• ҰЛАН
  • 26 Сәуір, 2021

Онлайн оқу білім сапасына қалай әсер етті?

Еліміздегі білім беру мекемелері мен оқу орындары онлайн немесе қашықтан оқу форматына көшкеніне де жылдан асты.  Өткен оқу жылының соңғы тоқсанын үйде оқыған оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да 2020-2021 оқу жылына аяқ басқанда қашықтан оқудың не екенін аздап болса да түсіне бастады. Пандемия адамзатты кез келген жағдайға тез бейімделуге үйреткенін еріксіз мойындауға тура келеді. 

Рас, әлемді індет жайлағанға дейін көбіміз үйде қамалып отырып жұмыс істеймін, мектепке бармай-ақ оқимын деп ойлаған жоқпыз. Коронавирус келгеннен кейін амалдамасқа болмады. Бір жағынан, білім саласына мұндай өзгерістің енгені дұрыс та болған секілді. Өйткені посткеңестік елдердегі білім жүйесінің ескіргені, тығырыққа тірелгені – талайдан бері айтылып келе жатқан мәселе. 

Бүгінгі ақпараттық заманда әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Кешегі тың ақпарат бүгін ескіріп кетеді, бүгін алған біліміңіз ертең қажет болмай қалады. Ойланып отыруға уақыт жоқ, тек әрекет жасау керек. Былтыр сәуір айында ел аумағында төтенше жағдай жарияланғанда, білім саласының мамандары бірден әрекетке көшті. Білім және ғылым министрлігінің үйлестіруімен 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанның бейнесабақтары республика-лық «Еларна» және «Балапан» арналарынан көрсетіле бастады. Үш мыңнан астам сабақтың  видео нұсқасы түсірілді. Қашықтан оқуға арналған контент әзірлеуде мол тәжірибе жинаған Bilim Media Group секілді компаниялар еліміздің білім беру саласына тың өзгерістер әкелді. Сондай-ақ, оқушылар bilimland.kz, Online Mektep сайттарынан пәндердің бейне нұсқаларын 24 сағат бойы тегін көруге мүмкіндік алды. Мектептерге қашықтан оқытуға ыңғайлы платформаны таңдауға мүмкіндік берілді. 

Әрине, күнде таңертең мектепке барып, бес-алты сағат мұғалімнің алдында отырып білім алуға үйренген оқушыларға да, әр оқушымен көзбе-көз қарым-қатынас жасауға дағдыланған мұғалімге де бірден қашықтан оқыту жүйесіне бейімделіп кету оңай емес. Оның үстіне, еліміздегі интернет желісінің баяулығы, байланыстың барлық жерде болмауы, кейбір отбасында балаларға гаджеттер алып бере алмауы, үйде ата-анасының жанында жайбарақат отырған балалардың сабаққа немқұрайлы қарауы секілді олқылықтар да жетерлік. Дегенмен, қандай жағдайда да балаларымыз білім алу керек болғандықтан, пандемия кезіндегі ең дұрыс шешім – қашықтан білім беру болды. 

Қашықтан оқыту – адамзаттың өміріне цифрлық технологиямен бірге енген жаңалық.  Ал мұндай оқытудың тарихына үңілсек, сонау 1700 жылдары-ақ АҚШ-та оқытушылар мен шәкірттер хат алмасу арқылы қашықтан оқуды жүзеге асырған. Ал қазіргі технология қарыштап дамыған заманда онлайн оқудың түк те қиындығы жоқ. Ең бастысы, онлайн оқытуда білім сапасы жоғары болуы үшін мұғалім өзіне де, оқушыға да ыңғайлы әдістерді қолданып, үнемі ізденісте болуы маңызды. Бұл мәселе жөнінде оқу ісі бойынша директордың орынбасары Айгүл Қайроллақызының пікірін сұраған едік.

– Онлайн оқуға біздің еліміз дайындықсыз, аяқ астынан көшкендіктен, балаларға қашықтан білім беруде біраз қиындыққа тап болдық. Біріншіден, бізде көп елдегідей интернет желісі жақсы дамымаған. Екіншіден, бір үйде бірнеше бала мектепте оқитын болғандықтан, бәріне компьютер, планшет, телефон жетпейді. Осы жағынан көп қиналып қалдық. Өзім биыл бірінші сыныптарды қабылдап алдым. Ал бірінші сыныптың баласы өздігінен онлайн оқи алмайды, орындаған тапсырмасын жібере алмайды. Ата-анасының көмегі ауадай қажет. Сондықтан өз басым бірінші сыныптың балалары офлайн оқуы керек деп есептеймін. 

Биылғы оқу жылында 300 балаға дейінгі мектептерде оқушылар дәстүрлі түрде білім алып жатыр. Дегенмен үлкен шаһарда індеттің өршу қаупі жоғары болғандықтан, халық тығыз орналасқандықтан, бірінші орында балаларымыздың денсаулығы тұр. Сондықтан біз ата-аналармен бірлесе отырып жұмыс істеуге, балаларымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік жасауға барымызды салуымыз керек. Ал қазір қашықтан оқыту кезінде қолданып жүрген электронды платформалар өте ыңғайлы, күннен-күнге дамып келеді деп айта аламын, – дейді Айгүл Қайроллақызы.

Мақсатымыз – қашықтан білім алуды насихаттау емес. Бірақ адамзаттың денсаулығына төнген қауіп кез келген жағдайға дайын болу керек екенін көрсетті. Білім жүйесіне енген өзгерістер болашақта дамып, кемелдене түсетіні анық. Қазіргі технологиялар ғасырында әр адам өзіне қажетті және қызықты дүниені іздеп тауып, көңілі қалаған іспен айналыса алады. Белгілі бір жетістікке жеткісі келген адам алға ұмтылудың жолын іздейді, ал оны қаламаған адам сылтау іздейді. Сондықтан қазір балаларымызға  қандай әдіспен оқыса да, ең бастысы білім алудың маңызды екенін мықтап түсіндіргеніміз абзал. Компьютеріңіз немесе смартфоныңыз бен ғаламторыңыз бар ма? Онда тек білім алуға деген ниет керек. Алаш арысы М.Дулатов айтқандай, «Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман». Өресі биік, дүниетанымы кең, ойы кемел ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлттық рухани тәрбиені заманның озық оқу әдістерімен ұштастыра білсек, өзімізге де, елімізге де пайдалы болатыны анық.

Айгүл Асқарбаева, 
№86 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Нұр-Сұлтан қаласы

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор