• ҰЛАН
  • 15 Сәуір, 2024

Су тасқыны балалар көзімен...

Наурыз айының соңында еліміздің бірқатар аймағында су тасқыны жағдайы күрделене түсті. Небәрі оншақты күнде еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. 12 сәуірдегі ресми ақпаратқа сәйкес Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 471 жеке тұрғын үй, 433 аула аумағы су астында қалды. Су тасқыны басталғалы 97 636 адам, оның ішінде 32 814 бала эвакуацияланды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 181 адам, оның ішінде 3 509 бала бар. Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі 2 сәуірдегі мәлімдемесінде «су біз күтпеген жақтан келді» деді.

Министрліктің өзі күтпеген табиғи апат халықты біраз дүрбелеңге салғаны анық. Үйімен бірге жылдар бойғы еңбегі сумен шайылып ашынған тұрғындарды әлеуметтік желіден бәріміз көріп отырмыз. Ал осындай алмағайыпта балалар не істеп жатыр? Көңіл-күйі қандай? Сабақ қалай болып жатыр? 80 білім беру ұйымында оқу онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Бұл мектептердегі бала саны 8000-ға жуық. 60-қа жуық мектеп эвакуациялық пунктке айналды. 3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пунктерінде. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, қашықтан оқу үшін балалар қажетті оқу және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Біз су басқан өңірлердегі мектеп оқушыларымен хабарластық. Айбын деген атыраулық оқырманымыз әңгімесін «біз жақта жағдай күрделі» деп бастады.

«Индербор кентінде тұрамын. Су 11 метрге дейін келеді деген бейресми ақпарат бар. Әзірге эвакуациялау туралы хабар жоқ. Бірақ су деңгейі жоғарылап жатыр. Су бізден ағып Атырауға құяды, десе де, оған сенімсізбіз. Индерге қарасты ауылдар 11 метр биіктікте. Ал Индерден кейінгі ауылдарда қауіп күшті. Биіктігі – 2; – 4 жерде орналасқан. Өзім Атырау қаласында оқимын. Облыс әкімінің бұйрығымен 9 сәуірде сабақ онлайн режимге ауысты. Бұл ақпараттан кейін, демек Атырауды су басу қаупі жоғары деп болжадық. Пандемия кезінде сабақтар арнайы платформада өткен еді. Қазір Whatsapp топтар арқылы байланыстамыз. Мұғалімдер ақпаратқа сілтеме жібереді. Сол материалдарды оқып жатырмыз. Сабаққа деген ынтаны үрей жеңіп барады. Біздің кентте су сағатына 10 см жоғарылап жатыр. Су келсе бізге құйып, бізден өтіп Махамбетке, одан кейін Атырауға құяды. Атырау үшін қатты алаңдаймын, тым төменде орналасқан. Ауылымдағы жағдайды қалт жібермей бақылап отырмын. Еріктілер саны артып жатыр. 19 км-ге дейін бөгет салынды. Ауданымда 29 техника жұмыс істеп жатыр».

Су тасқынының зардабы көп тиген батысқазақстандық балалармен де сөйлестік. Соның бірі газетіміз бен Зейнолла Сәнік қоры ұйымдастырған «Тастүлек» байқауында есімі өздеріңе жақсы таныс болған Ілияс Қайсағали. Ілияс Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қошанкөл ауылынан. Казталов ауданы өзен маңында орналасқан екен. Ал Қошанкөл ауылы сол өзендердің бірі Сарөзеннің жанында. «Тасқынның алдын алу шараларының арқасында әзірге ауылым дін аман», – дейді Ілияс.

«Су көтерілгенде бәріміз үрейге бой алдырдық. Үлкендер ауылымызда 1994 жылы болған оқиға қайталанбасын деп бірден тасқынның алдын алуға кірісті. 1994 жылы да дәл осылай су көтеріліп, 2,5-3 метрге дейін ауылды су басқан. 2-3 үй суға кеткен екен. Арыға бармасам да, былтыр ғана бізге көршілес Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылы түгел суға кетіп еді. Ауыл шетінде су көтерілгенде су құйылу үшін жасалған сай бар. Ауыл әкімінің бастауымен ауылдағы ағалар күрек, қаптарын алып сайдағы бөгетті бекітті. Біздің елдімекен Ресейге тым жақын. 3 шақырымнан кейін шекара. Қазір Ресейде де су тасқыны болып жатыр. Су Ресей аумағынан келіп қала ма деп қорқып отырмыз».

Тобыл өзені де арнасынан асқанын білеміз. Қостанайдағы жағдайды Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияинтернатының оқушысы, авторымыз Әзиза Ысқақова айтып берді. «Тобыл маңындағы ауыл-аймақ суға кетті. Негізгі үш көпірдің екеуі жабық. Су тасқынының Торғай өңіріне тигізген зардабы көп. Өз үйім аманау, бірақ, үйін су алған туыстарым бар. Интернатта оқығандықтан, сабақ бірқалыпты штаттық режимде жалғасып жатыр. Тек 8 сәуірде сабақ онлайн болды. Тобыл қаласындағы мектептер онлайн форматқа ауысты. Мектептерге эвакуацияланған тұрғындар орналасқан».

Интернат демекші, тасқыннан қатты зардап шеккен аймақтағы бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге сауықтыру орталықтарына орналастырылды. Министрлік 11 сауықтыру орталығына Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 600 бала қабылданатынын айтты. Өткен аптада Батыс Қазақстаннан 80 бала Ақмола облысындағы «Жас дәурен» лагеріне орналастырылды. Сондай-ақ, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы сауықтыру лагеріне 70 бала келді. Тағы 80-ге жуық бала Талғардағы лагерьге келеді. Тасқын салдары қатты тиген өңір – Құлсары. Мұнда су тасқынымен күрес әлі де жалғасып жатыр. Біз құлсарылық оқушы Айбек Ғубайдуллинмен әңгімелестік. Оның видеоларын, Құлсарының тыныс-тіршілігіне арналған әлеуметтік желідегі парақшадан жиі байқадым. Өзі мобилограф. Дәл қазір өздерің көріп отырған суреттерді Айбек түсірген.

«Су келіп қалды дегенде қатарластарыма бұл бір әзіл сияқты көрінді. Бірақ топалаң болғанда аузымызға сөз түспей қалды, көзіміз жасқа толды. Күйзеліске түскен тұрғын көп. Меніңше, қазір сабақ қарауға ешкімнің зауқы жоқ. Мұғалімдер тапсырмалар беріп жатыр, орындап жатқан бала жоқ. Көп оқушы ата-анасымен Атырау, Опорный, Бейнеу, Ақтау, Теңіз сияқты өңірлерге кетті. Қол ұшын берем деп Құлсарыда қалған оқушылар да бар. Үйімді су алмады. Бәлкім, содан да болар, мен де ауылымнан ұзамадым».

Айбек сәл күнде мектеп бітіреді. Оның да сыныбы көпшілік сияқты соңғы қоңырауды, мерекелік іс-шараны ұйымдастыруды бастап кеткен. Тапсырыспен ленталарын алып, фото түсірілім жасап үлгеріп еді. «Біз соңғы қоңырауға киімдерімізді, вальсті дайындап қойғанбыз. Қыздар бітіру кешінің қамына кірісіп кеткен еді. Жоспарларымыздың жоққа айналғаны өкінішті. Сыныптастарымның пікірі екіге бөлінді. Бірінші топ бәрі түзеліп, соңғы қоңырау соғатынымызға сенімді. Екінші топ соңғы қоңырау, бітіру кеші болмаса да ренжімейтінін айтты. Көпшілік бітіру кеші болғанын қалайды. Бірақ бәрін мазалап жүрген – ҰБТ. Қазір біз мектеп бағдарламасынан қалып қойдық. Дайындық курсты жалғастыруға мұрша болмай жатыр. Ал біздің өңірлерге грант бөліп жатқан жоғары оқу орыны аз».

Оқушылардың алдағы емтиханға алаңдайтындай жөні бар. Қазір Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 мектеп емтихандар мен сынақтардан босатылды. Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО-да білім алушылардың білім жетістіктері мониториңі осы аптада, 15–22 сәуірде өтеді. Ал түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуден босатубосатпау әлі де талқылауды қажет ететін мәселе болып тұр.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген: Айбек ҒУБАЙДУЛЛИН

Құлсары қаласы

«Ұлан» газеті, №16
16 сәуір 2024 жыл

1541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор