• ҰЛАН
  • 19 Сәуір, 2021

Массачусетс технологиялық институтының грант иегері

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Эльдар Уркумбаев АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтының (MIT) толық білім грантына ие болды. Массачусетс технологиялық институты – QS университеттерінің әлемдік рейтингі бойынша тоғыз жыл қатарынан бірінші орында келе жатыр. Ол танымал Гарвард, Стэнфорд, Калифорния, Оксфорд, Кембридж университеттерін басып озады. Әлемнің үздік және беделді университетінің білім гранты Эльдардың оқу, жатын орын және жол шығындарын толық өтеп, медициналық сақтандыру мен оқулықтармен қамтамасыз етеді. Білім грантына қалай ие болғанын және болашақта зерттейтін саласы туралы Эльдар әңгімелеп берген еді.

– Петропавл қаласының тумасымын. Негізі әкем Шымкенттен, ал анам Ресейдің Қорған облысынан. Үш жасымда елордаға көшіп келдік. Назарбаев зияткерлік мектебінде 7-сыныптан бастап оқимын. Конкурстық іріктеу арқылы оқуға түстім. Оған дейін №32 мектеп-гимназияда оқыдым. Бала кезден биологияны жақсы көремін. Ғылыми деректі фильмдер көріп, энциклопедиялар оқып, көкейімдегі сұрақтарға жауап табуға тырысатын едім. Ата-анам қызығушылығыма назар аударып, көмек пен қолдау көрсетті. Басқа ғылымдарға қарағанда биология саласы мені күрделі болуымен, кеңдігімен қызықтырды. Мектептегі мұғалімдерім олимпиадаларға қатысуға ұсыныс айтып, қызығушылығымды одан сайын арттырды. Болашақта нақты зерттеу саласын әлі таңдамадым. Бірақ жалпы академиялық бағытта биология бар. Биологияның ішінде өсімдіктер биологиясы қатты ұнайды. Өйткені өсімдіктерді зерттеуде перспектива көп. Біздің «жасыл достарымыз» жердің экожүйесінің негізін құрайды. Ал ол маған осы саланы зерттеп, әрі қарай дамыту үшін көп мүмкіндік сыйлайды.

МІТ грант жүйесі Қазақстандағы грант жүйесіне мүлдем ұқсамайды. Грантқа ие болғаным туралы хабар келгенде, қуанышымда шек болмады. Бұл бастапқы сенімсіздіктен кейін бәрі орнына түскен, шындықты сезінген сәт болды. Арманымның шынымен орындалғанына бәріміз қуандық. 

Назарбаев мектебіне, ондағы ұстаздарыма шексіз алғыс білдіремін. Ұстаздарымның арқасында биология пәнінен алған білімім мақсатыма қол жеткізуге, көптеген сайыс, олимпиадаларда жүлделі орын алуыма көмектесті. Ендігі кезек – Массачусетс университетінде жалпы биология бағыты бойынша білім алып, біліктілігімді шыңдау. 1-курстан кейін биологиялық инженерия мамандығын таңдауды жоспарлап отырмын. Оқумен қатар, университет аймағында орналасқан зертханаларда, орталықтар мен бөлімшелерде және қоғамдастықтарда жұмыс істеуіме жақсы мүмкіндік бар. Кейін 11 000-нан аса студент білім алатын жоғары оқу орнына магистратураға тапсырып, шетелдік тәжірибе жинауды мақсат етіп отырмын. Мен үшін сапалы білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасу, мүмкіндігімді жетілдіру, кейін абыройлы жұмысқа орналасу үшін жоғары оқу орнының маңызы зор.

– Биологиядан басқа қандай қызығушылығың бар?

– Бос уақытым өте аз. Бірақ хоббиім көп. Фортепиано мен укулеледе ойнаймын. Мектепте жапон тілі үйірмесінің ұйымдастырушысы болдым. Ең сүйікті хоббиім – ағылшын тілінен «әлем құру». Маған тіл үйрену қызық. Хобби көп саланы біріктіреді. Мысалы, әртүрлі әлемдер «құру» үшін астрофизика, эволюциялық биология, этнология, тіл ғылымы білімдері және бастысы ұшқыр қиял керек.

– Газет оқырмандарына айтар кеңесің бар ма?

– Құрметті «Ұлан» газетінің оқырмандары! Ғаламдық пандемия кезінде алдымен сіздерге және жақын адамдарыңызға мықты денсаулық тілеймін. Денсаулық – зор байлық. Деніңіз сау болмаса, жетістікке жету қиын. Тағы бір кеңесім бар. Өзіңізге сай өмір жолын табу арқылы алдымен өзіңізбен тату болыңыз. Қоғам, стереотиптер, туған-туыстар сізге жақсы кеңес беруі мүмкін. Бірақ сіз тағдырыңызға не керек екенін өзіңіз ғана білесіз. Армандаңыздар және мақсаттар жүзеге асуы үшін жұмыс істеуден қорықпаңыздар. Себебі мақсаттың мәре сызығы сізге бақыт және қанағаттану сезімін сыйлайды.

– Сәттілік тілеймін! Армандарың адастырмасын!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №16
20 сәуір 2021 жыл
 

1387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор