• ҰЛАН
  • 26 Сәуір, 2021

Буллинг: ата-ана баласына қалай көмектесе алады?

Мектеп оқушылары арасында буллингтің белең алуы тек мұғалімдерді ғана емес, ата-аналарды да алаңдатуы керек. Баланың құқығы ерте жастан бұзылса және оған психологиялық соққы болатын буллинг жасалса, еліміздегі суицид көрсеткіші ешқашан төмендемейді. Буллингтің басталуы, себебі мен ата-ана баласына қалай көмектесе алатыны туралы психоаналитик  Қарлыға Бүйенбай әңгімелеп берді.

– Ең алдымен, буллинг деген не екеніне тоқталайын. Бұл – өзгенің жаны мен тәніне жара салу арқылы ләззат алу үшін біріккен топтың, бір ғана адамның әлсіз адамды кемсітуі. Ол бір немесе бірнеше бала болуы мүмкін. Дау-жанжалдан басты айырмашылығы – екі тарап өзара тең емес. Мұнда балалар бір-бірін емес, тек күшті әлсіз тарапты кемсітеді. Ал кемсіту ұрып-соғу, сөзбен қоқан-лоққы көрсету, зорлық-зомбылық, намысқа тиетін сөздер айту, кемшілігін бетіне басу, мазақтау, киімдері мен заттарын бүлдіру және басқа әрекеттерді көрсетуден басталады.

– Баланың өзгені кемсітуінің себебі неде?

– Окситоцин өндірілетін гипоталамус нейрондары мидың амигдаласына, вентральды тегментальды аймақ пен гиппокамп, дофамин орталығына өскіндер жібереді. Қарапайым сөзбен айтқанда, бала өзінен әлсіздерге күш көрсеткенде немесе деструктив топтардың қатарында болғанда ерекше ләззат алады. Оның үстіне бөлінген окситоцин баланың бойындағы агрессияны үдете түседі. Уақыт өте келе осылай ләззат алып үйренген бала үшін ар-ұяты мазаламай, күш көрсететін топтың қатарында болу қалыпты құбылысқа айналады. Тіпті, ар-ұяты мазалайды дегеннің өзінде, қатты қорыққандықтан әлсіздерге күш көрсетуі мүмкін. Яғни мұнда «кімді қинасақ та, бастысы мен болмайын» деген ой жатады. Ата-аналар «үнемі жауапкершілікті бізге артып қояды, бізді кінәлайды» деп ренжитін шығар. Бірақ қалай десек те, буллинг жасаудың да, буллингке ұшыраудың да себебі отбасындағы тәрбиеде. Өйткені екі тарап үшін де адам шекарасын бұзу қалыпты қарым-қатынас болып отыр.

Әрі қарай тереңірек үңілсек, мұның себебі – 1-5 жас аралығында баланың ата-анасы тарапынан қамқорлық сезінбеуімен байланысты. Сол үшін бірінші кезекте ата-ана ретінде баланың жеке шекарасын, өзіндік қалауын сыйлай білуіміз қажет. Ерлі-зайыптылар өз арасында болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатып қана қоймай, баланың бөлек төсекте, бөлек бөлмеде жатуын қамтамасыз етсе игі. Егер бала отбасында  қамқоршысы бар екенін, әке-шешесінің өзін өзгеден қорғай алатынын сезінсе, ешуақытта мұндай ситуацияға тап болмайды.

– Баланың буллинг құрбаны болғанын қалай білуге болады?

– Меніңше, құрбан мен агрессордың ата-анасы оны байқай қоймайды. Өйткені мұндай ситуация ата-ананың баласы түгіл, өз әрекеттеріне мән бермегендіктен туындап отыр. Біріншіден, буллинг құрбандарының достары жоқ немесе тым аз. Оларды құрбан позициясы ғана біріктіруі мүмкін. Көпшілік ортадан, мектептегі іс-шаралардан қашып жүреді. Білім ордасына бармау үшін түрлі сылтау айтып, кейде өтірік ауырып жатып қалады. Әке-шешесі тамаққа деп ақша салып жіберсе де, үнемі қарны ашып жүреді. Түнде қорқынышты түстер көріп, шошып оянады. Оқуға ынтасы бұрынғысынан да төмен болады. Өзін агрессормен идентификация жасап, іні-қарындастарына, сіңлілеріне күш көрсете бастайды. Барлығына тек өзін кінәлап, суицид жасағысы келетінін айтады. 

– Ата-ана баласына қалай көмектесуі қажет?

– Көптеген ата-ана, тіпті, кейбір мұғалімдер де «бұл қалыпты үрдіс, баланы қатайта түседі, барлығы өздігінен түзеледі» деп ойлауы мүмкін. Мұның арты баланың суицид жасауына алып келуі мүмкін екенін естен шығармау керек. Екіншіден, мұны екі тарап та әке-шешесінің махаббаты жетіспегендіктен жасайды. Яғни үлкендердің тарапынан қандай да бір әрекет болмаса, олар өз әрекетін күшейте береді. Кейін осы шешімін таппаған проблеманы ересек өмірге алып барады. Буллинг – бір ғана адамның емес, топтың проблемасы. Сол себепті жеке-жеке сөйлескеннен ешнәрсе шешілмейді. Бұл мәселені ортаға салып, ашық талдау қажет. Сондай-ақ, агрессорды жазалау арқылы барлығы шешіледі деген қате түсінік бар. Агрессордың өзі отбасында құрбанның рөлінде, ол бар болғаны осы модельді басқа жерде қайталап тұр. Құрбан болған бала үшін де осы ситуацияда бейсаналы пайда бар. Яғни ол құрбан болу арқылы бейсаналы ләззат алады. Өйткені отбасында ата-анасы бір-біріне деген махаббатты бірі агрессордың, екіншісі құрбанның рөлінде болу арқылы білдіреді. Сондықтан мүсіркеп қарамай, керісінше, ата-анасы шекараны қорғаудың үлгісін көрсетуі керек.

Жоғарыда айтып өткенімдей, бар себеп отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынаста жатыр. Бала үшін өзін сынамай, ұрыспай, ұрмай-соқпай тыңдай білетін ата-анасының бар екенін білу маңызды. Балалардың 80%-ы өзінің буллинг құрбаны екенін әке-шешесіне айтпайды. Өйткені әке-шешесінің өзін қорғай алатынына сенбейді. Яғни баламен достай сырласа білу маңызды. Буллингпен бетпе-бет кездескенде шындыққа тура қарай білу – баламыздың құрбан немесе агрессор екенін мойындау пайдалы. Ата-ана міндетті түрде баласының жағында болып, мектепке барып мәселені шешуге атсалысуы, түрткі болуы керек. Ал ең бастысы –  отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор