• ҰЛАН
  • 15 Ақпан, 2021

Әуе толқынындағы ғажап дауыс иесі

Ақпарат құралдарының әрбірі өз ерекшеліктеріне сай халықты соңғы жаңалықтармен хабардар етіп отырады. Газет-журналдар апта сайын, ай сайын соңғы оқиғалармен қатар, танымдық ақпараттарды жариялайды. Тележурналистика әртүрлі бағдарламалармен көрерменнің назарын аударады. Тележурналистикада бағдарламалардың мазмұндылығынан бөлек жүргізушінің келбеті, студияға кіріп-шығу әдебі маңызды рөл атқарады. Және бір ақпарат құралы бар. Мұңда бәрінен бұрын диктордың дауысы басты назарда. Ол күні бойы тыңдарманға әсерлі көңіл-күй сыйлау мақсатында еңбек етеді. Иә, бұл – радио. 

13 ақпан – бүкіләлемдік радио күні. Радиодан әдемі дауысты естігенімен, артында қандай еңбектің, қандай эмоцияның жатқанын білмейміз. Елімізде абыройлы қызмет атқарып келе жатқан радиолар қатары аз емес. Сондай радионың бірі «Авторадио Қазақстан». Радионың жаңалықтар жүргізушісі Екатерина Черкашинамен сұқбаттасқан болатынмын. Қызығы, Екатерина әпке есепші болып қызмет атқарған екен. Құлақ құрышын қандырар дауысы оны радиожүргізушісіне айналдырған көрінеді. 

– Радиоиндустрияға қалай келдіңіз?

– Бала кезімде диктор болуды армандайтынмын, телеарнада жаңалықтар жүргізушісі болғым келетін. Радио туралы мүлде ойламаған екенмін. Бірде құрбым жетектеп, қазақстандық медиа академияға алып келді. Медиа академияда сұқбат жүргізушілер курсына қабылдандым. Продюсер Гульбахор Хасанова алғашқы минуттан-ақ: «Таңғалма, егер сенің жолың осы болса, осы сәттен басталады», – деді. Бұл сөзге аса мән бермедім. Содан бір күні курс дәрісін «Русское радионың» жаңалықтар жүргізушісі Любовь Панова өткізетін болды. Ол бізге сценарий қағаздарын таратты. Мен санаулы минуттарда дайындалып, оқып шықтым. Сонда Любовь Панова: «Тамаша! Мінсіз оқылым. Әлі күнге дейін неге бұл жердесің? Неге диктор емессің?» – деді. Дәл осы сәтте «Русское радионың» жаңалықтар жүргізушісі декреттік демалысқа кететін болып, кастинг жарияланған екен. Мен де Любовь Панованың қолдауымен дауысымды жазып, кастингке жолдадым. Кастинг кең ауқымда өтті, қарсыластар да көп. Бірақ мен өзіме сендім, «Екатерина, сен үздіксің!» дедім.  3 айға жуық уақыт өткенде, кастингтен өткенім жайлы хабар алдым.

Жылдар бойғы арманым мені бір-ақ күнде радио жүргізушісіне айналдырды. Айтып өткенімдей бұл уақытша жұмыс. Сонда да әлі талай мүмкіндіктер барына сендім. Шынында солай болды. Бір күні редакторлар: «Екатерина, сенің бұл жердегі жұмысың аяқталды. Бірақ біз сенен көз жазып қалғымыз келмейді, сондықтан «Авторадиоға» ауыстырамыз» деді. Армандар орындалады дегеннен басқа айтарым жоқ.

– Радиожүргізуші болу үшін кастингте қандай талаптар қойылады?

– Басты талап – дауыс ырғақтылығы, дикция. Радиоға жаңалықтарды жазуға келер болсақ, қысқа да нұсқа жазу керек. Басқа айтарлықтай талаптары жоқ. Айтып өткенімдей мен дауысымды радиоға лайықты деп ойлаған жоқпын. Бірақ осындай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді.

– Әдемі дауыс иесі болу қаншалықты маңызды?

– Радиода бұл өте маңызды. Тыңдарман радиожүргізушіні көрмейтіндіктен, оларды дауыспен баурап алуы қажет. Дауыс әсерінен тыңдарман әуе толқынында сізді күтуі керек. Осы тұста мен өте қуаныштымын. Себебі маған тыңдармандардан жылы лебіз, дауысым туралы керемет пікір өте көп келеді. Оларға дауысымның ұнағаны мені шаттыққа бөлейді.

– Біз тележурналистика саласынан азды-көпті хабардармыз. Ал радио жайлы көп біле бермейміз. Радиодағы бір күніңізді айтып берсеңіз…

– Радиоға таңғы алты шамасында келемін. Бірден жаңа ақпараттар ағымын қарап шығамын. Ұзақ мәтінді ақпараттарды «не болды, қашан болды, қайда болды» сұрақтарына жауап берерліктей ғана қысқартып, дайындаламын.  Сағат жетіде жаңалықтар шығарылымы басталады. Студияда тікелей эфирге, әуенге жауапты саунд-оператор күтіп отырады. 

Студия – мен үшін энергия көзі. Неге екені белгісіз, эфир мені шабыттандырады. Графигім қаншалықты тығыз болса да, 23:00-ге дейін жұмыс істесем де шаршамаймын. Әрине, 1 сағат үзіліске, 1 сағат ақпараттарды іріктеуге беріледі. Ал құттықтау хаттары секілді бағдарламалар уақыты келгенде, тізгін басқа жүргізушілерде болады. Олар саунд-оператордың көмегінсіз пультті басқара алады. Кейде қызығып кетемін. Мен де байқап көргім келеді (күліп). Бірақ бұл жаңалықтар жүргізушісі үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мүмкін алдағы уақытта сынап көрермін.

– Еліміздегі радиоиндустрияда мамандар жеткілікті ме?

– Мен, әрине, бұл салада нақты мамандар санын білмеймін. Дегенмен, керемет дауыс иелері көп екенін білемін. Бұл жағынан елімізде үлкен бәсеке бар. Жарнамаларды дыбыстайтын білікті мамандар қаншама. Бірақ радио мамандарының тағдыры, тарихы, еңбек жолы әрқилы болады. 

– Оқырмандарымыздың қатарында болашақта радиожүргізушісі болуды армандайтындар болуы мүмкін. Оларға айтарыңыз болса...

– Ең алдымен, жан қалауың шынында осы мамандық екеніне көз жеткіз. Бұл мамандық саған не беретінін ойла. Түптің түбінде осы салаға тоқталсаң, дауысыңа көңіл бөлуді баста. Дикцияны жақсартатын қандай да бір курстан өт. Кейбір дыбыстарды айтқанда олқылықтар болса түзетуге тырыс. Бұл жағдайда жаңылтпаш айтуды әдетке айналдыр дер едім. Өзім әлі күнге дейін бос уақы-тымда жаңылтпаш айтып жүремін. Әрекет етпей, берекет жоқ. Өзіңнің бар күшіңді, шығармашылық қабілетіңді жинап іске кіріс. Жай ғана смартфондағы диктофонға бірер сөйлемді оқып, басып ал. Дауысың көңіліңнен шықса, радио сайттарынан бос жұмыс орнын іздестір. Шын ізденген адамға бір жолы табылары анық. Мүмкін бағың жанып, мақсатыңа бірден жетерсің. Мүмкін әлі біраз кедергіден өту керек болар. Болашақ радиожүргізуші болуды армандайтын жастарға сәттілік тілеймін! Ең бастысы, сенім. Өзіңе сен, дауысыңның әсерлі екеніне сен. Тыңдарман дәл сені тыңдағысы келетіндей болсын. Бұл мақсатқа жету үшін еңбектен, тыңдармандарды көрмесең де, оларды жоғары сана. Сенің дауысың, эмоцияң олардың жүрегіне жетуі керек.

– Әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы 

Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор