрібір төгіледі. Сол сияқты 37 жасыма таяған кезде шығармашылық қысты. Кез келген істің қайыры бар. Сол жылы министрлік университеттен құқық негіздері деген пәнді алып тастады. 14 жыл жұмыс істеп жүрген орнымнан бір сәтте жұмыстан қысқарып қалдым. Мектепте мұғалім болайын десем, педагогикалық білім жоқ. Заңгер болайын десем, тәжірибем жоқ. Сонымен өзімді дамытатын кітаптарды оқи бастадым. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек деген сигналдар келе бастады. Үйдің жанында адамдар жиі жүретін көпір бар. Сонда тұрып «Қайырлы күн, тыңдарман! Эфирде Айсын Мүрсінқызы» деп айқайлап айтатын болдым. Қасымдағы кішкентай балам басында ерсі көретін. Кейін үйреніп кетті. Содан 37 жасымда «Тандем» радиосына оралдым. Радионың маған төлейтін еңбекақысы өте төмен. Бірақ оған көңілім түспеді. Керісінше, радиода бағдарлама жүргізу үлкен ләззат сыйлады. Радиода жұмыс істеп жүргенде пандемия басталды. 2020 жылы «әдемі сөйлейсіз, тойда тілекті күшті айтасыз, халық назарына ие болуды білесіз, үйретіңізші» деген 5-6 қыз-келіншекке ораторлық шеберлік бойынша сабақ өтіп жүрдім. Пандемияда бәрі тоқтады. Бір-екі ата-ана балаларды онлайн оқытпайсыз ба деді. Өзім әбден студенттерге сабақ беріп үйреніп қалған соң, бала оқыту қиын болып көрінді. Басында қашқақтадым. Бірақ карантинде не істейсің? Бір іспен айналысу керек. Содан алғашқы бес оқушыға сабақ бере бастадым. Сөйтсем, бала деген тұнып тұрған энергия екен ғой. Сенен бірнәрсе білсем деген мөлдіреген көздері, үміттеніп тұратыны, айтқаныңды орындағаны маған энергия сыйлады. Радиодағы әріптестерім Айсын дегенде радиомен ассоциация болады, жеке бренд деген бар деді. Содан, мектепке «Айсын» деп ат бердік. Оншақты баламен радио ғимаратынан бір бөлмені алып, бастап кетіп едім, оң нәтижесін берді. Ата-аналар тарапынан қызығушылық көп болды. Балалар бірінен соң бірі келе бастады. Жасыратыны жоқ, сол қадамды жасағанда мемлекет қолдау көрсетті. Қазір бұл балалардың барлығы радиожурналистика мектебінде тегін оқиды. Адам баласы бір қадам алға жылжыған кезде мүмкіндіктер де есік ашады екен. Қазір ашылып жатқан ораторлық курс көп. Екі тілді немесе орыс тілінде. Біздің мектеп тек қазақ тіліндегі балалардың ораторлық өнерін жетілдіреді. Менің ұстанымым – не істесем де қазақша болуы керек.

Балаларға қарап қазірден арман-мақсаты бір ортасы бар екеніне қызықтым. Апайлары әр іссапарда бұрын бармаған балаларды алып шығуға тырысады екен. Іссапарлар көркемсөз байқаулары, форумдар, шеберлік сағаттары болуы мүмкін. Сапардан соң балалар достасып кететін көрінеді.

– Мәнерлеп оқу да баланың үлкен сахнада қобалжуын жеңуге көмектеседі. Қазір балаларымыз кез келген облыста, кез келген сахнада аспай-саспай өлең оқуға дайын. Алғашында Ақтөбеден өзге аймақтағы жарыстарға барғанда жай ғана үш минут өлең оқып қайтатынбыз. Кейін оған қанағаттанбайтын болдық. Басқа қалаға шыққан сайын сол өңірде шығатын газет, журнал, телеарна редакциясына ат басын тірейміз. Балаларға тәжірибе болсын. Мәселен, қазір сіз тосын сұрақтар қойып отырсыз. Балаларға былай жауап бересің деп сөзді аузына салып бермеймін. Тосын жағдайда ойын айтып, өзін еркін ұстауды үйренсе деймін. Сондықтан әр аймақтың мәдени, рухани мекемелеріне апару мәдениетті баланы қалыптастырады. Бұл балалар оқу бітіргеннен кейін Алматы, Астана сияқты үлкен қалаға оқуға келгенде қорықпай, жан-жағына жалтақтамай жүруі үшін әзірден қамдану керек.

Балаларға арналған осындай шығармашылық орталықтың болғаны қуантады. Қатары арта берсе дейсің. Бізде қонақта болған балалардың мақсаты айқын екені көрініп тұр. Бірі ағылшын тілін бес жылдан бері оқып жатса, бірі домбырашы, бірі халықаралық журналист боламын дейді.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2024 жыл

1113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор