• ҰЛАН
  • 29 Наурыз, 2021

Қашықтан оқу бұрын пайда болды ма, әлде коронавирус па?

Қашықтан оқу бұрын пайда болды ма, әлде коронавирус па? Бұл сұраққа бәріміз бірауыздан коронавирус бірінші пайда болды, пандемияға байланысты карантиндік шектеулер енгізілді, сондықтан қашықтан оқу жүйесіне көшуге мәжбүр болдық деп жауап беретініміз анық. 

Наурыз айында қашықтан оқып жатқанымызға бір жыл болды. Алайда қашықтан оқу жүйесі бір жыл бұрын емес, шамамен 300 жыл бұрын пайда болды. Сенбейсің бе? «Ұланның» бүгінгі санында тарихи дерек пен дәлелдер арқы-лы қашықтан оқу коронавирустан бұрын пайда болғанын баяндап береміз.

Қашықтан оқу үш ғасыр бұрын пайда болған

Қашықтан білім беру ХVІІІ ғасырда пайда болған. Алғашында бұл жүйе пошта қызметіндегі қарапайым хат-хабар алмасу, ашықхат жолдау дәстүріне ұқсайтын. Ал жүйелен-ген қашықтан білім берудің авторы – америкалық Калеб Филлипс. Ол 1728 жылы 20 нау-рызда Американың «Бостон» газетіне «корреспонденцияны кез келген адамға қашықтан үйретемін» деген хабарландыру береді. Мектебіне жазылған адамдарға апта сайын хат жіберіп тұратынын айтады. Пошта арқылы келген материалды оқып, меңгеріп, үй тапсырмасын орындаған адам оны қайта Калеб Филлипске жолдауы керек. Осылайша, әлемдегі алғашқы қашықтан оқу жүйесі пайда болды. Демек, биыл наурыз айында қашықтан оқудың пайда болғанына 293 жыл толды. 

Алғашында қашықтан оқу жүйесінің тиімді екеніне күмәнмен қараған адам көп болды. Себебі қоғамда үнемі жаңа әдіс жемісін бермейінше, сенім ұялатпайтын. Жаңа жүйенің жылдам жеміс бермеуіне де осы сенімсіздік себеп болатын. Сондықтан араға 130 жыл салып, тек 1858 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласында университетте жоғары білім беруді қашықтан жүргізу туралы ұсыныс айтылды.

Boston Gazette, 1976 жылдағы хабарландыру. Фото: Wikimedia Commons

Шахта ісі және сырттай оқу

1891 жылы АҚШ-та шахтердің жұмыс шарты және шахтада-ғы төтенше жағдайдың алдын алу туралы курс қашықтан өтті. Бұл курстың тарихы баспасөзден бастау алған. Қалай дейсің бе? Пенсильваниядағы (Америкадағы штат) шахтерлерге арналған Mining Herald апталық газетінде сұрақ-жауап айдары ашылған соң, оған келетін хаттар өте көп болды. Газет редакторы Томас Форстер келген сұрақтың бәріне газет бетінде жауап бере алмайтынын айтып, арнайы курс ашады.

Шахтерлердің жұмыстан қолы босамайтын. Курсқа қатысу үшін жұмыс уақыты сәйкес келмейтін. Сондықтан бұл курсты қашық-тан өтіп, әркім өзінің уақыты бар кезде оқитын болып келісті. Осы бастаманың негізінде Халықара-лық сырттай мектеп жүйесі (International Correspondence Schools немесе қысқаша ICS) пайда болды. Аталған жүйе Пенсильвания штатындағы Скрэнтонда пайда болғанымен, аз уақыттың ішінде басқа елдер мен қалаларда ізбасарлары пайда болып үлгерді. Мысалы, 1904 жылы Ұлыбританияда сырттай оқу мектебі ашылса, 1911 жылы Австралиядағы Квинсленд университеті қашықтан білім беру департаментін ашты.

Пластинкадан компьютерге дейін

Уақыт та, технология да бір орында тұрған жоқ. Қашықтан оқу да уақыт пен заман талабына сай өзгеріп, дамып отырды. Поштадағы хат-хабарға қанағаттанбаған оқушылар үшін грампластинкалар қызмет етті. Алғашқы винил пластинкалар Америкада 1890 жылдары, ал екіжақты пластинкалар 1900 жылдары пайда болды. Бұл жаңалықты жедел пайдаланып, қашықтан оқуға қолданғандар жылдам жеңіліс тапты. Себебі пластинкалар шеллактан жасалғандықтан, морт сынғыш болды. Оларды пошта арқылы тасымалдау тиімсіз саналды.

Ал ХХ ғасырда пошта қызметінен бөлек телеграф және телефон пайда болды. Осы кезде көптеген жоғары оқу орны қашықтан оқудың жаңа тәсілдерін іске қосып, телеарналар мен радионың пайда болуы білім берудің бұл форматының жандануына үлес қосты. Радиобайланыс арқылы білім беру алғаш рет 1922 жылы сынақтан өтсе, 1925 жылы Айова университеті алғаш рет телевизиялық білім беру жүйесін байқап көрді. Осы университет кейін 1950 жылы білім беруге арналған жеке телеканал ашты. Бірақ бұл кездегі қашықтан оқудың басты кемшілігі – оқушылар-да бірден кері байланыс жасайтын құрал болмады. Сондықтан өз бетінше оқуға міндеттелді.

Алғашқы қашықтан оқу университеті Ұлыбританияда ашылды. Ол – 1969 жылы пайда болған Ұлыбританияның Ашық университеті. Университеттің осылай аталуының өзі оқу бағасының төмен екенін және диплом алу үшін аудиториядағы сабаққа қатысу міндетті емес екенін аңғарту үшін жасалған еді.

1976 жылы Америкада виртуал кампусы бар университет ашылды. Бұл жерде қолда бар технологияның барлығы қолданылды. Пошта, телефон, радио, аудиожазба, телевизия – әркім өзінің ыңғайы мен қаража-тына қарай білім алу мүмкіндігіне ие болды. 1980 жылдары компьютердің пайда болуымен қашықтан білім беру процесі жеңілдей түсті. Бірақ технологияның жаңа жетістігіне халықтың бәрінің қолы жеткен жоқ.

Айова университетіндегі телеарна, 1952 жыл

Төтенше жағдай кезіндегі білім беру

Қашықтан оқу үш ғасыр бұрын пайда болғанымен, дәстүрлі оқу жүйесін алмастырмады. Халықтың аз бөлігі ғана қашықтан оқу жүйесінің көмегіне жүгінді. Төтенше жағдай болмай тұрып солай болған еді...

1937 жылы Америкада полиомиелит деген қатерлі ауру өршіді. Мыңдаған адамның өмірін қиған аурудан сақтану үшін Чикагода мектептер жабылып, сақтық шаралары қолға алынды. Балалар алаңы, хауыздар, балабақшалар мен мектептер жұмысын тоқтатты. Дәрігерлер аурудың алдын алып, вирустан айығу үшін кемінде 15 апта керек екенін хабарлаған соң, білім беру жүйесін ұзақ уақытқа тоқтатуға болмайтынын түсінді. Осылайша елдегі барлық радио қашықтан білім беруге көшті. Газеттерде арнайы сабақ кестесі жарияланып, пән ұстаздары радио арқылы байланысқа шықты. Қашықтан білім берудің маңызы алғаш рет осылай танылған болатын.

Қазақстандағы қашықтан оқу

Қазақстан үшін, әсіресе мектептегі білім беру жүйесі үшін қашықтан оқу жаңа тәжірибе болды. Себебі бұрын мұндай жүйеде жұмыс істеп, білім алып көрмеген қоғамда қиындық көп кездесті. Алайда бір жылдың ішінде түрлі тәжірибе, жұмыс істеліп, қазір қашықтан оқу күнделікті өмір салтына айналды десек те болады.

«Соғыста барлық тәсіл тиімді» дегендей, білім беру саласында да Білім және ғылым минис-трлігі барлық тәсілді қолдануға тырысты. Телеарналар арқылы сабақ беру, видеосабақтар дайындау, радиоарналар арқылы оқу, интернет платформада түрлі ресурс дайындау, мессенджерлерді қолдану, тіпті интернет пен телерадиобайланысы жоқ елді мекендерге пошта арқылы білім беру жолын да қарастырды. 

Қашықтан оқыту үшін бірнеше отандық интернет платформа әзірленді. Министрлік бекіткен тізімдегі ресурстар ашық әрі тегін болды. Bilimland, Dаryn-online, Kundelik. kz жүйесі қашықтан білім берудегі көмекшіге айналды. Қашықтан оқу жүйесін Қазақстан қызығушылықтан емес, қажеттіліктен енгізді. Қоғамдағы пікір екіге жарылғанымен, қазіргідей қауіпті әрі қиын жағдайда қалай болса да білім алу маңызды.

(Материалда «The conversation» және «The Best Schools» басылымдарында жарияланған ақпараттар және Берье Холибергтің «The Evolution, Principles and Practices of Distance Education» кітабында жарияланған мәліметтер пайдаланылды). 

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №13
30 наурыз 2021 жыл
 

432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор