• ҰЛАН
  • 18 Наурыз, 2024

Біздің оқушылар 25 елдің ішінен 1-орын алды

Кипрдің Никосия қаласында робототехникадан өткен FIRST Tech Challenge чемпионатында 25 елдің арасынан қазақ ұландары 1-орын мен екі номинацияны жеңіп алды. Олар РФММ, Білім инновация және М.Базарбаев атындағы №138 мектепгимназияның оқушылары. Sana team құрама командасының қатарында: Әділ Тұрсынәли, Арнар Дәулеткүл, Осман Акипбек, Алдияр Дәулетұлы, Дарын Смаил, Аббас Пахридин, Асылхан Ыбрай, Илияс Әшірәлин, Айзерек Болат, Жанайым Сабыржан, Ғазиза Күнғожина және Шолпан Аманкелді бар. Біздің балалар роботтың үздік ойынына берілетін Winning Alliance және Think Award инженерлік тапқырлығы үшін екі сыйлықты жеңіп алыпты.

Наноспутник жобасын зерттеп жүрген Шолпан Амангелді туралы газеттің өткен нөмірлерінде жазған едік. Кипрдегі роботтар бәйгесінде Шолпан топ бастапты. «Бұл жарысқа «квота» Daryn first championship жарысында берілді. Қазақстанның атын 9 оқушы қорғадық. Бірі инженер болып, әр матчтан соң роботты тексерсе, екіншісі роботтың программасын тексерді. Жарыстың тағы бір талабы басқа командамен жақсы қарым-қатынаста болу қажет. Сондықтан ағылшын тілін білгенімнің көп көмегі болды. Тіл білгеннің арқасында Кипр республикасының Білім министріне қазақтың дәстүрін, жасаған роботымызды көрсете алдық. Сонымен қатар, әр командада өз «питі» болды. Яғни, Қазақстанның туын іліп, барынша мемлекетімізді көрсетуге тырысып, домбырада бірнеше күй шерттік.

Турнир талаптары роботтың жақсы жүруі, программасы болуы және барлық қатысушы керемет кәсібилікті көрсете білуі керек. Ел атынан тек бір команда намысын қорғады. Бұл біздің команда үшін өте үлкен әрі ауыр жауапкершілік болды. Себебі Қазақстанның бұл жарысқа алғаш рет қатысуы. Біз үшін жеңу өте маңызды болды. Барлық күшімізді жұмсадық. Көптеген матчтарды көріп, анализ жасап, стратегияға күш жұмсадық. Барлық команданың айтуынша, осы маусым ойыны соңғы 8 жылдағы ең қиын ойындардың бірі болыпты. Қарсыластың көбі ресейлік оқушылар. Олар әрқашан жақсы нәтиже көрсететін. Аздап қорқыныш болғаны рас. Бастысы, моральдық тұрғыда сынбау. Барлық ойнаған 6 матчтың бесеуін орыс командаларына қарсы ойнадық. Олардың механизмі ауыр және қатты болды. Ал біздің робот жылдам қозғалуымен алға шықты. Қарсыластар неғұрлым мықты болса, соғұрлым күшті көрсету керек болды. 1-орын алуымызға тынымсыз жаттығу себеп болды. Жарыстың талабы – роботтардың бір-бірімен жарысуы, пиксельдерден мозаика құру. Үлкен алаң болады. Роботтар пиксельді жинап, қара бэкдронға қояды. Үш бірдей түсті немесе үш әртүрлі түсті пиксельден жасалған мозаика балл қосады. Ойын соңында робот ұшақты 3 аймақтың біріне түсіруі керек және осы турниктерге тартылуы қажет.

Алда Almaty Physics Battle бар. Өзім ұйымдастырып жатырмын. Енді осы чемпионаттың ерекшелігін айта кетейін. STEM саласы физиканы талап етеді, сол себепті болашақта оқушылар сауатты болуы үшін осындай жарыс өткізудеміз. Біз Қазақстанның жиырмадан астам қаласынан және жүз отыздан аса елдің ең үздік физиктерін, бұрын тек Украина, Франция және Ресейде ғана тәжірибеден өткен физика олимпиадаларында Орталық Азия үшін бірегей командалық жарыс форматында жинадық», – дейді Шолпан.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №12
19 наурыз 2024 жыл

1530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор