• ҰЛАН
  • 02 Қараша, 2020

Бала үшін ата-ананың көңіл бөлуі бәрінен маңызды

Капишева Жұлдыз Мырзабекқызы Алматыдағы №174 мектеп-гимназияда психолог әрі өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Балалармен тікелей жұмыс істейтін маманнан балалар мен жасөспірімдердің арасында жиі кездесетін проблемалар жөнінде сұраған едік. Жұлдыз апай сұрақтарымызға егжей-тегжейлі жауап берді.

– Біз балаларды жас ерекше-лігіне орай кезеңдерге бөлеміз. Бастауыш сынып – бейімделу кезеңі. Мұғалім кім, сынып қандай екенін біліп, мектептің әр бөлмесімен, қызметкерлермен танысып, бейімделетін кезең. Бұл кезде ата-ана да, мұғалім де балаға көмектесуі керек. Баланың әріп танып, санап үйренуімен қатар, сол жерде жақсы білім ала алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Балаға барлық нәрсе әсер етеді. Біздің жай ғана ескерту жасағанымыздың өзі баланың көңіл-күйіне әсер етеді. Көңіл-күйі түскен бала дәріске кірген кезде сабаққа қатыспай, қойылған сұрақтарға жауап бермей қоюы мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде балаға көп назар аударуымыз керек. Баланың оқуына, өмірге бейімделуіне бәріміз көмектесуіміз керек. Біз асығыстық жасаймыз. Бірінші сыныпқа бере салысымен сабақтан тек «5» алса дейміз. Түрлі үйірмеге беріп, алты жастағы баладан вундеркинд жасап шығарғымыз келеді. Барлығы өз орнымен болуы тиіс.

Бастауышты бітіріп, бесінші сыныпқа өтеді. Жаңа пәндер қосылып, жаңа мұғалімдермен танысады. Бұл да бала үшін бейімделу кезеңі. Бұл кезеңде балаларда «мен біріншімін», «мен басқарамын» деген нәрсе болады. Құдды бір таққа таласқан ханзадалардай келеді. Осы кезде ата-анамен де, оқушымен де жұмыс істеуге тура келеді. Бұл кезеңде ата-ана тарапынан да наразылық көп болады. Баланың мінезін жасыру арқылы оны тәрбиелей алмаймыз. Мінезіндегі кемшіліктерді жасыру арқылы түзету мүмкін емес. Мұндайда ұстаз, ата-ана бір-бірімізбен ақылдаса отыра, балаға көмек беруіміз керек.

Қазір жиі кездесетін тағы бір мәселе – кейбір балалар екінші анасымен, кейбірі екінші әкесімен тұрады. Олар ата-анасын жазғыра алмағанмен, бұл мәселе де олардың сабақ үлгеріміне, жалпы көңіл-күйіне, мінез-құлқына әсер етіп жатады. Біреудің жеке отбасылық өміріне қол сұғуға хақымыз жоқ. Дегенмен, баланы ештеңе білмейді деп ойламау керек. Бала бәрін біледі, бәрін түсінеді. Үйде не жағдай болса да, баладан жасырмау керек. Ашық сөйлесіп, түсіндіру керек.

Біз әдетте бұйырып сөйлейміз. Бала өзінің үйдегі орны қандай екенін сол кезден түсіне бастайды. Мәселен, үйге бір жиһаз таңдау керек болғанда да баланың ойын білу маңызды. Айтқан жиһазын алмасаңыз да, пікірін сұраудың өзі балаға оның үйдегі орнын, өз рөлін айқындауда көп көмектеседі. Баланың таңдағанынан басқа жиһаз алсаңыз, ол қадамыңызды балаға дұрыстап түсіндіруіңіз керек. Баланы ешқашан алдамау керек. Ол жиһаздың бөлмеге келмегенін түсіндіріп айтсақ, бала, әлбетте, түсінеді. Бала құдды солдат секілді біздің берген бұйрығымызды орындаушы рөлінде болмауы керек. Жас ерекшелігіне қарай, онымен дос ретінде сөйлесе алуымыз керек. Сол кезде балаңыз үнемі сізге сырын айтатын болады.

Жоғары сынып оқушыларында да өзіндік бейімделу кезеңі болады. Бұл уақытта балалар бойындағы проблемаларды жасырғыш болып келеді. Құпияға толы сандық сияқты, көзіңе қарап тұрып ойымды оқы дегендей кейіп танытады. Олар көбіне өзіне сенімді дос іздейді. Бұл кезеңде баланың жақындарымен көбірек сырласқаны өте маңызды. Өйткені оларда физиологиялық тұрғыдан да өзгерістер пайда болады. Жігіттер қыздарды, қыздар жігіттерді байқай бастайды. Бұл кезеңде психолог мамандардың басты мақсаты – балаға дұрыс жол сілтеу. Мысалы, отбасылық жағдайы көп әсер еткен бір бала болды. Сабаққа келеді, бірақ сабақ оқымайды. Ешкіммен сөйлеспей, тек келіп-кетіп жүреді. Сабақ үлгерімі өте жақсы еді. Сол кезде мен ол баламен реніш туралы жұмыс жасадым. Реніштің адамға қалай әсер ететіні жөнінде сөйлестім. Адам біреуге ренжігенде, тіпті, тәбеті болмай қалуы мүмкін. Шырт ұйқыдан оянып кетуі де ғажап емес. Бұл кезде адамның ішкі тыныштығы бұзылады. Реніш сабақ үлгерімінің төмендеуімен бірге, басқа да қабілеттерін өшіріп тастауы мүмкін. Ол көп нәрсеге әсер етеді.

Балалар ата-анасының, жақындарының көбінесе жұмыста болатынын, олардың сөйлесуге уақыт таппайтынын айтып жатады. Мұндайда оның ең басты досы әрі жол сілтері компьютер болады. Балаға ата-ана тарапынан жеке жылу керек. Ата-ананың жылуы баланың әрмен қарайғы бүкіл өміріне әсер етеді. Көбіне баланың қал-жағдайын телехикаялар арасындағы жарнамада, қолымыз қалт еткенде ғана сұрап жатамыз. Дұрысы – теледидарды өшіріп тастап, жеке уақыт бөліп ашық сөйлесу. Бүгінгі күнінің қалай өткенін, сабағының қалай болғанын сұрау қажет. Біз балалардың материалдық қамтамасыз етілуіне көп көңіл бөліп, онымен жеке сырласып, уақыт бөлуді шектеп жатамыз.

Кейбір балалар бірінші сабақтың өзінен көңілсіз отырады. Сабаққа зейін қоймай, арасында айналасындағы достарын ренжітіп алып жатады. Сабаққа шығарып салғанда балаңызға сәттілік тілеп қойсаңыз, осының өзі көп нәрсеге әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдердің арасында кең тараған проблема-лардың бірі – интернетке тәуелді-лік. Жалғызсырап, өз-өзін төмен бағалауы нәтижесінде бала жылуды ғаламтордан іздейді. Баланың өз-өзіне сенімділігін нығайтатын ең басты фактор – отбасындағы оған берілетін жылу, көрсетілетін қолдау.

– Жұлдыз апай, кей балалар ойын ашық жеткізеді, батыл келеді. Енді біразы керісінше. Мұндай балалармен қалай қарым-қатынас жасауымыз қажет?

– Балалардың мінезі әртүрлі болып келеді. Әлдебір жағдайдың болғанын білсек, психолог болып, сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері болып, ол балаға көмектесуіміз қажет. Мұның барлығы адамның өз-өзін дұрыс бағаламауының кесірінен болып жатады. Сиқырлы сандық сияқты балалар болады. Ешкімге ақтарылып сыр айта бермейді. Себебі, онымен ешкім сөйлеспейді де. Мұндай жағдайлар көбіне жоғары сыныпта болады. Бастауышта да кездескенмен, бала болғасын тез ұмытып кетіп жатады. Бала қай жаста да ата-анасының назарын күтеді. Осыны естен шығармаған жөн.

– Балалар арасында жиі кездесетін буллинг жөнінде не айтасыз?

– Адам өз құқығын білу керек. Құқығын білмеген адам осындайға ұшырайды. Мұның «жеңіл» түрі телефонмен жүзеге асып жатады. Бір-бірін келемеждеу, түрлі смай-лик жіберу. Әдемі фотоның үстіне маймылдың немесе басқа бір жануардың суретін қойып қою деген сияқты жайттар көп кездесіп жатады. Мұндай жағдайда біз, әрине, балалармен жеке жұмыс жүргіземіз, сөйлесеміз.

«Бір себет алма» деген әпсана бар ғой. Екі көрші болыпты. Бірі екіншісін қатты қызғанады екен. Бір күні есігінің алдына бір себет қоқыс қойып кетеді. Келесі күні оны көрген үй иесі мұны көршісі жасағанын сезіп, себетті босатып, ішіне алма толтырып, көршінің есігінің алдына апарып қояды. Мұны көрген көршісі шыдай алмай, «мен сізге қоқыс тастап едім, неге бұлай істедіңіз?» деп сұрайды. Сол кезде әлгі көршісі: «Адам өзінің жүрегінде не бар, соны сыйлайды», – депті. Осы мысалды сабақ барысында көп қолданамын.

– Балалармен жұмыс істеу қиын ба, әлде ата-анамен бе?

–Жыл бойы ата-анамен де, оқушымен де жұмыс істейміз. Әрине, ешқашан баланың ата-анасын жазғырмаймыз. Біздің ең басты мақсатымыз – бала мен ата-анасының ортасына іріткі салып алмау. Қандай да бір жұмыс бастамас бұрын ата-ананың рұқсатын аламыз. Содан кейін ғана бірге жұмыс бастаймыз. Баласының бойынан өзгеріс байқаған ата-аналардың алғыс айтқан кездері де болды.

– Балалар психологқа өздері жүгіне ме, әлде сынып жетекшілері немесе басқа пән мұғалімдері айта ма?

– Әртүрлі жағдай болады. Мектебімізде «Сенім жәшігі» бар. Жәшікті аптасына бір рет ашамыз. Ол жерде балалар ой-пікірлерін жазып тұрады. Аты-жөнін айтпай, проблемасын жеткізген жағдайлар да болды. Есімін көрсетпесе де, жазуы, сөз саптауы арқылы пән мұғалімдерімен бірлесе отырып анықтап, сол оқушыға көмек беруді көздейміз. Ол жерде тым үлкен мәселе болмауы мүмкін. Мысалы, сыныптағы кей балалармен жараспай қалатынын айтқан. Сол баланы анықтап, онымен жұмыс істедім. Хаттағы жағдайға байланысты сол сынып-пен сынып сағатын өткіздім. Ол балаға байқатпай сұрақ қойып, ішіндегі толғанысын ортаға салуына мүмкіндік бердім. 

– Кейбір ашық, ақжарқын балалар кейіннен неге тұйық-талып кетеді? Тұйық, үндемейтін баламен қалай сөйлесуге болады?

– Баланың мінезіне әсер ететін жағдай өте көп. Ең әуелі, баланы жақсы көру керек. Бала махаббатқа тоюы керек. Ата-ана-ның махаббатына, достарының махаббатына, мұғалімінің махаббатына бөленуі керек. Шалва Амонашвили сыныпта отыз бала отырса, сол отыз балаға отыз сөз айта алу керектігін айтқан. Мәселен, «бүгін сабаққа келгенің қандай жақсы болды», «кеше сені күттік», «қаламсабың қандай әдемі!» деген сияқты отыз сөз айта алуымыз қажет. Өйткені, бала әр ұстаздың өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Тек үлгерімі жақсы балалармен жұмыс істемей, сыныптағы барлық баланы тегіс қамтуымыз қажет. Мақсат – баланы назардан тыс қалдырмау. Ортада байқалмауы, еленбеуі баланың мінезіне кері әсер етуі мүмкін. Егер бала сыныпта бір оғаш қылық жасап, жоқ нәрсені істеп көрсеткісі келсе, демек, ол – назардан тыс қалған бала. Ол сол арқылы басқалардың көңілін аударғысы келеді.

Тұйық балалармен жұмыс істегенде өте мұқият болу керек. Тұйықтықты кейбір балалар өздеріне қалқан ретінде пайдаланып жатады. Мен үнде-месем маған ешкім тиіспейді деп, өздерін қорғағысы келеді. Кейбіреуіне сол тұйықтығы ұнамай да жатады. Олар ашылып сөйлескісі келеді. Мұндай жағдайдың дені, жоғарыда атап көрсеткендей, назардың жетіспеуінен болады. Біздің тәжірибемізде де ондай жағдайлар жиі кездесіп жатады. Мұндайда мәселені сынып жетекшісі, пән мұғалімдерімен бірлесіп шешуге тырысамыз. Мәселен, бойындағы бір қабілетті ашып, дамыту арқылы ол баланың қоғамда да ашылуына түрткі болуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған
Айсұлу Болысбай

«Ұлан» газеті, №44
3 қараша 2020 жыл

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор