• ҰЛАН
  • 22 Сәуір, 2024

Жаңа заманның жаңа романдары

Оқырмандар үшін жақсы жаңалық! Қазақ әдебиетіне үш жаңа роман қосылды. Мақсат Мәлік, Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байбол ағаларымызға романды жазып бітіруге бар-жоғы үш ай, яғни 90 күн уақыт берілген. Үш автордың қаламына қанат бітіріп, еңбектерінің еленуіне себепкер болған, жобаға демеушілік крсеткен жомарт жанға риза болдым. Белгілі жазушы Бейбіт Сарыбай «Жас қалам – жаңа роман» жобасын жасап, демеушілерге тініш жасаған екен. Сөйтіп «Beles» құрылыс компаниясының басшысы Махат Трәлі жобаның бүкіл қаржылық шығынын мойнына алыпты.

Жоба бойынша әр авторға бірбір тәлімгерден бекітілген. Нұржан Қуантайұлы Әлібек Байболдың «Мұтылған», Дәурен Қуат Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Жүсіпбек Қорғасбек Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романдарына тәлімгер болған. Кез келгеніміз үш айда оқылымды роман жазу мүмкін емес деп ойлаймыз. Алайда, ағаларымыз жазған шығармаларында қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғай біліпті. Қазіргі қоғамның шындығын жеткізген романдарды шын ықыласпен оқуға тұрарлық. Олай болса, романдардың мазмұнына тоқталсақ…

«Абыл мен Қабыл» романы – сиам егіздері туралы. Бұл қазақ әдебиетінде қозғалмаған тақырып десек те болады. Әдебиетте тұлғаның екіге бөлінуі деген үрдіс бар. Оған мысал ретінде Төлен Әбдіктің «Оң қолын», Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» алсақ болады. Ал бұл жерде, керісінше, кеуде тұсынан қосылатын сиам егізі туралы айтылады. Екеуінің жан қалауы екі түрлі, бірақ бірбірінен кете алмайды, бір-бірінің рұқсатынсыз тіпті еш жерге бара алмайды. 1991 жылы дүниеге келген егіздердің ғұмыры осы романда баяндалады. Бұл біздің қоғамда болған оқиға.

«Ағыраптағы аты жоқ адам». Әр қазақтың басынан кешіп жатқан шаңырақ мәселесі айтылады. Шаңырақ қазақ халқында әу бастан келе жатқан тенденциялық қасиеті бар ұғым. Соның бүгінгі көзқараспен қирауы, отбасының ажырасуы сияқты үлкен мәселе көтерілген. Таныстырылым өтпей жатып, кітаптың жүзден аса данасы сатылып кеткен. Меніңше, бұл оқырмандардың авторға деген сенімі. Себебі Қанат ағамыздың осы уақытқа дейінгі жарық көрген кітаптары оқырман көңілінен шыққан.

«Мұтылған» романы. Автордың айтуынша, романның бұлай аталуы Ш.Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» деген толғауынан алынған. Романдағы Мұхит деген кейіпкер Абай мен Шәкәрімді ерекше жақсы көргендіктен, ауыл адамдары оны Мұтылған деп атаған. Оқиға екі кеңістікте, яғни өткен және қазіргі өмірді баяндайды. Автор оқырманды сендіріп, соңында мұның бәрі болмаған оқиға екені жазылады. Тек қана бұл адамның қиялындағы дүние болып шығады. Ал оның қалай болғанын романнан оқыған дұрыс сияқты. Себебі, дәл қазір айтылмаған интригалар романда жетерлік дегім келеді.

Осы романдардан керемет бір кино түсіру керек шығар, сірә! Себебі шым-шытырық оқиға көрермен көңілінен шығары сөзсіз. Ендеше, оқырман, жаңа романдарды қазақ әдебиетінің бестселлеріне айналдырайық!

Әмина ТҰРДАҚЫН,

№33 мектептің оқушысы

Алматы облысы

Талғар ауданы

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2024 жыл

1177 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор