• ҰЛАН
  • 02 Қараша, 2020

Қарашаңырақтағы қос премьера

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде «Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деген еді. Бәріміз осы сөздің төркініне терең бойлап, әрбір қарапайым іс-әрекетте жауапкершілік сезінуіміз керек. Бұл тек той, мереке, жиынға қатысты емес. Мәдениет орындары мен көңіл көтеруге де қатысты.

Жыл сайын Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры шымылдығын «Абай» қойылымымен ашатын. Биыл пандемияға байланысты жаңа маусымның қашан ашылатыны театр ұжымын да, өнерсүйер қауымды да алаңдатты. 16 қыркүйектен бастап министрліктің рұқсатымен театрлар қайта ашылды. Алайда орындар 50 пайызға дейін ғана толуы керек. Театрға келушілер маска тағып, қашықтық сақтауы керек.

Театр ұжымы карантин кезінде қарап жатпапты. Оны әлеуметтік желілер, YouTube арнасы арқылы бақылап отырған көрермен жақсы біледі. Театр ұжымы мен актерлер онлайн сұқбатқа шығып, түрлі бағдарламаға қатысып, іс-шаралар ұйымдастырды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жеті айдан кейін есігін қайта ашты. Наурыз айында «Үйлену» қойылымын соңғы рет сахналаған театр ұжымы карантин кезінде жұмыс істемеді. Жақында «Ұланның» тілшілері де театрға премьераға барып қайтты.

«Абайдың жұмбағы»

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының ұжымы карантин уақытын шығармашылық жағынан да тиімді пайдаланған сияқты. Себебі 95-маусымда екі жаңа қойылым сахналады. 95-маусымның ашылу салтанатын «Абайдың жұмбағы» премьерасымен бастады.

«Биылғы маусымды Абай әлемімен, «Абайдың жұмбағы» премьерасымен бастадық. Абай – ұлы дария. Әрбір режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Жаңа маусымда көрермен қауымды жаңа туындылармен қуантамыз», – деді театр директоры Еркін Жуасбек.

Айтса, айтқандай-ақ, театрға ағылған жұрттың жүзінен театрға, актерлерге, өнерге деген сағыныш байқалады. Тіпті, премьера күні сайтта билет қалмады. Аншлаг! Театр ғимаратының алдына билет іздеп келген көрермен де болды. Санитарлық талапқа сай билет залдың 50 пайызына ғана сатылады. Әрбір екінші орындыққа отыруға болмайды. Көрермендердің сұранысына орай театр әкімшілігі қоржын-дағы қойылымдарды барынша жиі қоюға тырысатынын айтты.

«Абайдың жұмбағы» қойылымы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен жазылған. Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Болат Әбділманов, Мәдина Омарова, режиссері – Аридаш Оспанбаева.

«Абайдың жұмбағы» қойылымын ақпан айында қолға алдық. Менің ойымша, Абай бала кезінен өзінің кейін қандай тұлға болатынын сезген. Жас режиссер ретінде үлкен сахнада мұндай ауқым-ды шығарманы алғаш рет қойып отырмын», – дейді премьераның қоюшы режиссері Аридаш Оспанбаева. Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өсу, даму, қалып-тасу жолы туралы кезекті қойылымда жаңашылдық көп. Жасыратыны жоқ, жас буын арасында «Театрға барған сәнде емес, қойылымдар қызықсыз» деген қасаң пікір бар. «Абайдың жұмбағы» қойылымы заманауи элементтерді қосып, Абайдың әндері мен өлеңдерін қазіргі заманға лайық тәсілмен әрлеп, барынша жас буынға жақындауға тырысқаны сезіледі. Қойылымды бимен көмкерген жастарға да тәнті боласың.

Бір қойылымда 35 Абай

Жаңа маусымның екінші премьерасы «Қара» деп аталады. Атауының өзі адамның ойын сан-саққа жүгіртетінін байқаған боларсыз. Бұл қойылымдағы қара сөзінің мағынасы – Абайдың қара сөздері.

«Абайдың әрбір қара сөзі – бір спектакль. «Қара» қойылымында бір емес, бірнеше қара сөзінің мағынасын ашуға тырыстық. Басты рөлде бір ғана актер емес. Қойылымға 35 актер қатысады. Бәрінің де айтар сөзі, образы, әрекеті бар. Олардың бәрі – Абай», – дейді қойылымның қоюшы режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Актерлер қатарында театр тарландары Тұңғышбай Жаманқұлов, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда да бар. «Қара» қойылымы да заманауи оқиғалармен әрленген. Абайдың он жетінші қара сөзінде Қайрат, Ақыл, Жүректің «кім мықты?» деп таласатыны естеріңде болар? Жаһанды жаулаған пандемия кезінде күнделікті маска тағып жүру, антисептик қолдану, айналаңа жанашырлықпен қарау да Ақыл, Қайрат, Жүрекке байланысты екенін қойылым кейіпкерлері көрсете алды. Сахнаға маска тағып шығу, антисептик себетін көрініс арқылы көрерменге ой сала білді.

Театр ұжымының айтуынша, жыл соңына дейін тағы екі жаңа қойылым сахналанады екен. Бірі – неміс театрының режиссері Наталья Дубстың қоюымен орындалатын мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың шығармасы. Спектакль «Кафедегі екеу» деп аталады. Одан бөлек, белгілі драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Кедейлердің базары» деген әлеуметтік комедиясы дайындалып жатыр. Ол да әкемтеатр сахнасынан көрермен назарына ұсынылады.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №44
3 қараша 2020 жыл

312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор