• ҰЛАН
  • 04 Мамыр, 2021

Экосөмке ұстау – тренд емес, мәдениет

Табиғатты қорғау мен аялауды насихаттап, жанашыр болып жүрген жастардың бірі – Аружан Естемес. 17 жастағы Аружан экосөмкелер жасаумен айналысады.

«Экосөмкелердің табиғатты сақтауда пайдасы зор. Қазіргі уақытта адамдар дүкенге барған кезде 100-200 жылда ғана ыдырайтын полиэтилен пакеттерді алады. Күніне әр отбасы қанша пакет қолдана-тынын ойша есептеп көріңізші. Дүкеннен бір нан алса, екі пакетке салдырып алатындар бар. Қоқыс салуға деп артық пакет алғысы келіп тұратындар да кездеседі. Бұл дұрыс емес. Оның орнына экосөмке ұстап барыңыз.  Экосөмкені түрлі салада қолдануға болады. Оны бір рет қолданып тастай салмайсыз. Әрдайым жуып, тазалап, ұзақ уақыт пайдалануға болады», – деп ә дегеннен сөмкенің пайдасы жөнінде айта кетті.

Аружаннан экосөмкені қандай материалдан жасайтынын сұраған едік. Сөмке тігетін материалы тек мақтадан тұрады екен. Мақтадан жасалған материал табиғатқа зиянсыз дейді. Аружан шопперлерге өз қолы-мен сурет салады. Экосөмке бетіне түсетін суреттер әр тапсырыс берушінің қалауымен таңдалады. Кез келген суретті тапсырыс беруге болады.

«Суреттерді, шынымды айтсам, шабытым келгенде ғана саламын. Егер салған суретім ұнамаса, тапсырыс берген адамға бермеймін. Өзім қанағаттанған кезде ғана ұсынамын», – дейді. 

«Шопперлердің полиэтилен пакеттерді нарықтан ысырып шығаруы қиындау. Себебі, адамдар сауда жасаған кезде пакет қолдануға үйреніп кеткен. Оның зиянын көрген адам бұл мәселені шешудің жолын іздейді. Ол үшін халыққа экологиялық сауат керек. 

Табиғатты сақтап қалуды әр адам өзінен бастауы керек. Күнделікті өмірде қолданған қағазды макулатураға өткізуге болады. Дүкеннен пластик ыдыста тұрған түрлі сусындарды, тағамдарды сатып аламыз. Одан босаған қалдықты да қайта өндіріске жіберуге болады. Суды бір рет қана қолданатын пластик бөтелкемен алып ішпей, күнделікті қолдануға болатын арнайы бөтелкелерді сатып алуға болады. Бәрі адамның мәдениетіне байланысты. Серуендеп жүрсең, халықтың қоқысты кез келген жерге лақтыра салатынын көресің. Кішкентай ғана қоқыс деп мән бермейді. Алайда әр адам сөйтіп істесе, қаламызда демалатын ауа да, жүретін жер де қалмайды. Тәрбиені өзімізден бастауымыз қажет», – деп Аружан табиғатты қорғауға шақырды.

Аружан секілді ойлайтын адамдар көп болса, табиғат қазіргідей ауыр тыныстамас еді. Ендеше, дүкенге барарда, қоқыс тастарда ойланайықшы. 

Ділназ ШАЙМҰРАТОВА, 
№45 бейімделген мектептің 10 «Б» сынып оқушысы. 

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №18
4 мамыр 2021 жыл
 

967 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор