• ҰЛАН
  • 15 Ақпан, 2021

Алмас әл-Фарабидің трактаттары негізінде ғылыми жоба қорғады

Ғұлама ғалым «әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексия және шекті жазбалар» тақырыбымен ғылыми жоба қорғаған Алмас Мұрат EXORTIUM ІІ халықаралық ғылыми байқауында І орын иеленді. Алмас – Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Не себепті әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексияны зерттегенін кейіпкеріміз әңгімелеп берген еді.

– Алдымен өзім туралы айтсам, Назарбаев зияткерлік мектебіне кездейсоқ оқуға түстім десем болады. Сыныптастарымнан Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға тапсыру өтінімдерінің аяқталуына бірнеше күн қалғанда білдім. Содан бірден өтінім беріп, шамамен бір айдың ішінде дайындалдым. Бәрі өте тез өтті. Ойламаған жерден Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсіп кеттім. Оған қоса, қағаздан оригами жасайтын хоббиім бар. Жүзуге барғанды жақсы көремін.

– EXORTIUM ІІ халықаралық ғылыми байқауы туралы қайдан білдің?

– Жетекшім Арман Иманшарипова электронды поштама әртүрлі байқаулар туралы хаттар жібереді. Содан осы байқауға қатысып көруге ұсыныс айтты. Мұндай ғылыми байқауға алғаш қатысуым, яғни бұл менің алғашқы тәжірибем десе де болады. Ғылыми жобамның тақырыбын «Әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексия. Шекті жазбалар» деп алдық.

Бастапқы кезде ғылыми жобаға кіріспес бұрын идеямыз көп еді. Әл-Фарабидің жаратылыстану бағытындағы трактаттарында математика, химия және физикаға байланысты пікірлері бар. Бірақ біз жетекшіммен осы вакуумға қатысты пікірге тоқталуды жөн көрдік. Өйткені бұл тақырып алдымен өзіме қызық болды. Ал бұған дейін айтылған тақырыптарды біз сабақтарда оқып-талдадық. Алайда вакуумге қатысты пікірді зерттемедік. Жетекшіммен жобаны жоспарлау барысында ұзақ ойландық. Содан әл-Фарабидің шығармашылы-ғын қазіргі кезеңмен байла-ныстыруды жөн көрдік. 

– Жобаны іске асыру үшін қандай кезеңдерден өттің?

– Жобаны іске асыру үшін үтір-нүктесіне дейін жоспарлау қажет. Бізде жоспарлауға өте көп уақыт кетті. Бірақ нақты әрі жүйелі жоспар жобаның мықты іргетасы. Ал тақырыпты жетекшіммен ұзақ уақыт ойластырдық. Кейін ақпарат іздеумен айналыстым. Яғни әл-Фарабидің жаратылыстану бағытындағы трактаттарын іздеп, вакуумге байланысты пікірлерін өзіме түртіп алып отырдым. Содан жұмыстың аңдатпасын, негізгі бөлімі мен қорытындыны жаздым.

– Жобаны жазуда қиындықтар болды ма?

– Иә, әрине, қиындықтар да болды. Негізгі бөлімді жазғанда әл-Фарабидің трактаттарында нақты пікір емес, тек болжамдарын ғана оқыдым. Содан болжамдарды ғылыми жобаның негізгі бөлі-міне жазу қаншалықты дұрыс әлде бұрыстығы туралы ұзақ ойландым. 

– Байқау қалай өтті? Өзіңе ұнады ма?

– Байқау ойдағыдай өтті. Ең қызығы – нәтижесін, яғни жеңімпаздарды білу еді. Ал қарсыластармен байқаудың қорытындысын жариялағанда ғана таныстым. Олардың жұмысы маған өте қызық болып көрінді. Меніңше, олардың жұмыстарында танымдық бағыттағы тақырыптар өте жақсы зерттелген.

– Жеңімпаз атанғанда қандай сезімде болдың?

– Шынымды айтсам, қатты таңғалдым, тіпті І орын аламын деп күтпедім. Өйткені осындай байқауға бірінші рет қатыстым. І орын түгілі, жүлделі болуды мүлде ойламадым. Мен үшін бұл керемет тәжірибе болды. Тағы да қатысуға қарсы емеспін. 

– Болашаққа жоспарың қандай?

– Нақты бекітілген жоспарым жоқ. Бірақ Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген соң шет елге оқуға кеткім келеді. Шет елде оқып, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға міндетті түрде ораламын. Құрдастарыма ешқашан қорықпау қажет екенін айтқым келеді. «Менің қолымнан келмейді» деп айту –  қате. Адам шын қаласа, еңбек етсе, армандары міндетті түрде орындалады. Айтпақшы жуырда «Жан» мультфильмін көрдім. Достарыма да көруге кеңес беремін. Мультфильмде қоғамның пікірі адамның таңдауына әсер етпеуі керек екенін айтады. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан ұнайтын іспен шұғылданып, сол үрдістен ләззат алсақ, нағыз өмір сүргеніміз деп ойлаймын.

– Сұқбатыңа рақмет! Болашағың жарқын болсын!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

220 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Үйдегі жұмыстың өнімділігі
Келесі мақала Қыш құмыра жасайтын шеберханасы бар Данияр

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор