• ҰЛАН
  • 01 Наурыз, 2021

Атама алғыс

Қыс айы ептеп кіріп келгенімен, айналаға ақ ұлпа қар әлі жауа қоймады. Далада қара суық, күздің ызғарлы желі аздап қана гуілдейді. Қыс мезгілін ұната бермейтін Қайрат биыл оныншы сынып оқып жатыр. Сынып  түгілі мектепке аты мәшһүр бала. Иә, білімімен, олимпиадада оза шапқан жүлдесімен танылса жөн еді, бірақ өкінішке қарай олай емес. Елден ерекше туған дарыны болса, ол дарынын мектеп сахнасында емес, қора артында көрсетеді. Он балаға татырлық бұзықтық бір бойына жиылған. 

Көше бойымен тым асығыс ентігіп, жүгірмесе де ерекше асығып, жай жүрістің бар жылдамдығымен жүріп келеді. Бар ойы – үйге жету. Күндегіден ерекше мектептен үйге қайтқанда бірге өскен қатарластарынан бір елі айырылмайтын әдетінен тыс тым асығыс келеді. Қанша тез жүргенімен, жүрген жолы мардымсыз. 

Тұнық ойдың тереңінде өзімен-өзі арпалысып, ойлаған әр ойы басына таяқ болып тиіп жатыр. Шаштараздың баппен қайырып берген шашын Қайрат айнаның алдында өз-өзіне ғашық болып тарайтын саусақтарымен қос қолдап, маңдайдан желкеге дейін күшпен баса тартып, екі қолын тоңған адамдай тұмсығына апарды. 

– Мұнша ақымақ болармын ба! – деп іштей ызалы күйде бірнеше рет қайталап еді мектепте. Ойынан кетпей, алқымынан алып келе жатқан – соңғы тәрбие сағатында көрген-түйгендері. Әншейін-де жәй күнгі сабақтан қашатын. Сол күні көзәйнегі алақандай, өз ойынша тым ақылды Арман ағайдың ұйымдастырған ашық сабағы болды. Сабақ тақырыбы – «Тәуелсіздік термен келді». Арман ағай – жас педагог. Тәуелсіздік тақырыбын жаңа ізденістермен балаларға жетер жеріне жеткізіп тұрып баяндап берді. Осы сабақта айтылған деректер, үйдегі атасының әңгімесі Қайратқа қатты тиді. Сабақта ең соңына отыратын әдетінен ада болып, ең алдыңғы қатарға орныққан болатын. Бұл – өз достарынан бастап, сол кешке қатысқан директорға дейін жаңалық болды. Мұғалімдер бөлмесіне жиналған  апайлар сотқарлығымен танылған Қайратты сөз етті: «...Пәлі, бұ Қайсеновке ақыл кірейін деген екен», – деп сөз бастап, бұны не нәрсеге баларын білмей дал болған күйі қалды. Бір құдайдың құдіретімен болып жатқан шығар десті. Бұлай өзгерген себебін мұғалімдер тұрмақ Қайрат өзі де түсінбеді.

Қайсен ата жетпіске келіп, қарттықтың желкесіне шығып отыр. Рухы биік адам. Жұрттың шалдарына қарағанда денсаулығы ерте сыр бере бастаған. Оған себептің бірі – сол бір жылы ел деп ұрандатып, көше кезіп қиқулағанда суықтың құрсауына іліккені шығар. Ол ісінен қанша азап көрсе де өткенге еш өкінген емес-ті. «Құдайға шүкірі» бір күн аузынан түскен жоқ. Соңғы жылдары желтоқсан келсе осынау нәубет кез ойға қатар келе ме, белгісіз ауыр дерт кесірінен жыл сайын осы уақытта төсек тартып қалады. Алпысты алқымдаған шақтан бастап, бүгінге дейін әр кез осы аурумен шайқасады.

Атасының хәлі, Арман ағайдың сабағы, желтоқсан ызғары, бәрі-бәрі – Қайраттың жанын қоярға жер таппай жүруінің негізгі себебі еді. Жеткізбес жолдың да межесі болады. Міне, Қайрат үйіне жетті.Түс уақыты  болған соң  ішке кірер-кірместен қазандағы тамаққа елең ететін. Осы жолы ас бөлмеге бұрылып та қарамады. Арғы жақтағы кішкене бөлмеде қалың көрпе астында төсек тартып жатқан атасына тіке тартты. Бөлме алдына келгенде бағанағы асығыс жүріс кілт тоқтады. Жүріс тоқтағанымен жүрегі кеудені жарып шығардай дүрсіл қағады. Әлем үнсіз қалғандай тыныштықта атасының маңдайындағы әжімі көзге бірден түсті. Сол жылы атасының қара суық ызғарда шыбын жанын шырылдатып шарқ ұрып ерлікпен қайқая қарсы тұрған бейнесі көз алдына келді. Бойы тітіркеніп, үстінен суық су құйып жібергендей көзден жас, кеудеден тер шығып, түсініксіз тылсым күй кешіп жатты. Атасына қарады. Түні бойы бойындағы ауруымен арпалысып, таң қылаң бере көзі ұйқыға ілінген екен. Есік сыртында атасын көрген күйі іштегі дүлеймен, санадағы сансыз оймен арпалысқан күйі ұзақ тұрды.

– Балам-ау, неғып тұрсың, кел бері, – деді Қайсен ата ұйқыдан ояна сала ежірейіп қарап тұрған немересін өзіне шақырып.

Маң-маң басып атасына қарай жүріп келеді. Оң иыққа ілінген сөмкесін жәймен сырғыта елеусіз жерге қойды да, атасы жатқан төсекке жақын келіп,  еденге тізелей салбыраған мойнымен маңдайын атасының алақанына тақады да еңкілдей кетті...

– Ата, үлкен атам Отан үшін қан төкті, бейбіт өмір үшін жан берді. Сіз болсаңыз қара суық ызғарда үкіметке қарсы шықтыңыз. Тәуелсіздік деп шыр-пыр болдыңыз. Тіпті жан беруге әзір болып, өлімге қасқая қарсы тұрдыңыз. Әскер қанша соққылап-тепкілесе де табан тіреп төтеп бердіңіз. Қазағым деп отқа да, суға да түстіңіз. Желтоқсанның қара суық желінде су шашқанда да шегінбедіңіз. Қаракөз қыздарға  күш көрсеткенде оларды қорғадыңыз. Қан төгіп, саз кешіп суық далада ұрандап, әнұранымызды рухтана орындадыңыз және солар үшін шаталдыңыз. Біз бұның бірін де көрмедік. Сіздерге мың тағзым! Алып берген Тәуелсіздігіңіздің тұғырын биік ұстаймын. Туымызды тек биіктен желбіретемін. Уәде беремін. Атымды да сол күнгі қатарласыңыз, батыр Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне қойыпсыз, кеш ұқтым. Аташым, кешірші мені. Аққан тер мен қанның өтеуін өтей алсам мен аянбаймын.

Тәуелсіздік үшін мың алғыс, менің батыр атам, – деп Қайрат батыр атасы алдында ағынан жарылды.

– Өтер күн өтті, балам, көз-жасыңды сүрт. Қайратыңды жина. Сен нағыз Тәуелсіздік  ұрпағысың. Осыны ұмытпа! Қайран қазағым деп қапыда кеткен ұлылардың ұрпағысың. Тәуелсіздік бізге оңай келмеді, алтын азаматтарымыз елді қанмен қорғады, жан пида болды. Сендерге құдай ондай жанкештілікті жазбасын! Біз көрмегенді көруге, біз жетпегенге жетуге тиіссіңдер, қалқам. Осы тәуелсіздіктің тұғырын биік, абыройын асқақ етсеңдер, біз екі дүниеде де ризамыз, шырағым. Барлығы тарих құрсауында. Балам, ел есінде қалған ер аты Қайрат деген атқа лайық бол. Үлкен үміт арқаларыңа жүк болды. Еңбекке ерінбей, білімге беріліңдер. «Білімсіз ел – бір күндік, білімді ел – мың жылдық». Білімсіз бәйгеде оза шабам деу бекершілік. Білімге ұмтыл. Сендер, жас ұрпақ – нағыз тәуелсіз елдің тарихын жазушысыңдар.

Қайсен атайдың ақылы тек Қайратқа ғана емес, күллі жас ұрпаққа айтылған өсиет сөз. Ел үмітін арқалау тек біліммен ғана өтелмек. Озық елдің қатарына қосыламыз десек, нағыз Тәуелсіздік ұрпағы – біз, алдымыздан шыққан кедергіге мойымай, заман біліміне ұмтылуға тиіспіз. Кешегі Алаш ардақтылары «Мен жастарға сенемін» деп таңбалап кетті. Осы сөзге лайық болып, тәуелсіз елімізді бірге өркендетейік.

Асылбек
ӘДІЛГЕРЕЕВ

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор