• ҰЛАН
  • 10 Желтоқсан, 2020

Болашақ көшбасшы мектеп қабырғасынан шығады

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өзін-өзі басқару ұйымдарының «NIS оқушыларының проактивті ойлауы VS реактивті ойлауы» тақырыбында қашықтықта сегізінші көшбасшылар форумы өтті.

– Сіздердің мектеп жылдарында қол жеткізген көшбасшылықтың тірек негіздері үлкен өмірде, білімдеріңізді жалғастырғанда, отбасын құрғанда және қоғам үшін игілікті мансап жолында жүзеге асуын тілеймін,- деп «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева форум қатысушыларына тілегін білдірді.

Үш тілдегі «Brain boi» зияткелік ойынында NIS жүйесінде іске асырылып жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні», «НЗМ оқушылары оқуға тиіс 100 кітап» әлеуметтік және тәрбиелік жобаларына қатысты сұрақтар қатары көп болды.

Көшбасшылар форумының сұхбат алаңында өзін-өзі басқару ұйымдарының оқушылары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесті. Олар Күләш Ноғатайқызымен тікелей эфирде әңгіме өрбітті.

Зияткерлік мектептердің президенттері мен вице-президенттері философиялық, саяси және жеке деп арнайы топтарға жіктеуге болатын әртүрлі сауалдар жолдады. Жиырма бірінші ғасырдың көшбасшысы қандай болуы керек? Көшбасшы мен басшының айырмашылығы неде? Пандемияға байланысты уақыттың жаңа талқысы? Алдағы 5 – 10 жыл көлемінде NIS-тің оқу бағдарламасы өзгеруі мүмкін бе? Сұрақтардың көпшілігі Күләш Ноғатайқызының өмірлік қағидалары мен жетістікке жету стратегияларына арналды.

Екінші күні форумның онлайн платформасында NIS көшбасшылары елімізге кәсіби мамандар ретінде танылған Рауан Кенжеханұлы мен Дәлел Жүзбаевпен кездесті. Екеуі де Президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Құрама Штаттарында білім алған, үш тілді жетік меңгерген. Бүгінде олардың есімдері қазақстандықтардың ойында жетістікпен ассоциацияланады.   

Рауан Кенжеханұлы – ғаламтордың қазақстандық сегментін өзгерткен адам. 2011 жылы дәстүрлі халықаралық Викимедиа конференциясында бүкіләлемдік онлайн энциклопедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлстың дербес сыйлығымен марапатталып, «Wikipedian of the Year» атанды.

Дәлел Жүзбаев ақмолалық аграрлық қызметкерлер әулеті мен отбасылық кәсіптің ізін жалғауда, туған Қорғалжын ауданынында ауылды жаңғыртып, астық өсіретін «Мирас» агрофирмасын басқарып келеді.

Екі спикердің де табысқа жету оқиғалары – қиындықтарды жеңу, таңдау құқығы мен ата-ана алдындағы жауапкершілік, өмірлік бейімділікке айналған хобби мен мамандық, өмірлік ұстанымдары мен өзіңнің алдыңдағы парызың туралы.

Рауан Кенжеханұлы мен Дәлел Жүзбаев – екеуі де self-made-man және бұл Зияткерлік мектептердің көшбасшылары үшін ең үздік жігерлендіруші аргумент.                                                                      

Өзін-өзі басқару ұйымдары көшбасшыларының сегізінші форумы проактивті ойлаудың реактивті ойлауға қалай төтеп беретінін анықтауға арналған пікірсайыспен аяқталды.

Қатысушылар проактивті адам өзіне жауапкершілікті ала білуімен, уақыттың барлық талқысына, оның ішінде пандемия секілді жаһандық талқыға жауап қатуымен және өз өмірін өзі құруымен ерекшеленеді деген қорытындыға келді.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі  оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы президенті Жансая Алпысбек жиырма мектеп  көшбасшыларының дебат ойынында 2-ші орынға ие болып, форумнан алған әсерін жеткізді:

– Лидерлер форумына қатысу-мен үшін үлкен мәртебе. Бұл екі күнде өзімді әртүрлі жаңа салаларда сынап көріп, жарқын идеялар меня мотивация ала алдым. Осыдай тәжірибе жинай отыра, бүгінгі күннен бастап осы ақпаратпен өз білім ордамызбен бөлісіп, белсенді жұмысқа кіріспекпіз! – деді мектеп көшбасшысы.

601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор