• ҰЛАН
  • 15 Сәуір, 2024

Ерекше балаларға тегін би үйретеді

Биші Нұрлан ағайды қыздар жақсы көреді. Әсіресе, Аружан мен Сабинаның биге, ағайға деген ықыласы ерекше. Ерекше балаларға би үйретіп жүрген абзал жан туралы жазып отырмыз. 5–10 жастағы даун диагнозы қойылған төрт қыз өмірге қайта келгендей...

Аружанның анасы Рысжан: Биден шыққан соң, үйге қуанып келеді. Қызымның бойындағы өзгерісті мектептегі ұстаздары да байқапты. Ағайға тек алғыс айтамыз. Сөйлеу қабілеті, адамдармен қарым-қатынасы жақсы жаққа өзгерді.

Бұл сөзге Сабинаның анасы да қосылды. «Ерекше бала бағып отырғасын бәрін түсінемін. Қанша қиын болса да, баламда өзгерістер бар. Шаршағанын ұмытып кетеді. Нұрлан ағайы есіктен кіргеннен күліп қарсы алады ғой. Жылу мен мейірімді бала да сезеді» – дейді.

Нұрлан Мұқатаев 1976 жылы Қарағанды облысының Қарақұдық ауылында дүниеге келген. 1999 жылы мәдени-ағарту училищесін Бұқаралық театрландырылған іс-шаралар режиссері мамандығы бойынша бітірген екен. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Теміртау қаласындағы Жас көрермен театрында актер, 2005 жылдан 2007 жылға дейін №36 орта мектепте мұғалім болған. 2007–2016 жылдары қарағандылық «Нұрби» балаларжасөспірімдер клубының нұсқаушыәдіскері болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бастап «Нұрби» хореографиялық ансамблінің жетекшісі. Ансамбль осы сәттен бастап қалалық, республикалық және халықаралық фестиваль мен байқауға қатысып, бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.

«Маған №6 интернаттың меңгерушісі хабарласты. Осы ерекше балаларды биге апаруды өтінді. Ә дегеннен бас тарттым. Содан кейін ақылы би үйірмесі бар екенін айтты. Бірақ айына 15 мың төлейді. Өзім сау адам бола тұра ерекше балалардан қалай ақша алуға болатынына таңғалдым. Ерекше балалардан ақша алады! Сенің екі қолың, екі аяғың бар. Қалай ақша сұрауға болады? Содан кейін келістім. Оларды би шеберлігіне бес айдан бері үйретіп келемін», – дейді Нұрлан.

Шуақты қыздар тобы «Қарлығаш» биімен облыстық байқауда жеңіске жетіпті. Жарысқа шығар алдында ағай былай деп айтқанын еске алды: «Біз өмірге жарысу үшін келген жоқпыз. Біз өзімізді өзімізге дәлелдеу үшін келдік. Ешкімнің басқадан еш айырмашылығы жоқ. Бәрі сахнаға шығып, ән айтып, билей алады». Менің сөзімді түсінді ме, жоқ па, білмедім. «Сендер жұлдызсыңдар!» – дедім. Қыздар бәрін біледі, сезеді. Оларға шын берілмесең бәрі бекер. Өтірік айтсаң оны да біледі.

Нұрлан ағаның «Әжелер биі» деген ансамблі де бар. Топ құрамында бұрын мұғалім, дәрігер, есепші болып қызмет еткен аналарымыз. Бір аптада саусағы майысып, би қимылын тез үйренгенін айтады. Ансамбльде 250 адам бар. Ең кіші оқушы 65 жаста, ал ең үлкені – 85 жаста. Гастрольдік сапарды ұйымдастырып, қажетті киімдерді де өздері тігеді екен.

МЫҢ БИШІНІҢ ІШІНЕН БІРІНШІ БОЛҒАН ШУАҚТЫ МАРИЯ

Украиналық Мария Гнатик Австрияда өткен билеуден әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Жеңіске жету жолы оңай болмаған. Анасы бүкіл өмірін ерекше баласына арнаған екен... «Менің Мариям өмір бойы жеңіс үшін күресті. Әкесі екеуміздің көптен күткен баламыз еді. Оның қандай болатынын, оған қалай қамқорлық жасайтынымызды елестететінбіз. Бірақ сегізінші аптада тосын жаңалықты естідік. Ол кезде даун синдромына күдік болған жоқ», – дейді анасы.

2011 жылы инклюзивті оқу туралы заң қабылданды. Содан кейін даун синдромы бар балалар қарапайым мектептер мен балабақшаларға баруға мүмкіндік алады. Осы уақытқа дейін Марияны балабақша қабылдамаған екен. Мария 1-сыныпқа 9 жасында барыпты. Өте жақсы оқып, жазып және сөйлепті. Сыныптастарымен азды-көпті деңгейде болған. Бірақ айырмашылық іс жүзінде байқалмаған. Өйткені, дене бітімі жағынан кішкентай. Анасы мидың кейбір функционалдық ерекшеліктеріне әсер ететін дыбыстармен жұмыс істеуді ойлайды. Марияның музыкаға икемі барын байқайды. Анасы қолынан ұстап, би студиясына апарады.

Қаланың барлық мектептері мен студияларын аралайды. Ешкім қабылдамай, «биші шықпайды» деп шығарып салады. «Шахина» би студиясына кездейсоқ келеді. Диана Марияны бір көргеннен ұнатып, топқа қабылдайды. «Маша кейде көңіл-күйі болмай, ешкіммен сөйлеспеуі мүмкін. Біз бір биді бір жылда үйрендік. Жаттығу аптасына екі рет. Мұндай балалар тапсырманы ұзақ сіңіреді, ұмытып кетеді. Мұның бәрі үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді», – дейді.

«Әлем чемпионатында мың қатысушының ішінде даун синдромы бар жалғыз қызым болды. Осы жарыстан кейін Болгарияда Еуропа кубогы және екі алтын медаль алды. Чехияда сұлулық байқауында жеңіске жетті. Менің айтарым, «Әркім өз Дианасын табуы керек. Оның биші болуы міндетті емес. Балаңыздың жүрегіне керек адам болсын», – дейді анасы.

Биші қыз шығыс билерінен басқа бал биін де меңгерген. Оның серіктесі 16 жастағы Иван Кондратюк те «күн шуақты» бала. Ұзақ уақыт бойы серіктесі болмай, мұғалімімен билеген екен. Қазір Мария мен Иван танымал жұп. Мың бұрала билегенде таңдай қақтырады. Биші қыздың анасының ерекше баласы бар аналарға айтары көп. «Біздің баламыз бәрімен тең. Бос қарап отыруға болмайды. Бұл бізге берілген үлкен сыйлық», – дейді. Біз де Нұрлан ағайдың шәкірттерін сахна биігінен көрейік!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

892 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор