• ҰЛАН
  • 09 Қараша, 2017

Хиджаб ұлттық баскиім бе?

Біз қандай оқулық оқып жүрміз?

Оқырмандардың хаттарын оқығанда, осы сұрақты өзімізге өзіміз қойдық. Балаға арналған əрбір дүние мінсіз болса дейсің. Өйткені, бала психологиясы өте нəзік. Талай жыл Алматыдағы С.Бегалин атындағы балалар кітапханасын басқарған София Құмарқызы апайдан естігенімізді айтайық. Венада дүниежүзілік кітапханашылардың жиыны болыпты. Сонда əп-əдемі кітапты кітапханаға қабылдаудан бас тартыпты. Неге? Кітаптағы оқиға күн ыстық кезде баланың демалысын қызықты өткізуді баяндайды. Судың жағасында қағаздан қайық жасап отырған баланың суреті салынған. Былай қарасаңыз жып-жылы сурет қой. Сонда кітапханашылардың айтқаны: «Күн ыстық. Аспаннан күннің шуағы молынан түсіп тұр. Баланың басында күннен қорғайтын баскиім жоқ. Мұны оқып, көрген бала күннің ыстығында кепкасыз жүруге болады екен деп, өз денсаулығына салғырт қарайтын болады». Көрдіңіз бе, балаға арналған кітапқа қалай мəн береді?! Демек, балаға арналған дүниенің бəрінде ұлттық идеология болу керек. Біз қазір не оқытсақ, бала ертеңгі күні соның «жемісін» береді. Ендеше, Білім жəне ғылым министрлігі  оқулықтардағы олқылықтарға  бір қарап қойса артық болмас еді...

Тақия киген қазақ баласы мақау ма?

Алматылық педагог, төрт бала тəрбиелеп отырған Гүлфайруз Мықтыбекова 1-сыныпта оқитын қызын сабаққа дайындап отырып, баланың алдында ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтады. «Биылғы 1-сыныптың орыс тілі пəні. Оқушының өзін-өзі бағалауы. Санат есімді бала көзіне көзілдірік кисе, оқушының мəліметті толық игергені. Бас киімін шешіп, түрін құбылтса, əлі толық игермегені. Ал егер қазақтың оюлы тақиясын кисе, баланың сабақты меңгермегені!» – деп Гүлфайруз тапсырманы суретімен көрсетіп сынға алды. Иə, мұндай тапсырмадан кейін бала не ойлайды? Əрине, бала сөз ұқпайтын мақау  болғысы келмейді. Тақия киген қазақ баласынан жиренуі мүмкін. Педагог осыған алаңдайды.

Хиджаб ұлттық баскиім бе?

Филолог Айбек Нəби 2-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығындағы олқылықты түзетуді талап етеді. Өйткені, «Сəуле қуыршағына ұлттық баскиімдердің қайсысын кигізді? Болжап көр», – деген тапсырмадағы бас киімдердің суретіне наразылық білдірді. «Хиджаб қашаннан бері ұлттық баскиім қатарына енген? Əрі суреттердің дəл ортасында тұр. ҚР Білім жəне ғылым министрлігініңтапсырысы бойынша оқулық дайындаған мамандар хиджабты ұлттық бас киім қатарына енгізерде қандай ғылыми негізге сүйенді екен? Мен тұтынушы əрі мектеп оқушысының ата-анасы ретінде сіздерден жауап беруді талап етемін», – дейді Айбек Нəби.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН» ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ БІР ТАПСЫРМА КӨРСЕК, ҚУАНАТЫН БОЛДЫҚ

Іні-сіңлілерімізді сабаққа дайындағанда оқулықтағы түрлі түсініксіз тапсырмалармен бетпе-бет кездесіп қаламыз. Ендеше, біздің не оқып жүргенімізге назар аударыңыз. Қазіргі балалардың оқып жүрген кітаптарының өзі де, тілі де ауыр ма дейсің. Мысалы, əлі əріптермен таныспаған оқушыларға «мəтінді оқы», «сөздерді буынға бөліп оқы» деген тапсырмалар берілген. 5-сыныптың («Атамұра», 2017) «Қазақ тілі» кітабын алып көрсеңіз, құдды  «Өзін-өзі тану» кітабын оқығандай күй кешесіз немесе жаратылыстану ма деп қаласыз. Жол белгілері, жануарлар, өсімдіктер дүниесі туралы, бос уақыт, хобби жайлы тарауларда «Қазақ тіліне» мүлдем жуыспайтын тақырыптағы мəтіндер мен тапсырмаларды көзіңіз шалады. «Бастауыштан келген балаларға сөйлем мүшелерін толық танытып, енді оларды талдауға үйретейік десек, кітап бойынша түрлі логикалық тапсырмалар берілген. Ал қырық минуттың ішінде оның бəріне түгел үлгере алмай қалатын кездер де болады», – дейді пəн мұғалімдері. Ұстаздардың  айтуынша, стиль түрлері  сөйлемнің барлық түрін өткеннен кейін, тоғызыншы сыныпта өтілуі керек екен. Ал қазіргі бесінші сыныптың бағдарламасы бойынша стиль түрін меңгеру керек. Бұрынғы кездері сабақты бекіту мақсатында сұрақтар берілетін. Қазіргіше айтсақ, «шығу парағы» (Атауының өзі құлаққа түрпідей  тиеді). Бұл тапсырмалардың басым бөлігі «мəдениет туралы өз пікіріңді айт» деген сарында. «Қазақ тілі» кітабынан тілге қатысты біртапсырма көріп қалсақ, қуанатындай дəрежеге жеттік. Болашағың бұлыңғыр болмас үшін кейде өткенге қайта оралғың келеді екен.

Көркем ЖҰМАХАНОВА, №19 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Жақсықылыш кенті, Арал ауданы, Қызылорда облысы

 

БАЛАЛАР ДОМБЫРА МЕН БАЛАЛАЙКАНЫ ШАТЫСТЫРЫП ЖҮРМЕСІН

«Ұланның» былтырғы нөмірлерінен оқулықтардағы олқылықтарды көріп қатты қынжылдым. 2-сыныпта оқитын қарындасым үйге «ENGLISH-KAZAKH» атты ағылшын сөздігі кітабын алып келді, қызығып қарап отырсам, киіз үйді «Қиіз үй» деп баттитып жазып қойыпты. К əрпінің орнына шатысып Қ əрпі басылып кетуі мүмкін деп ойлауға болар еді, алайда пернетақтаға қарайтын болсаңыз, К мен Қ  əріптерінің арасы алшақ. Кітапты ары қарай парақтасам, домбыра деп балалайканың суретін қойып қойыпты. Егер біз бұл олқылықтарды жоймасақ, мектеп оқушылары, шетел азаматтары қазақ ұлтының асыл  мұраларын осылай түсінетін болады. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға көзіміздің қарашығыңдай қарауымыз керек қой. Ұлттық құндылығымызға қатыстының бəрі мінсіз болса дейміз.

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ, «Ұланның» жас тілшісі. Тараз қаласы

   

Дайындаған Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №45 07.11.2017

336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор