• ҰЛАН
  • 22 Наурыз, 2024

Сейдахмет Бердіқұловтың жасырған наурызы

Биыл жарыққа шығып келе жатқанына 94 жыл толып отырған газетіміздің редакциясында талай адам қызмет етті. Талай редактор бір-біріне орын берді. Кеңес кіметінің қалыптан шықпайтын саясатына бағынышты болды десек те, әр редактордың қолтаңбасы әртүрлі болды. Оны сарғайған парақтардан – архивтегі газет тігінділерінен байқауға болады. Газет тарихында сондай айрықша қолтаңба қалдырған редактордың бірі – Сейдахмет БЕРДІҚҰЛОВ.

Сейдахмет Бердіқұловқа қатысты аңыздың бірі – Кеңес өкіметі кезінде өзі қызмет еткен басылымдарда Наурыз мейрамын астыртын насихаттағаны. Ол заманда Наурызды насихаттауға тыйым салынған еді. Оған діни мейрам ретінде қарады. 1926 жылдан кейін Кеңес одағы аумағында Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салды. Ал Сейдахмет Бердіқұлов осыны біле тұра, жауапты қызметте отыра тұра үлкен қадамға барды. Әсіресе «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас алаш» газеті) 22 наурыз қарсаңында ұлыстың ұлы күнін жиі насихаттады. Бірақ астыртын ғана. Мысал келтірейік. Кейін 1987 жылдан бастап Наурыз мерекесі тойлана бастаған шақта, «Жас алаш» газетінің 1991 жылғы мерейтойлық нөмірінде мынадай жазба шықты. Жазба авторы – Сейдахмет Бердіқұлов.

«...Соры – албырттықтың пырағының бота тірсегін шідерлеу, ауыздықтау. Оның мысалдары бір редактордың тұсында мың-сан. Бәрін айтып қайтейін. Біреуі де – сүйіктіміздің, сүйкімдіміздің дүниеге келген наурыздың жиырма екінші жұлдызы төңірегіндегі келеңсіздік те жетер. Наурыздың 22-күні газеттің кезекті саны «Көктем номері» деген жасыл жамылғымен шығар еді. Асып кетсе сағат он мен он бірдің арасында редактор «үлкен үйге» салмақ категориясы әлдеқайда басым әміршіге бара жатады. Бұл әр жылдың пешенесі. Ежірейген көз, найзадай кезелген сұқ саусақ: «Саған наурыз деген пәлені құрт деп қашанғы қақсаймыз... Өріп жүрген наурыз... Бір бетте отыз бірі жүр андағайлап... (Ой тоба, ерінбей-жалықпай кім санап берген. Бөлімде газеттері қарайтын «Лениншіл жастың» 3 патриоты бар. Олар бола қоймас...).

– Мына Совет одағында шығатын Москваның сандалкөктері Орта Азиядағы наурыз мерекесін айшықтап айтыпты, – деп жауған оқтың сиреген сәтінде «Правда», «Известия», «Комсомолка», қыл аяғы «Гудоктың» қиындыларын тәптіштеп алдына қоямын. Шүйіле қарап, ысыра салады. – Келесі жылы біз мұнда, сен онда отырсаң, төрт беттен наурыз деген бір сөз тапсақ, тағдырыңның тал-қан тамызығы шығады... Келесі жылы ол онда, мен мұнда – тапжылмаймыз. Жасыл бояуға малынып «Көктем номері», шындығы «Наурыз номері» тағы шығады...».

Міне, Кеңес өкіметінің солақай саясаты Наурыз мерекесі тұрмақ, наурыз деген сөздің өзіне шүйліккен. Себебі ол заманда айлардың атауы орысша айтылатын. Басылым беттерінде де ай аты орысша жазылатын. Қош, бұл жазба «Лениншіл жас» туралы. Енді «Ұланға» келейік. Себебі Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жастан» бұрын «Қазақстан пионері» газетінде редактор болды. Сейдағаңның балалар басылымында да осындай қадамға баруы мүмкін бе?

Сейдахмет Бердіқұлов есімі газеттің 1965 жылғы 18 қыркүйек күнгі нөмірінен бастап редактор лауазымы жазылған. Демек біз 1966 жылдан бастап газет тігінділерін ақтарамыз. Газеттің бірінші бетінде нөмір сайын «Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер!», «Совет Одағы Коммунистік партиясының ісі үшін күреске дайын бол!» деген ұрандардан кейін ұлт, дәстүр, дін туралы айту мүмкін емес. Алайда Сейдағаң жолын тауыпты.

1968 жыл. 20 март күнгі нөмір. «Март» айы деген тақырыпшаға мынадай түсіктеме береді: «Көктемнің басы. Қазақ наурыз дейді. Көктем хабаршысы – қанатына маржан таққан қараторғай, әуелеп тұра қап ән шырқайтын бозторғай алыстан ұшып келеді де, маусым думанының туын көтереді. Қарға адымдай қысқа күн ұзарып, 21 мартта күн мен түн теңеледі. Одан әрі астрономиялық жазғытұрым басталады. Қар жібіп, ериді. Өзенге қатқан мұз бұзылады. Жан-жануар жадырап, өсімдік оянады».

«Күн мен түн теңеледі» деген сөйлемде-ақ жаңа жылдың келгенін, Наурыз мерекесі жеткенін айтып отырғанын аңғару қиын емес. Оның үстіне мақалада наурыз деген сөз жүр. Әлі де індетіп көрейік. Келесі жылдың тігіндісін ақтаралық. 1969 жыл. 19 март күнгі нөмір. 4-беттегі «Жылкөже» деген өлең көзге оттай басылды. Авторы – Жүсіп Қыдыров. Өлеңді оқымай тұрып-ақ мұның наурызкөже екені айтпаса да түсінікті сияқты. Дегенмен оқып көрейік. Иә, үмітіміз алдамапты. Ұзын-сонар өлеңнен үзінді келтірелік:

«Жарылқай көр жаңа айда,

Есіркей гөр ескі айда!»

«Жаңа жылда қалайда

Жаман жылды еске алма!»

Мұнда, сөз жоқ, Наурыз мерекесі – жаңа жыл туралы айтып отыр. Ал мына бір жолдар ойымызды бекіте түседі:

«Қалған дәннен қамбада,

Наурыз көже жасадық.

Жас та, кемпір шалдар да,

Жүрсін жылдай жасарып!

Соны барып ішейік,

Сосын думан бастайық.

Ән, айтысқа түсейік,

Жеңгелермен қасқайып...»

Тұтас өлеңде наурыз көжеден бөлек, Наурыз мейрамының сәнсалтанаты аңғарылады. Жүсіп Қыдыров бала кезде Наурызды осылай өткізуші едік дегенді меңзейді. Міне, Сейдахмет Бердіқұловтың біз аңғарған бір ерлігі осындай. Мынадай өлеңді нөмірге жіберу – от басқанмен бірдей. Кім біледі, Сейдағаң осы қадамы үшін де сөгіс алған болар. Дегенмен ол алған бетінен қайтпады. «Жас алаштағы» жазбасынан-ақ оның Наурызды насихаттауы әу бастағы миссиясы болғанын аңғарамыз. Өлеңді жазған Жүсіп Қыдыровқа да, оны қорықпай газетке жариялаған Сейдахмет Бердіқұловқа да аруақ алдында тағзым етеміз. Журналист болғысы келетін жас оқырмандарға осындай мінез тілейміз. Жаңа жыл – Наурыз құтты болсын!

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2024 жыл

1270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор