• ҰЛАН
  • 20 Наурыз, 2018

Колледж студенттері жобаларымен таңдай қақтырды

Жақында Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің үлкен шарасында қонақта болдық. Онда «Жас ізденушілердің инновациялық шешімдері және ұтымды идеялары» деген ғылыми-практикалық конференция өтті. Әдетте конференциялардың келген қонақтарды әуре-сарсаңға түсіріп, болдыртып жіберетіні жасырын емес қой. Ал біз бұл колледждің шарасынан ерекше көңіл-күймен оралдық. Жиын басталғаннан-ақ жас өнертапқыштардың еңбектерімен таныстық. Конференция барысында студенттер осындай ерекше жобалардың өмірге келуінен жүзеге асқанға дейінгі жұмысын көрсетті. Мұның барлығы қазаққа керек дүниелер, болашағы зор еңбектер. Ендеше, өз замандастарымыздың ерекше еңбегімен таныс болайық...

Барлығын телефонмен басқарыңыз

Конференция басталмай тұрып-ақ кіреберістегі бірқатар жұмысты студенттер таныстыра жөнелді. Бірінен бірі өтеді. Мысалы, үйде жарық өшіп қалғанда автоматты жарық беретін құрылғы біздің әр ауылға керек дүние. Жарығы өшпейтін ауыл бар ма екен?! Бұл құрылғыға екі ток келіп тұр. Параллель орналасқан, бір-бірімен кездеспейді. Біреуі өшіп қалған жағдайда екіншісі автоматты түрде бірден іске қосылады. Ал жалпы электр стансасында, бүкіл аумақ (ауыл, қала) бойынша жарық өшкен жағдайда генератор арқылы жарық береді. Бірақ ол 15 секундтан кейін қосылады. Ал тек үйде немесе көше бойынша өшкен жағдайда бірден іске қосылады. Демек, негізгі жарықтың өшкенін білмей де қаласыз. Керек-ақ дүние. Тағы бір ерекше жұмыс – Arduino құрылғысы гүлді автоматты түрде суарады. Мұны телефон арқылы басқарады. Суғару уақытын белгілеп қоюға да болады екен. Тек гүлді ғана емес, аулаларды, бақтарды суғаруға да мүмкіндігі жетеді. Қолдаушысын тапса, бүкіл қазаққа керек құрылғы. Тіпті мұны шетелде жүріп-ақ басқаруға болады екен. Екі-үш күн үйде ешкім болмай қалатын сәттер көп қой, сондай кезде гүлдеріңіз немесе бау-бақша күтімсіз қалмайды. Ықшамдалған тоңазытқыш екі камерадан тұрады. Бірі 10 градусқа дейін суытса, екінші 40 градусқа дейін жылытады. 12 вольттық аккумулятор арқылы жұмыс істейді. Мұны әсіресе табиғат аясына шыққанда, алысқа жол жүргенде пайдалануға болады. «Біздің студенттер, кабель жүргізетіндер көбінесе құбырдың ішіндегі кабельдермен жұмыс істейді. Соған барлау жұмысына керекті ойлап тапқан автоматымыз бар», – деп келесі жұмысты колледж басшысы Алмасбек Нөкербанұлы таныстырды. Бұл робот-құрылғы секундына 70 сантиметрге дейін бара алады. Екі көзі бар. 10-20 см жердегі кедергіні көріп, кері жүре алады екен. – Жердің астындағы кабельден ақау кететін болса, біз ол жерді түгелімен қазамыз. Ал бұл құрылғы арқылы нақты қай жерден ақау кеткенін анықтап, сол жерді ғана қазып аламыз да, кабельді жөндейміз. Адамдар құбырдың ішіне бара алмайды, осы құрылғы соған бірден-бір көмек. Сырттан телефон немесе пульт арқылы басқарамыз. Ең бастысы, сулы жерге түспесе болды. Айды, Марсты зерттеу кезінде осының үлкен түрін пайдаланады», – дейді жас өнертапқыш. Мәңгілік күнтізбенің де пайдасы көп екен. Жаңа жыл жақындаған сайын жылына бір күнтізбе сатып аламыз ғой. Ал бұл күнтізбе – мәңгілік. Алюминийден жасалған. Бірақ мұны қалауыңыз бойынша кез келген металдан, ағаш пен қағаздан да жасап алуға болады екен. Бұл да кәдімгі күнтізбе секілді қай күннің қай аптаға келетінін көрсетеді. Яғни, болашақтағы кез келген уақытты аптасымен көре аласыз. Дүйсенбі қай күннен басталса, соған сай реттестіріп біле алады екенбіз. Мұндайды жасап алсаңыз, одан кейін мүлдем күнтізбе сатып алмайтын боласыз. Тағы бір жоба – викторинаға арналған шамдар. Мұны сабаққа пайдалануға болады. Мұғалім сұрақ қойғанда кім бірінші жауап бергенін анықтау үшін осы шамдарды пайдалануға болады. Яғни, тетікті бірінші басқан адамның ғана шамы жанады. Қалғаны жанбайды. Бұл біздің викториналық ойымыздың әділ өтуіне де септігін тигізеді екен. Одан кейін колледжде оқитын қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесімен таныс болдық. Колледждің атауына қарап бұл жұмыстарды осында оқитын студенттер жасағанына сенгің келмейді. Ал жиынға арнайы шақырылған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушысы Ерғали Әуелхан мен талантты жас суретші Санжар Сырғабаев бұл жұмыстарға да жоғары баға берді. Еңбектермен танысқан соң конференция залына өттік. Онда да дәл осындай жұмыстардың жасалу барысы мен бизнес-жоспарлар айтылды. Қатысушылар бизнес-жоспарды бүге-шігесіне дейін жасапты. Қонақтарға барлық жұмыс ұнады.

«Ақылды үйдің» көмегі көп

Ерекше дүниенің бірі – «Ақылды үй» жобасы. Үйдің сахнада тұрған макеті де көздің жауын алып тұрған. Жарығы жанған кезде тіпті әдемі боп кетті. «Ақылды үй» жүйесін құрастырудың ерекшеліктерін зерттеу мен жобалау» жұмысын 1-курс студенті Қахарманов Қожабек таныстырды. Жетекшісі Олжас Бектас деген азамат екен. – Алдымен «Ақылды үйді» жобалаудың оңай жолын іздестірдім. Ол үшін Arduino микроэлектроникалық құрылғысымен жақынырақ танысуға тура келді. Нәтижесінде оның артықшылығы көп екеніне көзім жетті. Оның үстіне менің «Ақылды үйіме» өте қажет құрылғы екенін білдім. Зерттей келе, жарық шамдарын қашықтықтан басқаруды тәжірибе жүзінде түрде жасап шықтым. Бір бөлмені жарықтандыруды, үйдің, көлік тұрағының есігі мен қақпаны автоматтандырудың жобасы мен оған кететін шығындардың барлығын есептеп көрдім. Барлығы қолжетімді, – дейді жас өнертапқыш Қожабек Қахарманов. Бұл құрылғы үйіңізде болса, бөлменің барлық жарығын бір орында отырып-ақ басқара аласыз. Сонымен қатар, жұмысқа кетерде үйдің жарығын өшіруді, электр токтарын ажыратуды естен шығарып алсаңыз, құрылғы сізге ескертетін болады.  

Пластикалық карта көп шығыннан құтқарады

Келесі жобаны Назерке Әшімқызы таныстырды. Жетекшісі – Назымгүл Оданова. – «Smartcollege» жобасының негізгі мақсаты – білім алушының құжаттарын бір құжатқа жинақтап, жаңа форматтағы студенттік куәлік жасау. Елбасы 2017 жылдың 31 қаңтарындағы жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдау арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет», ­­­­­­­­­– деген болатын. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «Smart city» технологиясын енгізу мегополистердің мәселесін шешіп қана қоймайды, сондай-ақ оларды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала тұрғындарының өмір сүруінің қолайлылығын арттырады. «Smartcollege» цифрлы студенттік куәлігінің білім алушылар үшін тиімділігі көп. Атап айтқанда, барлық құжаттың жүйелі болуын қалыптастырады; бір пластикалық карта білім алушы туралы толық ақпаратты бере алады; құжаттарды жоғалтып алу қаупін азайтады; заманауи цифрлы қоғамның мүшесі болуына септігін тигізеді. Сонымен бірге бұл картаның колледж әкімшілігіне де тигізер пайдасы көп, яғни олардың жұмысын жеңілдетеді. Ең бастысы, қағазбастылықтан құтқарады. Біз қолданып жүрген дәстүрлі құжаттардың қағазын өндіру үшін қанша шығып кететінін есептеп көрдік. Бір қорап қағаз жасау үшін қанша ағаш кесілетінін де есептедік. Әрине, шығын шаш-етектен. Ал біз айтып отырған құжатты жасау үшін бір ғана пластикалық карта керек. Оны төмен молекулалы заттардың қалдықтарын химиялық жолмен әрекеттендіру арқылы жасап шығарады. Күнделікті қолданып жүрген кәдімгі банк картасы секілді карта ғой. Салыстырмалы түрде экономикалық шығынды есептеп көрейік. Сынақ кітапшасының орташа бағасы – 400 теңге. Студенттік билеттің құны – 180 теңге. Оқырман билетінің құны – 185 теңге. Медициналық карта бағасы 150 теңге болса, турникет – 80 теңге шамасында. Барлығы – 995 теңге. Бұл 1 студенттің қалтасынан шығатын сома. Ал енді 1 пластикалық картаның нарықтағы құны 70 теңге болса, дайын картаның құны – 80 теңге. Міне, айырмашылық жер мен көктей. Дәл осылай карта жасау мен бағдарламалаудың барлық шығынын есептеп көрдік. Мұндай пластикалық карта біздің жоғары оқу орындарында да бар. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ID-карта деп аталатын студенттік билет толықтай электронды жүйеге көшіп үлгерді. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің көшбасшысы болып тұрған Жапонияда смарт карталар 2005 жылдан бастап қолданысқа енген. Олар смарт карталарды ұялы телефонға енгізіп, мобильді қосымша арқылы басқару жүйесін де ойлап тауыпты. Кейбір елдерде бұл карта арқылы төлем жасауға да болады екен, – дейді Назерке Әшімқызы. P.S: Міне, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінде осындай тамаша жұмыстар бар. Сосын мұның барлығы жай әңгіме емес, көзбен көріп, қолмен ұстап қайттық. Әдетте жаңа технология туралы әңгіме болғанда жапондарға таңдай қағушы едік. Енді мұндай жұмыстар қазақ баласының да қолынан келетініне көзіміз жетіп жүр. Әйтпесе, «Ұланның» бетінде «Өнертапқыш» деген арнайы айдар ашылмас еді...

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №12 20 наурыз 2018 жыл

341 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор