• ҰЛАН
  • 16 Сәуір, 2024

Үйдің тұңғышы болғаныма кінәлімін бе?

Кейде отбасында жаңа туған нәрестеге көп көңіл бөліп, оның алдындағы балалар ескерусіз қалады. Сонда үйдің үлкенінің ойында «тұңғышы болғаныма кінәлімін бе?» деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік желіде бауырын анасының құрсағынан ысырып тастап, анасына жабысқан бүлдіршіннің видеосын көзіміз шалып қалды. Тақырыпқа түрткі болған да сол бейнежазба. Осы тұста ата-ана нені ескеруі қажет? Үйдің үлкен баласы сол сәтте не сезеді? Балалар психологынан сұрап көрген едік. Осы салада бес жылдық тәжірибесі бар Әсем Ілесбай ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты кеңестерін айтты.

– Кейде ата-ана бүлдіршіннің әлі бала екенін ұмытып кетеді. Әсіресе, бірінші баласының қандай да бір тәжірибесі бардай көп жауапкершілік артып тастайды. Сәйкесінше жаңа туған нәрестеге көп көңіл бөлініп, үйдің үлкені елеусіз қалады. Негізі керісінше болуы қажет. Әрине, шақалақ басында өз қажеттіліктерін жасай алмайды, сондықтан да оны әкешешесі өтейді. Алайда бірінші балаға саналы түрде уақыт арнап, тәрбие беру міндетті. Үйдің үлкені «бәрін істей алады» деген ой болғанымен, ол көмекке, эмоциялық қолдауға мұқтаж болады. Себебі бала үшін конкурент пайда болды (бірінші баладан кейінгі баланы айтып отыр). Ал конкурент – үлкен стресс. Расында, кейде үйдің үлкені екінші баланың ойыншықтарын тартып алып, не оны ұрып, өзіне көңіл аудартып жатады. Бұл осындай қарапайым жайттардан басталады. Демек, ол үшін екінші бала конкурент болып тұр. Осындай кезде бірінші балаға көбірек назар аудару керек. Жаңа туған нәрестеге міндетті түрде көңіл бөлінеді. Ол әкелік және аналық инстинктте қалыптасып кеткен. Алайда назардан бірінші бала тыс қалып жатады.

– Психологиялық тұрғыда бала осы сәтте нені сезеді?

– Осы сәтте бала ата-анадан алшақтай түседі. Онда «менен бас тартты, мен ешкімге керек емеспін» деген паттерндер пайда болады. Нәтижесінде бұл «мені жақсы көрмейді, басқаны менен артық санайды» деген дұрыс емес шектеулерге алып келеді.

– Балаға қаншалықты назар аудару керегін білу үшін эсперименттер де жасауға болады екен. Мәселен, бала қаншалықты сені жиі шақырса, соншалықты назар аудару қажет дегендей… Осы секілді тағы қандай сәттерге сүйене отырып балаға көңіл аудару керек екенін ата-ана біле алады? Неден сезе алады?

– Саналы ата-ана өзінің баласында не болып жатқанын, қандай сезімді бастан кешіп жүргенін байқамай-ақ сезеді. Психолог ретінде бала мен атаана эмоционалды байланыста болса екен деймін. Олардың арасында байланыс болса отбасы мүшесінің бойындағы өзгерістерді байқайды. Балада невротикалық белгілер пайда болуы мүмкін. Мәселен, кіші дәретін ұстай алмау, тырнақ тістеу және тағысын тағы. Осындай қылықтары арқылы бала өзіне көңіл аудартқысы келеді. «Мен бармын мұнда. Бөпе болайыншы. Сендер бөпеге назар аударсаңдар, мен сендерге бөпе болайын» деген ойлардан регреске түсіп кетеді. Осы белгілер арқылы ата-ана біле алады. Ал әке-шешемен эмоционалды байланыс болмаған балада жиі истерика болады. «Ата-ана мені түсінбейді екен, айғайлап, мінез көрсетіп көрейін» дейді. Истерика – балалар арасында жиі кездесетін, өз мәселесін жеткізе алатын бір құрал.

– Өзім үйдің үлкені болғандықтан, бауырларым үшін көп жауапты болдым. Расымен де, кейбір ата-аналар өз жауапкершілігін үлкен баласына артып тастайды ғой. Бұл қаншалықты дұрыс? Тіпті ата-аналар үлкен балаларына: «Сені мен осыған дейін оқыттым, енді сен артыңнан ерген бауырларыңды оқытасың» деп отырады…

– Психологияда «кіші атаана» синдромы бар. Ол – ата-ана ретіндегі жауапкершілікті үлкен баласына да арту. Бұл дұрыс емес. Өйткені психологияда отбасындағы әрбір мүше өзінің міндетін дұрыс орындауы қажет. Бала ешқашан ата-ана рөлінде болмауы керек. Үйдің үлкеніне осыншама жауапкершілік артылғаннан кейін оның психологиясы үлкен күйзеліске, тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Себебі ондай адам өмірінде де бір жақтан кешігіп бара жатқандай, барлық дүниені бір уақытта істеп тастауға тырысады. Осылайша байыз таппайды. Сондықтан да бұл үлкен мәселе. Бірінші бала өз бауырларына қарауға, жауапкершілік алуға құқылы емес. Бала болу құқығынан ата-ана айырмауы қажет. Бала – бала болып қалуы керек. Егер ол бауырларын бақса, соған міндетті болса, не үшін ата-ана заңды өкілі болып жүр? Маман ретінде осындай мәселелермен күнделікті ұшырасамын. Сол себепті қазақ қоғамында жиі кездесетін бұл мәселе норма емес екенін баса айтқым келеді. «Сені мен осыған дейін оқыттым, енді сен бауырларыңды оқытасың» деп айту – инфантилизм. Баланы дүниеге алып келгеннен кейін он сегіз жасқа дейін оны тәрбиелеп, жеткізу – әке-шешенің міндеті. Ол ҚР Конституциясында көрсетілген. Ата-ана қандай жағдай болсын ешкімге жүктеме артпауы шарт. Бала мәселесі моральдық, материалдық ресурсты талап ететін өте күрделі тақырып. Жас отбасы осындай дүниелерге үлкен дайындықпен келгені дұрыс. Балаға, керісінше, міндеттемей, дұрыс тәрбие берген жөн. Шартсыз махаббатсыз өскен бала ертең шартсыз өзіңді асырайды.

– «Сен үлкенсің» дегенді естіген баланың мінезінде өзгерістер бола ма? Осындай сөздерді тыңдап өскен баланың балалық шағы қызықсыз болып қалмай ма?

– Орынды сұрақ. Расында, жоғарыдағы сөздерді естіп өскен баланың ата-анасы балалық шағын тартып алады. Біз әр бүлдіршінге бақытты балалық шақ тілейміз деп жатамыз. Балалық шақтағы жарақаттар есейгенде психикасына әсер етеді. Әр нәрсе өз уақытымен болуы керек. Балалықпен түрлі дүниелерді бүлдіріп қояды. Оның барлығы уақытша деп қабылдап, еркіндік берген дұрыс.

– Үлкен балаға айтуға болмайтын сөздер қандай?

– «Сен біріншісің. Сен үлкен болғандықтан ақылың көбірек» деген сөздерді айтпау керек. Керісінше, «сен менің баламсың, әрбіріңнің орының мен үшін ерекше, тұңғыш болып туғаныңа кінәлі емессің» деп айту орынды. Ешкімді бөліп-жаруға болмайды. 

– Отбасында екі бала бар делік. Соның біріншісі өзіне бөліну керек назарды екінші баланың ойыншықтарын тартап алу не ұру сынды қылықтармен білдіріп жатады. Осындай сәтте не істеу қажет?

– Ата-ана барлығын байыппен түсіндіру қажет. Кіші баладан ойыншықты тартып алып, оны үлкеніне беру дұрыс емес. «Ойыншықты кезектесіп ойнасаңдар болады» деп өзара бөлісіп алатындай жағдай жасау ұтымды. «Бұл сенің ойыншығың ба еді? Онда ағаңа соны түсіндіріп айт» деп екі баланың арасындағы бәсекелестікті, тартысты сейілткен дұрыс. Осындай әрекеттен кейін балада өзге адамның затын алуға болмайтыны туралы ой қалыптасады. Әрине, бұл уақытта эмоцияның болатыны сөзсіз. Бауырларына бөлінген назардан кейін тұңғыш балаға да көңіл бөлу қажет.

– Үлкен балаға барлығы міндеттелгендіктен одан кейінгі балаларда «оны ағам не әпкем істей салады» деген ой қалыптасады. Бұл психологиялық тұрғыда қаншалықты дұрыс?

– Бұл, әрине, дұрыс емес. Себебі жауапкершіліктің барлығы үлкен балаға жүктеліп отыр. Оның салдары үлкен балада емес, одан кейінгілерінде байқалады. Жақында бір қызық зерттеуді оқыдым. Онда үйдің бірінші баласына қарағанда кішілерінде ата-анаға деген тәуелділік байқалады екен.

– Демек, сіз кіші бала үлкен өмірге тез бейімделе алмайды дегіңіз келе ме?

– Иә, ол кішкентай кезінен жауапкершілікті алмағандықтан, ата-анасының қасынан шықпай қалады. Көпке топырық шашпаймын. Алайда көп жағдайда сондай. Сол себепті әр балаға жауапкершілік бірдей бөлінуі қажет. Иә, қиын кездерде, отбасы толық болмаған шақтарда үйдің тұңғышы әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Ал қазір, меніңше, шүкір, көбінің жағдайы бар. Үлкен бала бар деп кішілерге жауапкершілікті артпау дұрыс емес. Баланы екі жастан бастап міндеттей бастау керек.

– Үйдің үлкені ұл болса не қыз болса екеуінің айырмашылығы бола ма?

– Бұл өте күрделі сұрақ. Өйткені біздің қазақ қоғамында сексизм бар. Меніңше, ұл балаға көп жауапкершілік артылмайды. «Сен ұлсың, сенің өмірге келуіңнің өзі бір сый» деп жатады. Ал қыздың мойнына көп дүниені артып тастайды. Ұлдарға қарағанда қыздың жаратылысы шапшаң болып келеді. Тез бейімделе алады. Қыздың психикасы да икемді. Уақытында жылдам шешім қабылдай алады. Мұның барлығы кішкентай кезінен басталады.

– Үйдің үлкендері де әртүрлі болады. Біреуі бауырларына қамқор болса, ал біреуі абьюзер болуы мүмкін. Бұл неге байланысты?

– Бұл адамның темпераментіне байланысты. Бала – индивид. Абьюз баланың пайда болуы ата-ана назарының аз бөлінуінен. Өзінің агрессиясы арқылы махаббат іздеп отырады. Көп бұзық балаларға кезінде дұрыс көңіл бөлінбеуі мүмкін.

– Бірінші баланы бөлмеу үшін қандай нұсқаулық берер едіңіз?

– Жас отбасы екінші баланы жоспарлаған кезде тұңғышына басынан «менің ішімде бөпе бар, енді сенің бауырың болады» деп түсіндіру қажет. Босануға кеткеннен кейін анасы жаңа туған нәрестені видеомен сөйлескен кезде көрсетпегені дұрыс. Себебі бірінші бала анасын көрмей, стресте отырады. Оның ойында «мені басқа баламен алмастырды» деген жеккөру пайда болады. Бізге ол керек емес. Перзентханада жатқанда телефон арқылы бірінші балаға «Балам, мен сені сағындым. Сәл шыда. Жақын уақытта келемін» деп айту қажет. Шыққаннан кейін де бірінші балаға көп көңіл бөлген дұрыс. Себебі балада жаңа бүлдіршін келгенде адаптация жүреді. Ал нәрестеге онсызда көңіл бөлінеді.

– Таяқтың екі ұшы болады. Бірінші балаға жауапкершілікті арту арқылы үлкен өмірге тезірек бейімдей түседі. Сонда қандай тұжырым дұрыс?

– Әрине, бұл да рас. Бірақ жауапкершілікті бірінші бала ғана емес, екінші, үшінші бала да түсінуі керек. Жалпы, балаға кішкентайынан өз міндетін айтып, үлкен өмірге дайындаған абзал. Бұл тек үйдің тұңғышына қатысты емес. Кіші бала жауапкершілікті ұқпаса, ол инфантильді өмір сүретін болады. Инфантильді баланың қоғамға бейімделуі өте қиын. Сабақ үлгерімі де нашар болуы ықтимал. Фокусы үнемі өзгеріп отырады. Тұрақтылық болмайды. Қазір ондай балалар өте көп. Маған көмек сұрап келетіндердің көбі сондай. Мұндайға өте салмақты қарау керек.

– Психолог ретінде ата-аналарға қандай нұсқаулық бересіз? Екі балаға бірдей қалай көңіл бөлу керек?

– Баланың ең маңызды фазалары 6 жасқа дейін толық қалыптасады. Оның алғашқылары тактильді байланыс. Бұл дегеніміз баланы шектеусіз, мерзімсіз, шартсыз махаббатпен өсіру. Бұл арқылы балаға «осы өмірде менің орным бар, мені барлығы жақсы көреді» деген ұстаным қалыптастырамыз. Егер тактильді байланыс мүлдем болмаса балаға үлкен соққы болуы мүмкін. Екі балаға бірдей уақыт бөлу қиындау. Бірақ тырысып көруге болады. Жоғарыда айтып өткенімдей екінші бала дүниеге келгенде бар назарды бірінші балаға бөлу керек. Ал екінші бала онсызда анадан өз қажеттіліктерін алады. Саналы түрде ертең жарақат болып қалыптаспау үшін үлкен балаға көбірек уақыт бөлеміз. Себебі ол есін біледі. Бәрін түсінеді. Содан кейін мына мәселені кейбір ата-аналар ұмытып кетеді. Осыған баса назар аударған жөн. Үйдің үлкеніне жеке уақыт арнау қажет. Аптасына бір сағат онымен ойнап, бірге дамыған жөн. Кейін екі бала өсіп, оларға бірдей көңіл бөлесіз.

– Үлкен балаға «жұрттың баласы анадай, мынадай» деген сөздер айтылатыны да бар. Осыған психолог ретінде пікіріңіз қандай?

– Бұл мазасыз аналардың елеусіз жасайтын қателіктері. Баланы басқа балалармен салыстыру ішкі тіректің құлауымен байланысты. Баланың тұлғалық маңызын ата-ана қалыптастырады. Болашақта үлкен істі бастайтын адамдардың әкешешесі осы тұлғалық маңыздылығын дұрыс қалыптастырған. Ал ата-ана қалыптастырудың орнына кастрация жасайтын болса, бала өмір бойы өзін лайықты емеспін деген ұстаныммен өседі. Балаңыздан невроз белгілерін (логоневроз, энурез, ығыр қылатын әрекеттер, тырнақ тістеу, жараны шұқылып тастау, көзін жыпылықтату т.б.) байқасаңыз, бірінші өзіңіздің қылықтарыңызды сарапқа салу керек. Себептердің бірі сіз болып шығуыңыз әбден мүмкін.

– Қазақ қоғамында «кіші бала – шаңырақтың иесі» дейді. Баланы бұлай бөлу қаншалықты дұрыс?

– Бұл да дұрыс емес. Неге біз барлығын оған артып қоюымыз керек? Бәлкім, оның басқа армандары бар шығар? Болашақ өміріне деген өзге де жоспарлары болуы хақ. Біз осы сөздерден кейін оның ойын бұзып тастаймыз. «Кіші бала – шаңырақтың иесі» деп айту арқылы кіші баланың жеке отбасы болуын шектейміз. Отбасында ата-анасы бірге тұрғандықтан, жас отбасының әр шаруасына араласып отырады. Осылайша олардың шекарасын бұзады. Ондай жайттарды біздің қоғамда көп кездестіруге болады. Кенже бала да өз өміріне өзі жауап беретіндей болуы керек.

– Балалар психологына барудан бұрын не істеу керек?

– Алдымен баладағы проблеманы физиологиядан іздеу керек. Оған импульсивті агрессия болса эндокринологқа, аса белсенді болса невропотологқа, ОКБ немесе шизофрения болса психиатрға бару жатады. Кейін барып қана мәселенің шешімін психикадан іздейміз. Екінші, отбасылық жүйеге назар аудару қажет. Өкінішке қарай, баланың жан жарақатының 85 пайызын ата-анасы жасайды екен. Үшінші, баланың мотивациясы. Бала өзгеріске ұмтылмаса, ешқандай динамикасы болмайды.

– Кеңесіңізге рақмет!

P.S. Қарап отырсаңыз, біз байқамайтын дүниелер өте көп. Шектеулер де аз емес. Бала тәрбиесі тақырыбы өте нәзік. Бала жоспарлағанда кез келген ата-ана үлкен дайындықпен келгені дұрыс. Бастысы, әр баланың өз орны бар. Әрі несібесі бар. Үйдің үлкеніне жауапкершілік артып тастау да оның болашақ өмірге бейімделуіне септігін тигізеді. Алайда өзге балаларға да жауапкершілік жүктеу, өз міндетін орындауда тең құқық берген абзал. Балалар психологы Әсем Ілесбайдың позициясы осындай.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

1345 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор